Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясынан күтер жақсылығымыз мол. Заманның ию-қиюы шығып, әлемде түрлі тосын оқиғалардың орын алып жатқанын көріп отырмыз. Араб елдерінің бірқатары отқа оранып, елі басын сауғалар жер таппай босқынға айналуда. Теңізді кесіп Еуропаға өтеміз деп кеме-қайығымен аударылып, суға кетіп жатқандары қаншама. Әсіресе, жас сәбилердің өлімі өзекті өртейді.
Тыныштықтың кепіліндей сезінетін Еуропадан да тыныштық кетті. Кешегі ТМД елдерінде де «ә» десе, «мә» деп мылтық, шоқпар ала жүгіретіндер көбейіп тұр.
Осындай жағдайда Қазақстанда тұрып жатқаныңа Аллаға мың қайтара шүкіршілік етесің. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген, сарабдал саясатының арқасында біз тағдырдың талай тезінен аман-сау өттік. Бүгінгідей бейбіт өмір сүретін дәрежеге жеттік.
Басқа да репрессияға ұшыраған халықтар сияқты чешен-ингуш жұрты өлім мен өмір арасында қатты арпалысты. Аш-жалаңаш, азап вагонында ауру тапқан халықты қазақ халқы өз туғанындай күтіп алды. Өздері қиындық көрсе де қолындағы аз дәмімен бөлісті. Біз мұны ешқашан ұмытпаймыз.
Былтыр облыстағы «Айғақ» телеарнасы (басшысы облыстық мәслихаттың депутаты Дулат Әбіш бастап) Чешенстанда болды. Өзім маңызды шаруалардан шыға алмағаныммен, түсірген хабарларын бас алмай түгел көрдім. Чешен ақсақалдары қазақ халқынан көрген қайырын айтып, көз жастарын сүртіп қояды.
Бір чешен ақсақалының зайыбы қазақ қызы Сәлима Мұхамеджанқызына барып арнайы сәлем берген екен. Ұл-қыздарының ортасында жайнаң қаққан кейуана қазақша сөйлей отырып, кейбір жайттарды чешеншелеп балаларынан сұрап қояды. Разы болдым. Түбі бір мұсылманбыз, бізде жаттық жоқ.
Валид Тағаев деген ақын ағамыз бар. Көзі көрмесе де, көкірегі ояу. Сол кісі «Қазақстанға барғанда аяқтарыңды абайлап басыңдар, өйткені ол жерде бабаларымыздың сүйегі жатыр», дейді. Рас сөз, дұрыс пікір. Чешеннің небір айтулы азаматтары Қазақстаннан қанаттанды.
Чешен-ингуш халқы басқа да халықтар сияқты Қазақстанда мәңгілік тыныштық болғанын қалайды. Елбасының саясатын бірауыздан қолдайды. Қазақстанның әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына кіруіне өз қайратымен еңбегін сіңіреді. Өйткені, Қазақстан – біздің қазіргі Отанымыз.
Хасан Бациев,
Оңтүстік Қазақстан облыстық чешен-ингуш этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары, облыстық Ассамблея жанындағы медиация кабинетінің меңгерушісі
Оңтүстік Қазақстан облысы