Медицина • 20 Сәуір, 2017

Әрқайсымыз атсалысуымыз керек

371 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кемеңгер ата-бабамыз «Мың жылдығыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле», деп ұлағатты да маңызды өсиет қалдырса, ХХ ғасырдың заңғар жазушысы М.Әуезовтің: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген кемел ойынан адам өміріндегі ең ұлық, ең мағыналы іс ұрпақ тәрбиесі екені аңғарылады. Сондықтан Мәңгілік Елдің өскелең ұрпағын қайсар да қайраткер етіп тәрбиелеу үшін оларды ізгілікке баулып, сапалы білім берумен қоса, іскерліктің озық тәжірибесі мен жаңашыл жолын үйрету – заман сұранысы.

Әрқайсымыз атсалысуымыз керек

Қазақ деген қасиетті халық­қа тән ұлттық үрдісті ұлық­тау қажет­тілігін Елбасы «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты мақа­ласында: «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды», деп көрегендікпен дәл айта білген. Әлемдік үрдістен оқшау өмір сүре алмайтындықтан, өзгеріп жатқан дүниеге орай, жан-жақты болу – уақыт талабы. Ұр­пақтарымызды дәстүрлі құн­ды­лықтармен сусындатып, өрке­ниет көшінен қалдырмай, бүгін­гі бәсекелі кезеңнің қатаң талап­тарына сай тәрбиелеу үшін сананың саралығы қажет.

Ел мен ұлтқа, қоғам мен отбасына тұлға болатын қайраткер­лерді қалыптастыру – ұлттық жаңашыл тәрбиемен, ізденімпаз еңбекқорлықпен, өлшеусіз тер төгумен келетін жеңіс. Иісі қазақтың қазіргі басты міндеті – ұрпақтарын отбасында ұлттық рухта тәрбиелеп, құрыштай шынық­тыру. Сондықтан жас ұр­пақ­қа білім ғана емес, саналы тәрбие беруге ден қойып, жан­қияр­лықпен күресу – әрбір есті азаматтың парызы.

Елбасы: «Мен қазақ­стан­дық­­тардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кер­тартпа тұстарынан бас тарту керек», деп ұлттық санамызды қай­та жаңғыртып, қазақтың тағ­дырын алдыңғы орынға шыға­рып, кезек күттірмейтін ұлттық құн­­ды­лық­тарды ұлықтауға үндей­ді.

Кісілік ниет, адал ықылас болса, күрмеуі қиын, күрделі түйін­ді шешудің де жолы бар. Қазақ халқы – Ұлы Даланың ұлық мұра­гер­­лері! Сондықтан пайдасыз даң­ғаза­лықтан бас тартып, ұрпағы­мыз­дың жарқын келешегі үшін ұлағаты зор, нәтижесі мол істерді ыж­да­ғаттылықпен жүзеге асыра­тын кезеңде бойкүйездік пен самар­қаулыққа жол беруге болмайды.

Ортаймайтын қазына – иманды, көргенді ұрпақ. Дәстүрге адал, парыз бен қарыздың салма­ғын, құн­ды­лықтардың құнын білетін жасам­паз ұрпақ тәрбие­леу – хал­қы­мыздың келешегіне қызмет ету деген сөз. «...өзгелер­дің тәжірибесін алып, ең озық жетіс­тіктерін бойға сіңіру мүм­кіндігі. Азиядағы екі ұлы держава – Жапония мен Қы­тай­­дың бүгінгі келбеті – осы мүм­кіндіктерді тиімді пай­даланудың нағыз үлгісі»,  деген Елбасы өз­геге көзсіз еліктеуді емес, «өзге­лер­дің ең озық жетістіктерін бойға сіңіру» қажеттілігін айта оты­рып, санамызды жаңғыртып, уақыт көшінен қалып кетпеуді меңзейді.

Ендігі ұлы мақсат – иманды да еңбекқор халқы бар, бәсекеге қабілетті, экономикасы дамыған, тегеурінді мемлекет қана ешкімге дес бермейтінін ұрпақ санасына құйып, ұлттық құндылықтармен құнарландыру.

Адами абзал қасиеттер туралы өлмес ойлар айтқан ұлы Абай: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» десе, Мұстафа Шоқай «ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігінің болуы мүмкін емес» деген қанатты қағидаларымен асқақ рухты ұрпақ қана ел келешегінің кепілі бола алатынын меңзейді.

Қайсар бабаларымыздың ғасырлар бойғы күресімен келген еліміздің басты құндылығы тәуелсіздікті баянды ету, ұрпа­ғы­мыздың санасына рухани құндылықтардың баға жетпес қасиетін сіңіру – еліміздегі әрбір азаматтың парасатты парызы.

Елбасының  «Мен халқым­ның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзіл­меген ұлт­тық салт-дәстүр­лерін алдағы өркендеудің бе­рік діңі ете оты­рып, әрбір қадамын нық басуын, бо­ла­шаққа сенім­мен бет алуын қалаймын», деген рия­сыз ықы­ласын жастарға  түсіндіріп, өскелең ұр­пақ­тың санасына ұлт­тық құндылықтарды терең сі­ңі­руге әрқайсымыз атсалысуымыз керек.

Бақытжан Ертаев,

Парламент Мәжілісінің депутаты


Соңғы жаңалықтар