Қазақстан • 19 Сәуір, 2017

Астананың жаңа вокзалынан жүретін пойыздар тізімі жасалды

285 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астананың жаңа теміржол вокзалы арқылы жүретін пойыздар тізімі бекітілді, деп хабарлады «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.

Астананың жаңа вокзалынан жүретін пойыздар тізімі жасалды

Елорданың жаңа вокзал кешені 54 пойызға қызмет көрсетеді. Оның 22-сі – «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызы, 16-сы – стандартты және тағы 16-сы – қалааралық пойыздар. 

«ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында Астанадан мына бағыттар бойынша қосымша пойыздар қатынайтын болады: «Астана-Маңғышлақ», «Астана-Атырау», «Астана-Шымкент», «Астана-Қостанай», «Маңғышлақ-Астана», «Тараз-Астана», «Орал-Астана», «Қарағанды-Астана». 

«Қазіргі уақытта Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп жаңа вокзалға дейін қоғамдық көліктерді, сонымен бірге жүрдек бағдарларды ұйымдастыру мәселесі қарастырылу үстінде». 

Айта кетерлігі, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі 10 маусымда басталып, 10 қыркүйекте аяқталатын болады. Көрмеге 2 миллионнан астам адам келеді деп күтілуде. Олар көрмені кемінде екі рет аралайды деп жоспарланған. Жалпы көрмені тамашалаушылардың 85 пайызын Қазақстан азаматтары, ал қалған 15 пайызын шетелдіктер құрайды. Шетелдік қонақтардың басым бөлігі ТМД елдері мен Қытайдан келетіні күтілуде. Қазіргі уақытта 112 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым ЭКСПО көрмесіне қатысатындығын ресми түрде растап отыр.   

Осы жылдың наурыз айында Мәжілістің бұрынғы депутаты Тәңірберген Бердіоңғаров өзінің блогында жаңа теміржол вокзалының құрылыс барысы түсірілген видеоны жариялаған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар