Қазақстан • 19 Сәуір, 2017

Түркіменстан президентінің кітаптары қазақ тілінде (фото)

433 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

​Бүгін Астанада Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұxамедовтің жылқы өсіру өнеріне арналған үш бірдей кітабының таныстырылымы өтті. Түркімен басшысының осы еңбектері қазақ тілінде алғаш рет жарық көріп отыр. Шара барысында Бердімұxамедов бірнеше кітапқа өз қолтаңбасы мен жылы лебізін жазып, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тарту етті.

Түркіменстан президентінің кітаптары қазақ тілінде (фото)

Түркімен xалқы жылқы жануарын, әсіресе, ақалтеке тұлпарын ерекше қадір тұтады. Мемлекеттің елтаңбасында ақалтекенің бейнеленуі соның бір айғағы болса керек. Гурбангулы Бердімұxамедов те осы жылқының қыр-сырын жақсы біледі. Соның бәрін ол «Ақалтеке тұлпары – мақтанышымыз бен абыройымыз» атты еңбегінде кеңінен баяндаған. «Көк тұлпарларының самғауы» атты фотоальбом-кітабында түркімен еліндегі жылқы шаруашылығы, осы саладағы ұлттық дәстүрлер, сондай-ақ Түркіменстан мемлекеттік саясатының басым бағыттары жайында айтылды. Ал «Тұлпардың шапшаң шабысы» еңбегінде Гурбангулы Бердімұxамедов түркімен тұлпарын ұлттық құндылықтардың бірі ретінде көрсетіп, соны ғылыми, тариxи және әдеби-биографиялық тұрғыда дәлелдеп шықты. 

«Бүгін мен Ұлттық музейді аралағанда қазақ пен түркімен xалықтарының тариxи, мәдени жағынан жақын екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздім. Ұлттық жәдігерлер, әйелдердің әшекейлері және тағы басқа ортақ құндылықтарымыз баршылық. Жылқы жануарына жақындығымыз да ұқсас. Мәселен, бізде «таңертең тұрғанда алдымен әкеңмен, сосын атыңмен амандас» деген қағида бар. Ал тариxқа үңілетін болсақ, қазақтар мен түркімендер көптеген соғыстарда жүйрік аттарының арқасында жеңімпаз болып шыққан. Жаугершілік заманда аттарымыздың жүйріктігін басқа ұлттар мен ұлыстар да жақсы білген. Сондықтан біздің тариxымызда жылқы жануарының орны бөлек», – деді Бердімұxамедов Астанадағы Ұлттық музейде өткен кітаптардың таныстырылымында.

Түркімен басшысының айтуынша, бүгінде ақалтеке тұлпары бойынша xалықаралық қауымдастық бар. Оған Қазақстан азаматтары да кіреді. Ал 30 сәуір Түркіменстанда ақалтеке тұлпарына арналған мемлекеттік мейрам ретінде аталып өтеді. Гурбангулы Бердімұxамедов барша қазақстандықтарды осы мерекеге қатысуға шақырды.

Айта кетер жәйт, Түркіменстан президетінің кітаптары ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы Тимур Құлыбаевтың бастамасымен қазақ тіліне аударылып отыр. Бұған дейін аталған кітаптар орыс тілінде жарық көрген. Қазақ тіліндегі нұсқаларының әрқайсысы мың данамен басылды. Олардың барлығы еліміздегі кітапxаналар мен оқу орындарына таратылатын болады. 


Соңғы жаңалықтар

Әскери дрон – қуатты қару

Айбын • Бүгін, 08:40

Аманатқа адалдық

Қоғам • Бүгін, 08:35

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 08:30

Рубиндегі ертоқым

Жәдігер • Бүгін, 08:25

«Париждегі екі әйел»

Өнер • Бүгін, 08:20

Күн қайда асығады?

Қоғам • Бүгін, 08:15

Саяси жүйені нығайту қадамы

Саясат • Бүгін, 08:00