– Азамат Бауыржанұлы, Қазақстан футбол федерациясы шешімімен «Атырау» футбол командасынан тоғыз ұпай алынып тасталды. Бұл спортшылардың ғана емес, жанкүйерлердің де наразылығын тудырған жағдай болды. Әңгімемізді осыдан бастасақ. Қандай шаралар қолға алынып жатыр?
– Бұл шешім, негізі ФИФА-дан келіп түсті. 2012 жылдан бері жинақталған қарыз негізгі себеп болып отыр. Мұнда мәселенің бәрі республикалық федерация шешімінде көрсетілгендей емес, біздің кінәрат-талабымыз бар. Заңгерлер халықаралық сотта біздің құқығымызды қорғайды. Бұл жағдай команданың көңіл-күйіне, ойын нәтижесіне кері әсерін тигізді. Ұпайларды кері алу үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырып жатырмыз.
– Жалпы, аймақтағы спорттық нысандардың хал-ахуалы қандай жағдайда?
– Атырау облысында 984 спорттық нысан бар. Жыл сайын бұл сан көбейіп келеді. Мысалы, өткен жылы Құрманғазы ауданының Шортанбай, Байда ауылдарында, Атырау қаласының маңындағы Қызылбалық, Ақжар елді мекендерінде жаңа спорт кешендері пайдалануға берілді. Облыс орталығында теннис корты ашылды.
Негізі, өңірде спортымыз өрге жылжып келеді. Атырау спортында тоқырау жоқ деп сеніммен айтуға болады.
– Алайда, сол теннис орталығы салтанатты түрде ашылғанымен, бүгінге дейін жұмысын бастамай тұр. Бұған не себеп?
– Бұрын Атырауда үлкен теннис ойнайтын орын болмады. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай жаңа спорт нысаны бой көтерді. Кешенде сегіз корт бар, оны 300 көрермен бір сәтте тамашалай алады. Қазір тиісті рәсімдер жүргізіліп, құжаттар жасақталып жатыр. Бір айдан кейін нысан облыстық басқарма балансына беріледі, жұмыс та сол кезде басталады.
– Байдарка және каноэ есу спорты елімізде тұңғыш рет Атырауда ашылған еді. Қазір бұл спорт түрі елеусіздеу қалып барады. Республикалық сайыстар өтпейтін болды, жақсы спортшылар кетіп қалды, құрал-жабдықтар жаңартылмаған...
– Иә, олимпиялық спорт түрін дамыту күн тәртібіндегі маңызды мәселе. Бұл бағытта да біраз жұмыстарды қолға алып жатырмыз. Қыс мезгілінде жаттығуларды үзбеу үшін бізде мүмкіндік қарастырылмаған, сондықтан ескекшілеріміз оқу-жаттығу жиындарын Ташкентте өткізуге мәжбүр.
– Биыл Жылыой ауданының Ақкиізтоғай, Шоқпартоғай ауылдарында, Жаңа Қаратон ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы аяқталады екен. Тағы қандай жаңа нысандар бой көтереді?
– Басты жаңалықтың бірі – дарынды спортшыларға арналған мектеп-интернат салынады. 300 орынға негізделген нысан құрылысы биыл басталады. 200 орындық жатақхана ауылдан келген спортшыларға арналады, қалған жүз орында облыс орталығында тұратын балалар жаттығады. Базада барлық спортпен кәсіби тұрғыда айналысуға мүмкіндік болады. Болашақта чемпиондар ордасына айналады деген үміт бар. Атырау қаласында күрес түрлеріне арналған спорттық кешеннің де құрылысы басталады. Қалаға қарасты ауылдық округтер аумағында кросс-фит және күрес түрлерімен шұғылдануға арналған жедел құрастырмалы спорттық залдар құрылысын жүргізу жоспарда бар.
– Алдағы уақытта облыс аумағында қандай жарыстар өтеді?
– 19 сәуірде таэквондодан тұңғыш рет жастар арасында Азия чемпионаты Жайық жағасында ұйымдастырылады. Еркін, грек-рим күресі, әйелдер күресінің Қазақстанның жастар ойындары, бокстан Исатай-Махамбет атындағы халықаралық жарыс, тоғызқұмалақтан жастар арасындағы ел кубогы, джиу-джитсудан республикалық жастар ойындары, дзюдодан ел чемпионаты болады. «Ақбидай» ауыл спорты ойындарының облыстық спартакиадасы да шілде айында өтеді деген жоспар бар.
Әңгімелескен
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ