Қазақстан • 18 Сәуір, 2017

«Қазбриг» – бітімгерлік миссиясына дайын

264 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде әлемдік татулық пен тұрақтылықты қолдау мақсатында құрылған Бітімгерлік батальонының жұмысымен танысу мақсатында Мәжілістің бір топ депутаты ат басын Алматыға бұрды.

«Қазбриг» – бітімгерлік миссиясына дайын

Парламент Мәжі­лісінің Халықаралық істер, қор­ғаныс және қауіпсіздік комитетінің төр­ағасы Мәулен Әшімбаев бастаған мәжілісмендер алдымен «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» оқыту орта­лы­ғында болып, «Бітімгершілік кон­тин­гентті дайындау және «Қазақстан Рес­публикасының бітімгершілік іс-шаралары туралы» Заңның іске асырылу барысы» тақырыбы бойынша отырыс өткізді. Мәжіліс депутаттары, Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамы өкілдері қатысқан бұл көшпелі отырыс Қарулы Күштердің 25 жылдығы қарсаңында өткізілгенін айта кету керек. 

Алқалы жиында еліміздің 2017-2018 жыл­дардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүше­лігіндегі басымдықтары мен бітімгершілік мақсатта атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде әңгіме өрбіді. Әскери медицина, мина­дан тазарту және радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс орталықтары­ның командирлері Руслан Исеев, Рафик Аж­галиев, Бақыт Абдуллаев арнайы баян­дама жасап, қарапайым халыққа гуманитарлық көмек көрсету, соғыс алаңдарын минадан тазарту сияқты соғыс жағдайындағы тактикалық іс-қимылдар, сондай-ақ, әскери қызметкерлерге шет тілдерін қарқынды әрі жедел оқыту әдіс-тәсілдерімен таныстырды. Депутаттар тарапынан нақты сұрақтар қойылып, бірқатар ұсыныстар айтылды.

Бұдан кейін Десанттық-шабуылдау­шы әскерлерінің құрамына кіретін «Қазбат-1», «Қазбат-2», «Қазбат-3» аталатын үш батальоннан тұратын «Қаз­бриг» Қазақстан бітім­гершілік бригадасының жеке құрамы танысты­рыл­ды. Депутаттар 61993 әскери бө­лім­шесіне барып, заманауи қару-жарақ, техникалық база, әскерлердің так­ти­калық дайындығы және әскери бөлімнің жалпы жағдайымен танысты.

Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаровтың айтуынша, қақ­ты­ғыстан зардап шеккен, көмек пен қолдауға мұқтаж мемлекеттерге бейбіт мақсатта қолұшын созу үшін арнайы құрылған Бітімгерлік батальо­ны жыл сайын халықаралық жатты­ғу­ларға қаты­сады. Мәселен, өткен жы­лы Германияда, Ұлы­британияда өт­кен жаттығуларда әлеуетін сынап, жоғар­ғы бағаға ие болған. Теориялық және прак­тикалық дайындығы күннен күнге өсіп келе жатқан батальон қажетті жаб­дықтар – қару-жарақ, техникамен толық қамтамасыз етілген. Осы уақытқа дейін соғыс қимылдары жүріп жатқан бірнеше елде офицерлеріміз бақылаушы ретінде қатысып, жоғары деңгейдегі маман екендіктерін дәлелдеп қайтқан.

Дәстүрлі «Дала қыраны» атты халықаралық жаттығуға дайындық жүріп жатқан «Іле» оқу-жаттығу орталығында нақты қимылдарға құрыл­ған әскери дайындықтар көрсетілді. Бітім­герлік батальон кез келген жерге барып, әске­ри базаны орналастыра алады. База­ға тұт­қиылдан шабуыл жасалған жағ­дайда атқары­латын алғашқы қарсы тұру және қорғану қимыл­дары, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген әскери медициналық пункттердің жұмыс барысы, наразылық шерулерін бейбіт жолмен басу, минадан тазарту секілді күрделі жаттығулардың қандай тәртіппен орындалатыны депутаттар назарына ұсынылды. Сонымен қатар, әскери базаның әкімшілік құрамы да таныстырылып, әр бөлімнің атқаратын міндетіне жеке-жеке тоқталды.

Мұндағы сарбаздардың дені бірнеше шет тілдерін меңгерген. Саптағы сар­баз­дар­дың арасында қыздар да бар екен. Сөйтсек, заң­дық талапқа сәйкес батальонның 10 пайызы қыздардан тұратын көрінеді. Сарбаздардың арасында соғыс өрті тұтанған мемлекеттерде болып, бітімгершілік миссиясын атқарып қайтқандар да бар.

Оқу-жаттығу жұмыстарына оң баға берген Мәулен Әшімбаев:

– Соңғы жылдары Қазақстан әлемге бітімгершілік миссияларымен танымал болып жүргенін білесіздер. Атап айтсақ, Иран, Украина, Сирия мемлекеттеріндегі жағдайдың тұрақталуына барынша ықпал етіп келе жатыр. Осыдан біраз уақыт бұрын Түркия мен Ресей ара­сындағы шиеленіскен қарым-қаты­насты реттеуге де Елбасының тік­е­лей араласқаны белгілі. Қазақстан бітім­­гершілік миссиясын атқа­ру­да тек дип­ломатиялық жолмен ғана емес, керек кезінде әскери құрылымдарды да жіберуге дайын. «Қазбат» бітімгерлік батальоны осы мақсатта құрылғаны белгілі. Бүгінгі мақсатымыз да осы «Қазбаттың» дайындығын пысықтау. Көзіміз көрген­дей, біздің бітімгерлік контин­гентіміз БҰҰ аясында гумани­тарлық акцияларды жүзеге асыруға, бейбіт халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын, – деді тілшілерге берген сұхбатында.

Құрамында қос генерал Бақытжан Ертаев пен Абай Тасболатов бар депутаттар әскерилердің дайындық деңгейін жоғары бағалады. Ал бір күнге созылған сапар барысында айтылған ұсыныстар мен талап-тілектер алдағы уақытта тал­қыланбақ.

Алмас НҮСІП,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар