Құстарға, табиғатқа деген жанашырлық шарасы облыс орталығындағы Ворушин саябағында басталды. Бұл саябақты жазда жақсы өзгерістер күтіп тұр. ERG мен облыс әкімдігі арасында жасалған әлеуметтік жобалар жөніндегі меморандум аясында ағымдағы жылы абаттандыру жұмыстары жалғасады. Сондай-ақ, алюминий зауыты ұжымының ұсынысымен «Металлургтер аллеясы» ашылмақ. Ал құстарға арналған ұялар – абаттандырудың алғашқы бастамасы деуге болады.
– Саябақты металлургтердің қамқорлыққа алғанына біраз жыл болды. Әр көктем мен күзде осы бақты зауыт жұмысшылары, қызметкерлері ретке келтіріп, жиналып қалатын қоқысты шығарады. Бүгін біз саябақта құстардың да тұрақтап, қалалықтардың көңілін әсем әуенімен қуантып тұрсын деген ниетпен ұялар жасап, ілдік, – дейді «Қазақстан алюминийі» АҚ өндірістік қауіпсіздік, экология және еңбекті қорғау департаменті бастығының орынбасары Ренат Сарлыбаев.
Облыс орталығындағы № 33 мектептің жас табиғат зерттеушілері табиғат қорғауға арналған ұрансөздер жазып, қолөнер бұйымдарын жасап әкеліпті.
– Ешқандай жіп пен шегені пайдаланбай, ұялардың көлденең ағашын бұтақтар арасына бекіттік. Жел мен тура түсетін күн сәулесінен қорғау үшін сәл еңкіш орналастырдық. Ұяларды қалай бекіту керектігін экология және туризм орталығында оқып, білдік. Қыста ұя жанына жем-салғыш орнатамыз. Құстарды аялап, қамқор болу керек, – дейді оқушы Қанат Жаманов.
– Сәуірде құстар өз жұптарымен ұя салатын орын іздейді. Қалалық саябаққа ұя орнату – өте өзекті шара. Себебі, мұнда құстар ұя салатын ағаштар аз, – дейді экология және туризм орталығының меңгерушісі Валентина Шорохова.
Павлодар облысы
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген Виктория МАШКАРИНА