Әлем • 19 Сәуір, 2017

Жапония мәдени мұраны ерекше қадірлейді

433 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кез келген мемлекеттің даму бастауында тұрған құндылықтың бірі, әлбетте, ежелгі заманнан келе жатқан мәдени мұрасы екені сөзсіз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді жинастыруымыз керек» деген болатын.

Жапония мәдени мұраны ерекше қадірлейді

Мәдени мұраны сақтап, қорғау әр адамның парызы. Осы орайда, өзге елдердің мәдени мұра­ны сақтау қағидаттары қан­дай деген сұраққа жауап алу мақсатында Күншығыс еліне мойын бұрған едік. Жапония көне тарихи ескерткіштерді сақ­тау мен қалпына келтіруде ай­рықша технологияларға ие мемлекет екені мәлім. 2001 жылдың ақпан айында Қазақстанның Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов «Күлтегін» тарихи ескерткішінің көшірмесін жасату жөнінде келіс­сөздер жүргізу үшін Жапо­нияға арнайы сапармен барып, сол жыл­дың мамыр айында ескерткіш көшірмесі дайын бо­лып, Астанаға жеткізілгені белгілі. Ежелгі құнды дүниелерді сақ­таудың ерекше технологияларына қол жеткізген Жапонияның тәжі­рибесі назар аударуға тұрар­лық.

Сауалдама нәтижесінде белгілі болғандай, жапондардың 67 пайыз­ы көне ғибадатханалар мен өзге де тарихи ескерткіштерге үлкен мән беріп, мәдени мұра­лардың сақталуына зор көңіл бөледі. Жапонияда көне дәуір ескерт­кіштерін қорғау мен сақтауға жылына миллиардтаған иен бөлінеді. Оның үштен бірі мәдени мұраны сақтауға, төрттен бірі музейлерге жұмсалады. Елдің барлық 47 префектурасында мәдени мұраны сақтауға бағытталған өңірлік нормативтік құжаттар қабылданған. Сондай-ақ, бұл елде компаниялар мәдени мұраны сақтайтын мекемелерге қайырымдылық көмек ретінде қаржы бөлсе, кірісінің 25 пайызына дейін салықтан босатылады.

Жапонияда Мәдениет істері жөніндегі агенттікте арнайы кеңес құрылған. Бұл кеңестің мәдени нысандар жөніндегі бөлімінде бес зерттеу комиссиясы жұмыс істейді. Мәдениет істері жөніндегі кеңес мәдениет істерін басқару бойынша зерттеулер жүргізеді. Бұл құзырлы органның басты мақсаты – мәдениетті бағалайтын қоғам құру. Күншығыс елінде аса маңызды мәдени мұра ретінде 2250 нысан тіркелген. Бір қызығы, алтынмен апталып, әдемі оюлармен безендірілген ғимараттардың 90 пайызы ағаштан тұрғызылған. Ән, би, қолөнер, т.б. материалдық емес мәдени мұраларды қорғау ісі де арнайы ережелерге сәйкес жүргізіледі.

Мұнда археологиялық нысандар ерекше қорғалады. Бұл салада 15 мыңдай адам жұ­мыс істейді. 2016 жылғы есеп бойынша, Жапонияның 20 ескерткіші ЮНЕСКО-ның дүние­жүзілік мәдени нысандар тізіміне кірген. Оның 16-сы мәдени мұра болса, табиғи нысан төртеу екен. Хоурюдзидегі Будда ескерткіштері, Химэдзи ғиба­датханасы, Ицукушима сарайы, Никко ғибадатханасы мен Батыс өнерінің Ұлттық музейі адамзат шығармашылығының шедеврлері ретінде танылған. Жапонияның Якушима аралы табиғи сұлулығымен дара аймақ ретінде тіркелген. Тағы он нысан әлемдік мұралар тізіміне кіруге лайық мұра ретінде кезекте тұр.

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА