Медицина • 20 Сәуір, 2017

Болашақтықтар бас қосты

216 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттары қауымдастығының ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын талқылауға арналған республикалық конференция өтті.

Болашақтықтар бас қосты

Іс-шараға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйым­дардың өкілдері және «Болашақ» бағдарламасының түлектері қатысты. Жиын барысында Мемлекет басшы­сының мақаласында көрсетілген білім беру сапасын арттыру, жастармен жұмыс, рухани құндылықтарды сақтау, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру және басқа да мәселелер талқыланды. Жиынға Парламент Мәжілісінің депу­таты, «Болашақ» қауымдастығы кеңесі төраға­сының міндетін атқарушы Бақ­тияр Мәкен модераторлық етті. 

Алғашқы болып сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Мемлекет басшысының барлық бастамаларын толық қолдайтынын айта келіп, қай кезде де саламатты өмір салтының орны бөлек екеніне тоқталды. «Ең бастысы, Елбасымыз кезекті рет саламатты өмір салтының маңыздылығын және қажет­ті­лігін атап отыр, – деді ол осы жөнін­де. – ХХІ ғасырда дені сау ұлт қана бәсеке­лестікке қабілетті бола ала­ды. Прези­денті­міздің «Туған жер» бағ­дарла­ма­сын әзірлеу, сондай-ақ, «Қазақ­станның қа­сиетті рухани құнды­лықтары», «Қазақ­стандағы 100 жаңа есім», «Жаңа гумани­тар­­лық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқу­лық» жо­баларын жүзеге асыруға қатыс­ты ұсы­ныстарына толық қолдау білдіреміз».

Ал ұлттық сананы жаңғырту адамды дамытудың маңызды қадамы. «Елімізде тарихи ескерткіштер өте көп, – деді ол сөзінің соңында. – Бірақ, олар әлемдік деңгейде кеңінен насихатталмай жатыр. Сондықтан Қазақстанның имиджін көтеріп, халықаралық аренада мәртебесін арттыру үшін егемен еліміздің тарихи және мәдени мұраларын таныстыруға ұмтылуымыз қажет».

Ал «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Жанболат Мелдешов еліміздің аймақтарында бола­шақтықтардың жасыл саябағын салуды ұсынды. «Еліміздің әр аймағында ағаш отырғызып, болашақтықтардың ба­ғын жабдықтауды ұсынамын, – деді ол. – Оның барлығы өзіміздің қара­жат есе­бі­нен жүзеге асырылады. Бұл саябақ­тарға ата-аналарымыз, аға-әпкелеріміз келіп демалады. Өйткені, «Болашақ» бағдар­ламасы бойынша шет елдің оқу орындарында білім алған біздер мемлекет пен халықтың есебінен оқыдық». Сон­дай-ақ, ол Президентің «Болашақ» бағдар­ла­масымен шет елдерде білім алып, елге оралған болашақтықтар балалар мен жас­тарға үлгі көрсетуі қажет екенін де ор­таға салды. «Жақсы білім өмірде табысқа жеткізетінін олар біздер арқылы білетін болады», – деді Ж.Мелдешов.

Конференцияда «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Мәнкеев, Білім және ғылым министрлігі жоғары оқудан кейінгі білім беру және халықаралық әріптестік департаменті директорының орынбасары Ақерке Абылайхан, тағы басқа да «Болашақ» бағдарламасының түлектері сөз алып, Елбасы мақаласының маңызы және мәні, ерекшеліктері жөнінде пікір білдірді.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»