Аты аңызға айналған ағаларымен кілем үстінде жолығу жас өрендерді өзгеше қуанышқа бөледі. Себебі, ағаларының даңқты жолы кілемге шыққан кез келген балуанға үлгі-өнеге. Екі сағат бойы 200-ден аса жас спортшыға грек-рим күресінің әдіс-тәсілдері мен ерекшеліктері жайлы ерінбей әңгімелеген Жақсылық аға, өзі де кілемге шығып әдістерді сауатты жасаудың қыр-сырына қанықтырды.
«Мұндай шеберлік-сабақтардың жиі өтіп тұруы, әсіресе, жасөспірім балуандар үшін өте маңызды. Олар көзімен көргенін көңілге тоқып, биік шыңдарды бағындыруға қанаттанады. Тек қалалық жерлерде ғана емес, шалғай жатқан ауыл-аудандарға да барып осындай шаралар өткізіп, талай бұлақтың көзін ашуымыз керек. Болашақта қазақтың көк туын көкте желбірететін спортшылар осы жастардың ішінде отыр», дейді жасы 65-ке келсе де спорттық бабын жоғалтпаған даңқты балуан. Осыдан бірер апта бұрын грек-рим күресінен алғашқы шеберлік сағатын айтулы балуан Дәулет Тұрлыханов пен шетелдік мейман, Олимпиада чемпионы Командир Маджидов өткізген еді.
Игі шара Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы, сондай-ақ, Қазақстан күрес федерациясының қолдауымен қолға алынды. «Осы бастаманы дәстүрге айналдырып әр он күн сайын Азия, Әлем, Еуропа чемпиондарын шақырып жас спортшыларға шеберлік сағаттары өткізіліп тұрады. Алдағы уақытта күреске қатысуға ынтасы бар өскіндер аталмыш спорт кешенінде ақысыз жаттығу жасап тәжірибелі жаттықтырушылардан тәлім алатын болады», дейді ұйымдастырушылар.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ