Шараға Канаданың Үкіметі мен Парламентінің жоғары лауазымды тұлғалары, Сыртқы істер министрлігі мен басқа да министрліктер мен ведомстволардың басшылығы, іскер топтар өкілдері, ғылым және мәдениет қайраткерлері, журналистер, Оттавада аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, сонымен қатар қазақстандық диаспораның өкілдері қатысты.
Қазақстанның Канададағы елшісі Константин Жигалов жиналғандарға А.Мұсақожаеваны таныстыра отырып, 25 жыл ішінде Қазақстан мен Канада арасында жақсы қарым-қатынас қалыптасқанын және елшілік мерейтойлық күнге арналған іс-шараларды жыл бойы өткізетінін атап өтті.
А.Мұсақожаева Сара Асабаевамен (рояль) бірге И.Брамс, П.Чайковский, М.Фалья, Т.Витали және т.б. композиторлардың әлемдік классикалық туындыларын орындады. Әрбір музыкалық шығарма Страдиваридің сиқырлы үніне бой алдырған көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.
Көрнекті қазақстандық әртіс А.Мұсақожаеваның концерті оның артынан өткен ресми қабылдауда және әлеуметтік желілерде өте жоғары бағаланды, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.