Қазақстан • 20 Сәуір, 2017

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

166 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің бірқатар аймағының елді мекендерінде тұрғын жайларды су басып, кей жерлерде тасқын су жайылу қаупі туындағаны белгілі. Үкімет пен тиісті құрылымдардың төтенше жағдайдың зардабын азайту мақсатымен атқарып жатқан шұғыл шаралары нәтижесінде қауіптің беті бірте-бірте қайтып келеді. Облыстардағы құзырлы мекемелер барлық мүмкіндіктерді қарастыра отырып, ахуалдың тұрақтануын қатаң бақылауға алуда. Арнайы штабтар құрылып, тасқын салдарын жою, уақытша көшірілген халыққа жан-жақты көмек көрсету, қажеттіліктерін қамтамасыз ету жұмыстары ұйымдастырылуда. Оның бәрін Үкімет пен жергілікті әкімдер жіті қадағалап отыр. Аймақтардан келіп түскен ақпараттарға қарағанда, барлық ұйымдастыру жұмыстары тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл орайда, еліміздің басқа өңірлеріндегі халық та бейжай қалмай, тасқын судан зардап шеккен ағайынға қолдан келген көмегін көрсетуге жұмылып жатқанын атап өткен жөн.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев елордадағы су тасқыны қаупі толық бақылауда екендігін мәлімдеді. 

Шаһар басшысы қала әкімдігінде Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары коми­теті өкілдерінің, Сәтбаев атын­дағы қалалық канал бас­шылығы мен басқа да арнайы қызмет өкілдерінің қатысуымен арнайы баспасөз мәслихаты өткенін еске алып, шара аясын­да мамандар Астана су қой­масында қалыптасқан жағдайды түсіндіргенін тілге тиек етті.

Толассыз жауған жаңбырға байланысты Есіл өзеніне 13-15 сәуір күндері 340 млн текше метр көлемде су қосылған. Қазгидромет орталығының мамандары 100-160 млн текше метр көлемінде су келеді деп болжаған болатын. Алай­да, күннің күрт жылынуына байланысты қардың еруі де жылдамдаған. Осы себепті, тасқын су қоры күткен көлемнен мол болған.

Қазір Астана су қойма­сы­на келіп жатқан судың көлемі секундына 150-200 текше метрді құрап отыр. Оның барлығын су қоймасында сақтап қалу мүмкіндігі бар. Жалпы, Астана су қоймасының сыйымдылығы 410 млн текше метр болса, ол жерде бүгінде 385 миллион текше метр су толтырылған. Яғни, тағы 25 млн текше метр су сыйымдылығы бар деген сөз. Бүгінде жағдай бақылауда. Астана қаласында су тасқынына қарсы жедел штаб жұмыс істеуде және олар кешенді жоспарын, тиісті жұмыс­тарын жүзеге асыруда.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

АСТАНА