Қазақстан • 19 Сәуір, 2017

​Өткен жылы колледж түлектерінің 79,2%-ы жұмысқа орналасқан

153 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қолдарында сол саланың маманы екені туралы сертификат болса да, жұмысқа тұра алмай жүргендер бар. Олар көбіне жұмыс берушілердің сынағынан өте алмай қалады, себеп біреу: біліктілігі талапқа сай емес.

​Өткен жылы колледж түлектерінің 79,2%-ы жұмысқа орналасқан

Мұны облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Шпанов жұмыспен қамту орталықтарының әр жұмыссыздың түйіндемесін жете зерделемейтінімен де байланыстырады. Мысалы, жауапкершілігі шектеулі «ККТС» серіктестігі Құрманғазы, Жылыой, Исатай аудандарына 47 электр маманына сұраныс берген, алайда жұмыссыз ретінде 20 электр тіркеліп тұрғанына қарамастан, мекемеге түйіндеме жіберілмепті. Жұмыспен қамту орталықтарына хабарласқан 6 462 адамның 38,8 пайызы тұрақты қызметке орналасқан. Мақат, Құрманғазы, Махамбет аудандарында бұл бағыттағы шаралар әлі де жетілдіруді қажет етеді. 

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» жүзеге асырудың жай-жапсары облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте айтылды. Техникалық және кәсіптік біліммен, қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтасыз ету туралы баяндаған облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауова аймақтағы 25 орта арнаулы оқу орындарында 74 мамандық, 145 біліктілік бойынша оқу үдерісі ұйымдастырылғанынан хабардар етті. Олардағы 17,4 мың студенттің 7,5 мыңы мемлекеттік тапсырыс негізінде оқиды. Өткен оқу жылында колледж бітірген түлектердің 79,2 пайызы жұмысқа орналасқан.

Жиында халықты жұмыспен қамту, еңбек нарығын дамыту, отандық және шетелдік компанияларда жалпыға ортақ заңдылықтарды сақтау, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жайында да айтылды.

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ