Медицина • 20 Сәуір, 2017

Қазақстанның таңдауы

226 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы биліктің жаңа идеологиялық тұғырнама қалып­тас­тыруға бет алуының нышаны. Бұл тұжы­рымдаманың негізінде жаңа заман ағымына сәйкес өзгеруге дайын болу идеясы жатыр.

Қазақстанның таңдауы

Бізде көп уақыт бойы дамыған елдердің қатарына кіру тек эконо­микалық даму мен жаңа техно­логия­лар арқылы жүзеге асады деген шолақ түсі­нік болды. Яғни, біз бай болсақ және техно­логияларды пайдалансақ, алдыңғы қатарлы елге айналамыз деген ойға басымдылық беріліп келді. Алайда, дамудың ең бірінші алғышарты – бұл мәдениет пен құндылықтардың оңтайлы өзгеруі. Жаңаша ойлау болмаса, даму да болмайтындығы біздің және айналамыздағы көршілеріміздің тәжірибесі көрсетіп отыр.

Қазақ қоғамында соңғы 10-15 жылдар ішінде күрделі өзгерістер орын алды. Әл-ауқаттың артуы және қала халқының көбеюі жаңаша ойлайтын әлеуметтік топтың пайда болуына алып келді. Дәл осы топ үшін Президенттің мақаласында айтылған прагматизм, бәсекеге қабілеттілік, ашықтық секілді құндылықтар маңызды болып табылады. Олар – жақсы білім алған, бірнеше тіл білетін, өз дәстүрімен қатар заманауи өмір салтын ұстанатын жаңа қазақ­тар буыны. Және бір ерек­шелік, бұлар елдегі қоғам­дық-саяси өмірге ықпал етуге мүдделі белсенді топ. Биліктің жаңа идеоло­гияны дамытуы арқылы дәл осы топқа сүйенуіне мүмкіндігі бар.

Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде әр мемлекет өзіндік ұстанымын қалыптастыру үстінде. Елбасы мақаласына сүйенсек, Қазақ­стандағы жоғары билік прогресс пен ашықтық жолын таңдап отыр. Ендігі мәселе – мақалада айтылған идеялардың саяси шындыққа айналуы.

Серік БЕЙСЕМБАЕВ,

Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы