Ақтауда «Достық үйі» Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, тәуелсіздіктің 25 жылдығына әзірлік аясында, 2015 жылы желтоқсанда ашылды. Маңғыстау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан ашылған «Достық үйінде» қазіргі таңда «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі орналасқан.
– Маңғыстаудағы барша ұлтты бір шаңыраққа біріктіретін «Достық үйінде» барлық жағдай жасалған. Облысымыздағы этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйы-
мының мүшелеріне арналған арнайы кабинеттер ашылды. Кабинеттер заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Маңғыстау облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының ашылу тарихы мен этномәдени бірлестіктердің қызметі туралы музей жасақталды. Музейде 21 ұлттың мәдени мұрасы мен өлкемізде бірлік пен татулықты, достық пен ынтымақтастықты насихаттап, дамытуға қомақты үлес қосқан қоғам қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығы туралы ақпараттар қойылған, – дейді Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Г.Исмурзина.
Өмірде орын алмай тұрмайтын күрделі жағдайларды шешуге атсалысып-араласуды да Достық үйі назардан тыс қалдырған жоқ. Мұнда сотқа дейінгі дау-жанжалды шешу және халыққа құқықтық, әлеуметтік кеңес беру мақсатында, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар үшін Медиация орталығына арналған арнайы бөлме қызмет атқарады. Қызметтердің жеделдігін арттыру үшін «Шұғыл желі» телефоны қондырылды. Кең әрі күрделі жөндеуден өткен ғимаратта 500 адамға арналған концерттік зал, 50 адамға арналған мәжіліс залы және кітапхана қызмет атқарады.
«Достық үйі» Елбасының бастамаларын жүзеге асыруға қолдау көрсету, ұлттар арасындағы татулықты нығайту, жастарға ұлағатты тәлім-тәрбие беру, жергілікті жердің тарихы мен мәдениетін насихаттау бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүзеге асырып келеді. Мекеменің арнайы бекітілген іс - шаралар жоспарына сәйкес, кең көлемді акциялар мен мәдени шаралар, дөңгелек үстел мен семинар-тренингтер, тақырыпты басқосулар жиі ұйымдастырылады. Әр сенбі сайын өтетін «Бейбітшілік және бірлік сабағы» атты ашық сабағы Ақтау қаласындағы мектептер арасында зор қызығушылыққа ие болды. Ашық сабақ кезінде оқушылар үшін «Достық үйіне» саяхат ұйымдастырылып, Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы бейнероликтер көрсетіліп, оқушылар арасында интеллектуалды ойындар өткізіледі. Корей және татар этномәдени бірлестіктерінің «Жексенбілік мектебі» әр аптаның сенбі, жексенбі күндері «Достық үйінің» кең дәлізін қызу тірлікке толтырады.
«Жексенбілік мектеп» сабақтарында қатысушыларға мемлекеттік тіл мен ана тілдерін оқып үйрену мүмкіндіктері қарастырылып, қолөнер, ән айту үйірмелерінің шаралары жоспарланған. Сондай-ақ, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануы мақсатында актерлық және шешендік шеберлікті дамытуға арналған үйірме ашылды. Қазіргі таңда аталған үйірмеге жоғары сынып оқушылары мен студенттер қатысады. Әртүрлі ұлттың өкілдері репертуарына өздерінің ән-билері енгізілген концерт қойып, еліміздегі достық пен татулықты насихаттап, бір шаңырақ астында бір үйдің баласындай өмір сүріп келеді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы