20 Сәуір, 2017

Қайдар балуан

394 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бала күнімде әке-шешемнен ес­ті­ген бір керемет қызық әңгіме – Қай­дар балуан туралы. Батыр, балуан­дарды жақ­сы көріп өскен маған бәрі қызық. Де­сек те, алыс аңыз емес, әке-шешем ті­рідей көрген кісі тіпті жақын, қызық бо­лып көрінді.

Қайдар балуан

– Соғыстан бұрын, Бірсуатта тұра­мыз. Әбіш атамыздың бар кезі. Кен­же ағатайым (Кәрімжан атамызды әкем осылай атайтын) рабкопты басқарады. Бір күні кешке үйге бір кісіні қонаққа алып келді. Танысып, ақсақалмен әңгімелесіп отырды. Қай­дар балуан екен, ел аралап, өнер көр­се­тіп жүр екен. Балуан дегесін қы­зы­ғып қа­рай­мыз келіп, денесі ірі, сом бол­ған­ымен, он­дай толық, дәу емес!

Әкемнің осы сөзіне ой жүгіртсем, ол кездегі ауыл қазағының ұғымында балуан деген жуан, таудай болуы заң­ды. Ал Қайдар балуан ол кезде жа­ра­ған аттай, спорттық бабында болған сы­ңайлы.

− Ас ішіп, Әбіш атамызбен жап-жақ­сы әңгімелесіп отырғанда, Әбиқын кі­ріп келсін!

– Әбиқын деген орыс, пекарнидің бастығы болатын, – деп, анам Бәтима сөз­ді жалғап әкетеді. – Ұзын бойлы, дәу, жуан кісі еді.

– Оның қасында Қайдар балуан ала­салау, денесі де шағындау болып кө­рінді! Толықтығы да ондай емес!

Бала болсам да, мұның шын фамилия­сы қалай екен деп қоямын.

– Обухин ба? – деп сұраймын әке-ше­шемнен.

– Е-е, ит біліп пе оны! Әбиқын ба – Әбиқын, бітті шаруа! – дейтін әкем, бала күннен үйреншікті боп кеткен атты өзгерткісі келмей.

Сонымен, Әбиқын Қайдар балуан­ның келгенін естіп, әдейі іздеп келген кө­рінеді. Өзі дәу, қараптан қарап күші тас­ып жүретін кісі, бір сынап көрмек болған сияқты. – Кел, күресіп көрейік! – дейді Қайдар балуанға.

Қайдар балуан сол отырған күйі: – Жарайды, онда кел де, екі қолың­мен менің кеңірдегімнен қыс бар кү­шің­­мен! – дейді. Әбиқын күректей қол­дарымен Қайдарды кеңірдектен қы­сады-ай келіп. Қайдар былқ етпей оты­ра береді. Әбиқын қып-қызыл боп дол­данып, одан сайын күшін салып ба­ғады. «Болдың ба?» – дейді сол кез­де Қайдар. Әбиқын басын изейді. Сол кезд­е Қайдар бал-

уан мойнын бір жа­ғы­на шұғыл бұрып қалғанда, таудай Әбиқын анадай жерге ұшып түсті дейд­і!

– Содан, Әбиқын орнынан тұрып, біразға дейін қызараңдап отырды, – дейтін әке-шешем жарыса әңгімелеп. – Әрі-бері әңгімелесіп, шай-пай ішіп бол­ғасын кетуге айналды.

Кетерінде екеуі қол алыспай ма – бір жағы қоштасып, бір жағы достасып дегендей. Сонда, Қайдар балуан қо­лын қысып жібергенде, Әбиқынның ты­р­нағының көбесінен қаны шығып кетті дейді!

– Енді ертеңінде жиналған халыққа күшін көрсетуге шыққанда, үйдегідей емес, еңселеніп, дәу болып кетті. Бұл­шық еттері білем-білем болып бұл­тыл­дап ойнап, өзгеріп кетті! – деген әке-ше­шемнің даусы күні бүгінге дейін құ­лағымда.

Бұл әңгімені мен 1989 жылдары «Көкшетау правдасы» газетіне жа­рия­ладым, бірақ, сол мақаламды ар­хи­вімнен таба алмадым.

«Көкшетау» газетіне Қайдар балуан туралы мақала шыққаннан кейін маған бір азамат, атын ұмыттым, ке­ліп, алғыс айтты. Қайдар балуанның ұр­­пақтарымыз деді. Бір ұрпағы фото­тіл­ші болып істеді, Базарбай Бағысов. Қайдар балуан туралы бір кісілердің естелігі де шықты, үн қосу ретінде. Қа­жымұқанның жиені, силач, циркач, балуан болған дейді.

Кеңащыда тұрған керей Қажым ақсақал да Қайдар балуанды көргенін айтқаны есімде.

– Мен Қайдармын, Қайдармын, жаудың малын айдармын, қайырып қолын байлармын, – деп өлеңдетеді екен. − Қажымұқанмен нағашы, жиен болып, ойнап күрескенде, бір-бірімізді ала алмайтынбыз. Ал көп алдында кі­лем­ге шығып күрескенде ол кісі шақ кел­тірмей, ұршықтай үйіретін. Аруақ­та­нып кететін! – дейді екен.

Кеңащыда тұрған Риза Сәдуақасов ақсақал, руы қырғыз, Қайдар бал-

уанды бала күнінде көргенін қызық қылып айтатын. Ауылдарына келіп, күш өнерін көпшілікке көрсеткен екен. Кісі тола арбаны тісімен сүйреп, бірнеше кісіні ұзын сырғауылға мінгізіп, шыр айналдырған. Содан кейін шалқасынан жатып, төсіне үлкен диірмен тасты қойғызып, екі мықты жігітке темір тоқпақпен құлаштатып ұрғызғанда, біраздан соң тас қақ жарылыпты. Қайдар балуан кеткен соң, бір күшті жігіт Қайдар балуанға еліктеп, ортаға шығып: «Оның істегенін мен де іс­тей­мін!» – деп, төсіне тас қойғызып, әлгі жі­­гіттерге ұрғызыпты. Сонда, бір-екі рет салып жібергенде, тас жарылмақ тү­гілі, әлгінің өзі талықсып, жатып қа­лыпты.

Қайдар балуанның кейінгі өмірі бел­гісіз. Кешегі көшпенділердің сы­ны­ғы, тұлпарлардың тұяғы, қазағым деп еңіреп өткен алып күш, өнер ие­сі кезінде атақ-даңққа бөленіп, кей­ін­нен қандай да бір себептермен аты ұмы­тылуға айналды ма, кім білсін? Мен үшін бала күнімде естіген аңыз қым­бат, сол аңыздағыдай жалындап жүрген Қайдар балуан қашан да кө­ңіл­іме ыстық!

Баянғали ӘЛІМЖАНОВ


Соңғы жаңалықтар