Қазақстан • 20 Сәуір, 2017

Сарбаздар әскери парадқа сақадай-сай

382 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елорданың іргесіндегі 40-стансада орналасқан 68665 әскери бөлімнің аумағында қаз-қатар тізілген әскери шатырлардан, қаздай тізілген әскери техникалардан көз тұнады. Жаттығу алаңы да күн ұзақ бес қаруын сайлаған сарбаздардан босамады. Бұл жерде 7 мамыр күні Астанада өтетін ауқымды парадқа қатысу үшін еліміздің барлық өңірлеріндегі әскери бөлімдерден келген есептоптар жаттығуда.

Сарбаздар әскери парадқа сақадай-сай

Қазақстан Қарулы Күштерінің құрыл­ғанына 25 жыл толуына орай бас қалада бұрын-соңды болып көрмеген ауқымда әскери парад өтетінін бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Астананың іргесінде қос тіккен жауынгерлер осы салтанатты шеруге күн құрғатпай қызу дайындалуда. Сарбаздар салтанатты шараға әзірленіп, жер-жердегі бөлімдерден әскери техникаларды жеткізіп, олардың ақауларын жөндеп, бояп-сырлап жатыр. 

Қорғаныс министрлігі саланың қуатын өзімізге де, өзгелерге де паш ететін ауқымды шара­ға әзірлік барысын журналистерге та­ныс­тыру үшін 68665 әскери бөліміне ме­диа-сапар ұйымдастырған болатын. Бір топ журналист әскери полигон аумағына аяқ бас­қан уақытта ат шаптырым жерде 120 шатыр тігулі тұрғанын көрді. Лагерьдің шет жа­­ғын­­да тағы 12 шатырда шаруашылыққа қа­жет­­ті заттар, азық-түліктер сақталады екен.

Жауынгерлерге арналған әр шатырға  40 сарбаздан орналасқан. Сарбаздар мен курсанттар сәуір айының басынан бері мекендеп жатқан шатырларға бас сұғып көрдік. Олардың әрқайсысының ішінде 40 төсек, пеш, шаш қысқартатын, киімдерін жөндейтін бұрыш, дәрі-дәрмек салынған қораптар қойылған. Қатардағы жауынгер Берікбол Саржанов есімді жауынгердің айтуынша, кесте бойынша әр шатырларда бір жауынгер кезекшілік атқарады.

– Осы жерге келгенімізге жиырма күнге жуық уақыт болды. Жауынгерлер ең басты керектердің бәрімен жабдықталған. Кесте бойынша әр жауынгер 6 сағаттан кезекшілік атқарады. Жылы, ыңғайлы, азық-түлік жеткілікті. Бұл жерде басы артық нәрсенің қажеті де жоқ, – дейді ол.

Полковник М.Қарағұловтың айтуынша, жауынгерлер күн сайын түске дейін – 3 сағат, түстен кейін 3 сағат жаттығады. Бұл олардың саптық жаттығуларды ойдағыдай меңгеруіне, бабында болуына жеткілікті.

Лагерьдің шетінде арнайы медициналық пункт те бар. Білікті әскери дәрігерлердің айтуынша, дәрі-дәрмек жеткілікті. Қажет болған жағдайда медициналық көмек көрсетуге сақадай-сай.

Қазақстан Президенті, Қарулы Күштер­дің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Назарбаевтың тиісті Жарлығына сәйкес, әскери парадқа жұмылдырыған жауын­гер­лер жаттығуды жоспар бойынша жүр­гізуде. Сәуір айының алғашқы күнінде парад­тық есептоптар мен механикалық колонналар жергілікті бригадаға келіп жет­кен. 5 мыңнан астам адамның қатарында офи­цер­лер, келісімшарт бойынша жұмыс істей­тін әскери қызметкерлер, мерзімді әске­ри қызмет жауынгерлері, әскери оқу орын­дарының курсанттары бар.

Лагерьдегі күн тәртібініне сәйкес, сарбаздар таңғы 6:30-да ұйқыдан тұра­ды. Тазалану, киіну, таңғы ас, жаттығуға дайын­дық уақыты, тиісті қаруларын алу сағат 8:30-ға дейін аяқталады. Үш сағат жат­ты­ғудан кейін түскі ас уақыты келеді. Бір жерге шоғырланған мыңдаған адамды бір мезгілде тамақтандыру қиынға соққандықтан, түскі ас уақыты сәл ұзаққа созылады. Сағат 15:45-тен кешкі 19:30-ға дейінгі аралықта жат­тығу жұмыстары қайта жалғасады. Құр­лық әскерлері бас қолбасшысының әскери даярлық жөніндегі орынбасары, генерал-ма­йор Талғат Қой­бақов сарбаздардың жаттығу барысын өзі тікелей қадағалап, тиісінше бағалайды. Гене­рал-майордың айтуынша, есептоптар қазір­дің өзінде біршама жақсы нәтижеге қол жеткізген.

– Бұл жаттығуға Қарулы Күштердің ғана емес, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Ішкі істер министрлігінің Ұлттық Ұланы, Мемлекеттік күзет қызметі, әскери оқу орындары да атсалысады. Бұған дейінгі парад­тарға С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің ұландары ғана қатысса, бұл жолы еліміздегі басқа да оқу орындарының оқушылары, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық мектептерінің шәкірттері қатысады. Парадты әскери автокөліктерге мінген ардагерлеріміз бастап шығады, – дейді Т.Қойбақов.

Саптағы жауынгерлердің арасында нәзік жандылардан жасақталған роталарды да байқаған едік. Оларға жасалатын жағдай ер-азаматтардан мүлде ерекшеленбейді деуге болады. Жалғыз жеңілдік – палаткада емес, казармада тұратындығы. Себебі, олар бірінші кезекте әскери қызметкер, содан кейін ғана қыздар деген қағида қалыптасқан.

Жалпы, әскери парадты ұйымдастырудағы бас­ты мақсат – халыққа Қарулы Күштердің қалай дамығанын, ел Тәуелсіздігі мен тұтас­тығын қамтамасыз етуге әзір екендігін көрсету. Шеру­ге Қарулы Күштердің таңдаулы әскери қыз­мет­шілері, бөлімшелері іріктелген. Әскери­лер халыққа мерекелік көңіл-күй сый­лап қана қоймай, төл әскеріміздің қуатын, техни­калық тұрғыда жабдықталуын, еліміз бен халқы­мыздың егемендігі мен қауіпсіздігін күзетіп жүрген әскери қызметшілердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілетін көрсете білуге тиіс. Астананың іргесінде парадқа қызу әзірленіп жатқан жауынгерлер осы жауапты міндетті лайықты атқарып шығуға тиіс.

Бір топ журналистің Қорғаныс ми­нистр­­­лігі ұйымдастырған медиа-сапар бары­сын­да көзбен көріп, көңілге түйгендері осы болды.

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ, 

«Егемен Қазақстан»


Соңғы жаңалықтар