Қазақстан • 18 Сәуір, 2017

Ақтөбеде судың беті қайта бастады

133 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысында тасқынның беті қайтты. Облыстық Төтен­ше жағдайлар департаменті хабар­лағандай, 15-16 сәуір­дегі жағдаймен салыс­тырғанда судың деңгейі түсе бастады.

Ақтөбеде судың беті қайта бастады

– Саяжайлардағы 579 үй мен ауланы су басып, 1 174 адам қауіпсіз жерлерге көші­ріл­ді, 69 адам құтқарылды. Адамдарды уақытша орналас­тыру бекеттерінің жетеуінде 572 адам бар, оның 159-ы бала. Оларды үш  рет тамақтан­дыру жағы ұйымдастырылған,– деді департамент бастығы Бауыржан Сыздықов. 

Облыс аумағында 13 тас­қын­ға қарсы штаб құрылып, тұр­ғындардан 1 834 өтініш түскен. Бөгет жасау үшін 4 145 текше метр инерттік ма­те­­риалдар әкелініп, 205,8 мың текше метр су айдалған. Хром­тау мен Мәртөкте Елек пен Қарғалы өзендерінің арна­сынан шығуы мүмкін деген жер­лерін бөгеу бойынша ал­дын алу жұмыстары жүргізілді.

8 сәуірден бастап өңірде күн күрт жылып, қар тез ери бастаған-ды. Қарғалы және Ақтөбе су қоймаларының су жинағыштарында әлі күн­ге дейін жердің 11-ден 21 сан­ти­метрге дейінгі тоң қабаты ерімеген. Яғни, жер бетіндегі қар мен мұз жерге сіңбей, су қоймаларға жиналуда.

16  сәуірде Ақтөбеде жергі­лікті деңгейде сипаты бар төтен­ше жағдай жариялан­ған бола­тын. Тасқынның сал­дарын жою орындары­нан көші­рілген азаматтар­дың мүлік­терін тонауға жол бермеу мақсатында 21 бекет орнатылды. Материалдық құралдарды шығаруға және уақытша орналастыру бекет­теріне жеткізуге көмек­тесу топтары жіберілді.

Сондай-ақ,  су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көр­сететін әлеуметтік комис­сия құ­рылды. Оны Ақтө­бе қаласы әкімінің орын­ба­сар­лары Ләззат Ораз­баева, Рузия Айдашева бас­қарады. Комиссия отырысы кезін­де ортақ есепшот ашыл­­ды. Ақтөбедегі іскер әйел­дер қауымы көмектесуге да­йын. Ал «Нұр Отан» партия­сы­ның мүшелері бір күндік жалақыны аударуға үндеу тас­тады. Комиссияның негіз­гі жұмысы су тартылып, сая­жай­дағы үй­лерге кіру мүмкін­дігі беріл­ген кезде жанданады. Әзірге, заттай, қаржылай көмек бір жерге жиналады.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ

Соңғы жаңалықтар