Үш қабатты, сәулетті сарайда бүгінде Батыс Қазақстан облысындағы 16 этномәдени бірлестік орналасқан. Олардан басқа, Ассамблеяның жастар қанаты мен облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің кабинеті бар. Сонымен қатар, 150 орындық концерт залы, 80 орындық мәжіліс залы бір жыл ішінде талай-талай ізгі шараның өтуіне куә болды. Жақсы жабдықталған медиация кабинеті де келушілерге пайдалы қызмет көрсетіп келеді.
Бұлардан басқа, екі дайындық кабинеті мен хореография залы, үш тілді үйрету сыныбы бар. Киім сақтау, бет әрлеу жеке орындары да жұмыс істейді. Аталған ғимаратта мүмкіндігі шектеулі адамдарға да барлық жағдай жасалған. Пандустар мен жеделсаты орнатылған. Соңғы үлгімен жабдықталған дыбыс жазу студиясы мен дыбыс режиссерінің орындары және жарық түсіру кабинетінің қызметі де ұсынылған. Үлкенді-кішілі 143 бөлмеден тұратын «Достық үйін» атына заты сай ынтымақтың ұясы деуге әбден болады.
Статистикаға қарасақ, Батыс Қазақстан облысында 90 ұлт пен ұлыстың өкілі тату-тәтті тұрмыс кешіп жатыр. Өңірде барлығы 50-дей этномәдени бірлестік болса, соның 16-сы облыс орта-
лығында шоғырланған.
Әңгіменің реті келіп тұрғанда, дәл осы 16-ның атын атап, түсін түстей кеткенді жөн көріп отырмыз: бауырлас әзербайжан халқының «Бірлік» атты ұйымы әу баста 1992 жылы құрылған екен. Батыс Қазақстан облысында 1504 әзербайжан тұрады, оның 1109-ы Орал қаласында. Әзербайжандардың жаппай қазақ жеріне қоныс аударуы 1930-жылдарғы саяси қуғын-сүргін кезінде болыпты. Наджаф Мамедов басқаратын «Бірлік» орталығы бүгінде қонақжай қазақ жерінің гүлденіп дамуы үшін үлес қосуда.
Батыс Қазақстан облыстық «Масис» армян этномәдени қоғамдық бірлестігі 1995 жылы дүниеге келген «Ковчег-Тапан» қоғамынан бастау алады. Бүгінде «Айдана» атты жол-құрылыс компаниясын басқарып отырған белгілі кәсіпкер, Орал қалалық мәслихатының депутаты Аветик Амирханян өңірдегі 500-ге жуық армян ұлты өкілдерінің басын қосып, «Қазақстан» атты ортақ шаңырақтың ырысы мен ынтымағын жарастырып келеді.
«Грамада» беларус этномәдени бірлестігі 2007 жылы құрылған. Өз ұлтының ұлы дәстүрлерін жаңғыртып, туған тілін үйрену үшін бас қосқан беларустар да «Достық үйінің» тең дәрежелі «тұрғындарының» бірі. Бұл орталықтың жұмысына Дариян ауылында құрылған «Сябры» беларус фольклор ансамблі ерекше атсалысады. Сөйтіп, өңірде тұрып жатқан 2 мыңға жуық беларус өкілдерінің үні де Ақжайықтың аспанында қа-лықтап тұр деуге болады.
«Республикалық дүнген мәдени орталығы» Батыс Қазақстан облысы бойынша қоғамдық бірлестігінің филиалы осыдан он жыл бұрын, 2007 жылдың 22 тамызында тіркелген екен. Саны аз болса да ұйымшылдығымен талай тағылымды шараларға ұйытқы болып жүрген ұжымның бірі.
«Әдебиет салоны», «Тарих клубы», «Кітапхана» секілді сан түрлі үйірмелерді үздіксіз жүргізіп, ағартушылық қырымен танымал болған «Ламед» Батыс Қазақстан облыстық еврей этномәдени қоғамдық бірлестігін Ольга Дергачева басқарады.
«Еділ-Жайық қазақтары қауымдастығы» атты ұйымның дүниеге келгеніне биыл 20 жылдың жүзі болыпты. Тәуелсіздіктің таңсәрісінде, 1990-жылдары қазақ жерін талан-таражға салғысы келетін сепаратистік ағымдарға қарсы құрылған патриоттық топ бүгінде байсалды қалыпқа түсіп, ел иесі, жер иесі ретінде салиқалы сөз айтатын салмақты ұйымға айналған.
Ақжайық өңірінде аты белгілі қоғамдық қозғалыстардың бірі – Орал казачествосы. Батыс Қазақстан облысы Ассамблеясында казак ұйымдарының атынан БҚО «Орал-Яик казактары» қоғамдық бірлестігі, «Жайық Орал казактары одағы» қоғамдық бірлестігі және БҚО «ЯИК» қоғамдық бірлестігінің фольклорлық-этнографиялық казак орталығы мандат алған. Бұлардан бөлек, «Орыс мәдениеті орталығы» БҚО қоғамдық бірлестігі тағы бар. Бірнеше ғасырдан бері өңірдің өз тұрғынына айналған орыстар ең көпсанды диаспора саналады. Облыс бойынша орыстардың саны 129 982 болса, Орал қаласында 88 940 екен.
Батыс Қазақстан облысында 928 корей тұрады, оның 674-і Орал қаласында шоғырланған. 1990 жылы Корей мәдениет орталығы ретінде құрылған ұйым –Ассамблеяның ең белсенді мүшесі. Қазақ жеріне корейлердің зорлықпен көшірілгеніне 75 жыл толған 2012 жылы оралдық корейлер жиналып, «Қазақ халқына мың алғыс!» атты монумент тұрғызды.
«Хаймат» атты неміс мәдени-ағарту қоғамы Орал қаласында 1991 жылы дүниеге келген екен. Соғыстың қиын жылдары үйреніскен мекенінен депортацияға ұшырап, қазақ даласына еріксіз келген немістер де БҚО-дағы ең көп санды ұлттың бірі еді. Қазақ КСР-інің экономикасын, ауыл шаруашылығын көтеруге зор үлес қосқан неміс ағайын-
дардың есімдері ел есінде. Бүгінде дені атажұртына қоныс аударғанымен, Ақжайық өңірінде әліге дейін неміс ұлтының 1313 өкілі тұрып жатыр.
Қазақстанның батыс өңірінде аты сирек естілетін ұйғыр халқының этномәдени бірлестігі Орал қаласында 2005 жылы құрылған. Ұйымның алғашқы төрағасы Нұрахмет Мәсімов өңірге танымал беделді жан еді. Аз санды ағайындарын ұйыстырып, ұйымшыл ұжым ете білді. Бүгінде облыс орталығындағы салтанатты шараларда қызыл-жасыл киініп, әсем әуен, әдемі биімен көрерменді тәнті етіп жүрген ұйғыр этномәдени бірлестігі – Ассамблеяның тең терезелі мүшесі.
Ал украиндар Батыс Қазақстан облысының байырғы өкілдерінен саналады. Тарихшылар украиндардың қазақ топырағына қоныс аударуын бірнеше кезеңге бөледі. Бүгінде облыс аймағында 10 081 украин тұрады, оның 3 654-і Орал қаласын мекен еткен. Оралдағы украин этномәдени бірлестігі 1994 жылы 24 наурызда тіркелген екен.
«Вайнах» чешен-ингуш мәдени-ағарту қоғамы 1991 жылы құрылған. Бұл ұйымның құрылуына чешен ұлтының асыл азаматы Мұхтар Боқаев ағамыз ұйытқы болған екен. Қазақ тіліне судай, өте білімді, зиялы ағамыз чешен халқының ертегілерін қазақ тіліне аударып, кітап етіп шығарғанымен де көпшілік жадында қалды. Бүгінде облыс аумағында 600-ге жетер-жетпес чешен өкілі болса да, «Вайнах» көпұлтты кеңістігіміздің палитрасын толықтырып тұратын іргелі ұжымға айналған.
Міне, жүзі басқа – жүрегі бір, тілі басқа – тілегі бір сан түрлі ұйымның басын қосып отырған, бақ пен берекенің бесігі, ырыс пен ынтымақтың ұясы – «Достық үйінің» «тұрғындары» осындай.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ