«Қазақ мемлекеті тарихына көзқарас» атты зерттеу очеркінде автор «қазақта мемлекеттілік болмаған» деген шолақ пікірлердің негізсіздігін дәлелдеп, Қазақ хандығын Ұлы даладағы өзіне дейінгі мемлекеттік құрылымдардың төл этнос атымен аталған жалғасты бітімі ретінде қарастырады. Оның қалыптасу және даму жолын айналасындағы елдер тарихымен байланыста баяндайды. Елдің тұтастығына қатер төндірген сыртқы және ішкі күрделі саяси жағдайларды талдай отырып, хандықты басқару ісінде кезең талабына сай жасалған реформаларға тоқталады.
Жазбаша тарихтағы «біртұтас хандықтың үш жүзге бөлінуі» құбылысына жаңаша көзқарас аясында ден қояды. Тәуке ханнан кейін аға хан институты пайда болғанын айтады. Аға хан әрі бас қолбасшы болған Әбілқайырдың тұлғасына қатысты деректерді саралайды. Автор ол басқарған қолдың Аңырақайдағы ірі жеңісі, жоңғар қонтайшысымен келіссөздері, башқұртпен арадағы қарым-қатынас мәселесі, орыс патшайымына елшілік жіберуі, т.б. жайттарды тілге тиек етеді. Нақты заман шындығын тарихи құжаттарды қарастыра отырып ашады. Зерттеушінің тұжырымынша, Әбілқайыр бір орталықтандырылған күшті хандық құруға ниеттенген. Оны елдің беделді адамдарының бірқатары өздерінше түсінеді. Өз қарауына алған протекторатының монархия іспетті біртұтас мемлекетке айналуын орыс патшалығы да қаламаған. Сондықтан Әбілқайырға наразы кіші хандарды, сұлтандарды, билерді өз қамқорлығына тартып, жеке-жеке ант бергізіп, елді бөлшектеуді көздейтін амалдар жасады. Әбілқайыр хан орыс әкімшілігіне қазақ хандығының тұтас сақталуға тиістігін, оны өзі арқылы басқарудың дұрыстығын мойындатты. Алайда 1736 жылғы 1 тамызда оны орыс патшайымынан бодандыққа мойынсұнғаны үшін сыйлыққа арнайы қылыш алған Барақ сұлтан өлтіріп тынды.
Сөйтіп, қазақ елін орыс империясына қосып алудың жаңа сатысы басталды. XIX ғасырдың алғашқы ширегінде арнайы шығарылған заңдар негізінде хандық құрылыстың тамырына балта шабылды. Қазақ даласын жаппай отарлау етек алды. Патшалықты құлатқан кеңестік империя кезінде де большевиктік саясат қазақтарды ұлттық қасіретке душар етті.
Қысқасы, қазақ мемлекеттігінің төрт ғасырлық тарихы жайында мағлұматтар дәйектелген бұл еңбекте осы мәселелер егжей-тегжейлі қарастырылған.
Б.Қойшыбаевтың «Алаш жолы» рисәләсі енген екінші кітабы да тарихи тағылымға толы кезең туралы сыр шертеді.
Автор кітабының алғысөзінде рисәләні құрайтын туындыларды қандай да бір әдеби жанрға жіктемей, әр шығарманы өзінше бір этюд деп санайтынын білдіреді. Рисәләнің әр заманғы араб, парсы, түркі қарасөзінің өзіндік жанрының атауына айналғанын айта отырып, сол пішінді жаңғыртуға бел байлаған.
Рисәлә Ресей империясындағы революциялық және жалпы мұсылмандық қозғалыстармен астаса дамыған қазақ ұлт-азаттық қозғалысының тууын және оның Алашорда шаңырақ көтергенге дейінгі өрістеуін, тиісінше, елдің қоғамдық-саяси ойының дамуын көрсететін тарихи-танымдық он этюдтен тұрады. Аталған кітапқа солардың үшеуі енген.
Рисәлә Ә.Бөкейхан, Б.Қаратаев, С.Лапин, Ж.Ақбаев, И.Гаспринский, Ә.Топчибашев, Ә.Ибрагимов, Ш.Қосшығұлов секілді тұлғалардың қайраткерлік қырларымен таныстырады. Азаттық қозғалысының бастауында тұрған жандарды көркемдік зерттеуінің нысанасы етіп алған автор олармен қоян-қолтық әрекет еткен Еркіндік, Өтеміс, т.б.кейіпкерлер бейнесін қатар сомдайды.
Сөйтіп, белгілі бір тарихи кезеңді бейнелейтін аталмыш рисәлә барша оқырманды тарих арқылы тәрбиелеу ісіне атсалысуды мақсат еткен.
Балжан ХАБДИНА,
баспа және полиграфия ісінің қайраткері