Парламент • 20 Сәуір, 2017

Білім алуға қаржы жинау жүйесі талқыланды

160 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен палатаның жалпы отырысы өтіп, онда бес заң жобасына қатысты шешім қабылданып, екі мәселе қызу талқыланды. Оның бірі – «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне Мемлекеттiк бiлiм беру жинақтау жүйесi мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы болса, екіншісі «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасы) ратификациялау туралы» заң жобасы болды.

Білім алуға қаржы жинау  жүйесі талқыланды

Бiрiншi оқылымда мақұл­данған «Қазақстан Респуб­лика­сының кейбiр заңнамалық актi­лерiне мемлекеттiк бiлiм беру жинақтау жүйесi мә­селе­лерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасын таныстырған Мәжіліс депу­таты Нұртай Сабилья­нов бүгінгі таңда еліміз­дегі мемлекеттiк жи­нақ­тау салым­дарының саны 15 620-ға жетiп отырғанын алға тартты. 

«Онда жиналған қаражаттың мөлшерi 10 млрд 700 млн теңгеге жуықтайды. Мұндай салымдарда жинақталған қаражат есебiнен 300 студент арнайы оқу орындарында оқып жатқан болса, 20 студент шетелдiк оқу орындарында бiлiм алуда. Осы орайда, мемлекет төлейтiн сыйақы көлемi балаларға 5 пайыз, ал жетiм балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар немесе көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына 7 пайыздық жылдық сыйақы тағайындалады», – деді Н.Сабильянов.

Сонымен қатар, ол 2015-2016 жылдары мемлекеттiк бюджеттен салымдарға 330 млн теңге көлемiнде сыйақы төленгенін және осы мақсаттағы биылғы қаражаттың мөлшерi 566 млн теңгенi құрап отырғанын айтты. «Осылайша, ауқымды жүргі­зілген шаралардың нәтижесінде салымшылардың сенімі нығайып, саны артып келедi», – дедi ол.

Депутаттың айтуынша, 2013 жылдан берi жұмыс iстеп келе жатқан мемлекеттiк бiлiм беру жинақтау жүйесi әр азаматқа техникалық және кәсiптiк орта бiлiмнен кейiнгi, жоғары және жоғарыдан кейiнгi бiлiм беретiн қазақстандық оқу орындарында, сондай-ақ, шетелдiк оқу орындарында бiлiм алуға ақы төлеу үшiн ақшаны екiншi деңгейдегi банктердегi депозиттерде жоспарлы түрде жинақтау мүмкiндiгi берiлетін көрінеді. Сондықтан да, заң жобасында көзделген түзетулер кейбір түйінді мәселелердi шешуде өз тиімділігін көрсететіндігі сөзсіз.

Оның түсіндіруінше, ең алдымен, салымшыларды басым санатқа (көмекке мұқтаж) жатқызуды растауға уәкiлеттi орган берген мемлекеттiк органдар тiзбесiн кеңейту көзделеді. Бұл басым санатқа жататын жетiм балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар­дың, оның iшiнде кәмелет жасына толған, бiрақ 23 жастан аспаған жастардың салымдарына мемлекеттiк сыйақыны алу құқықтарын толық iске асырады. Яғни, мемлекеттiк бiлiм беру, сақтандыру жүйесiне қатысушылардың тiзбесiне Білім және ғылым министрлігінің жанындағы Балалардың құқы­ғын қорғау комитетiн енгiзу ұсынылып отыр.

Екiншiден, бiлiм беру жинақ­тау салымдарындағы ақшаға, оның iшiнде мемлекеттiк сый­ақыға тыйым салуларды және әртүрлi өндiрiп алуларды болдырмау арқылы салымдардың сақталуын қамтамасыз ету мін­деттеледі. Одан кейiн, бiлiм беру жинақтау жүйесiне қатысушы банктерге қойылатын облыс орталықтары, Астана мен Алма­ты қалалаларында банк филиал­дарының болу талабын алып тастау арқылы, осы жү­йеге қатысушы банктердiң санын көбейту ұсынылады. Міне, мұн­дай шешімдер халықтың бi­лiм беруге қатысты жинақтау са­лымын ашуға мүмкiндiгiн арт­тырып, қолайлы жағдай туғызады.

«Негізінде, бiлiм беру жи­нақтау салымдары бойынша жинақталған қаражатқа мемлекет және екiншi деңгейдегi банктер тарапынан сыйақы берiлетiндiгi өте маңызды. Бү­гiнгi күнi мемлекеттiк бiлiм беру жинақтау жүйесiнiң қажет­тiлiгi мен оған азаматтар тарапынан сұраныстардың бар екендiгiн сенiммен айтуға болады. Дегенмен, өзгерiп жат­қан жағдайларға және әртүрлi саладағы қазақстандық заңна­маның өзгеруiне байланысты осы заң жобасын әзiрлеу қажеттiгi туындады», – дедi Н.Сабильянов.

Депутаттар тарапынан оң бағасын алған келесі құжат «Қа­зақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасы) ратификациялау туралы» заң жобасы болды. Де­нсаулық сақтау министрі Ел­жан Біртанов таныстырған құжатта көрсетілгендей, аталған банк әлеуметтік медициналық сақтан­дыру жобасын қаржы­ландыруға 80 млн АҚШ доллары көлемінде 15 жылға қарыз береді. Ал бұл қаражат елімізде денсаулық сақтау қыз­метін көрсету жүйесінің қол­жетімділігін, сапасын және экономикалық тиімділігін арттыру мен денсаулыққа байланысты күрделі проблемаларды тудыратын қаржылық тәуекелдерді төмендету бағытындағы жоспар, жобаларды жүзеге асыруға жұмсалатын болады.

«Атап айтқанда, әлеуметтік медициналық сақтандырудың ұлттық жүйесін енгізуге қолдау көрсету мен медициналық көмек көрсету жүйесін нығайтуға және жобаларды басқаруға қатысты коммуникациялық стратегия құруға басымдық беріледі», – деді Е.Біртанов.

Жалпы, отырыс аясында депутаттар, сондай-ақ, «Кол­лекторлық қызмет туралы» заң жобасы мен оған ілеспе заң жобасы бойынша Сенат енгізген өзгерістермен келісті. Сонымен қатар, «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасы мен оған ілеспе заң жобасына бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімі тағайындалды.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар