Бүгінгі айтпағымыз «Арбат» жайлы емес, он сегіз жылдан бері осы «Арбат» алаңында отырып сурет салатын кәсіби суретшілер – ерлі-зайыпты Бақыт пен Гауһар Нұрбековтер туралы болмақшы.
Бақыт пен Гауһар Қазақ мемлекеттік көркемсурет академиясын бірге бітірді. Өнер табыстырған жандардың көркем дүниеге деген ыстық махаббаты мөлдір сезімге ұласып, екі жас оқу бітірісімен отау құрды. «Арбат» алаңы өнерінен нәсібін айырып отырған жандардың екінші үйіне айналғалы қашан.
Кезінде шығармашылық иелерін қолдау мақсатында алматылық суретшілердің «Арбатта» тұрып сурет салуына, туындыларын сатуына мүмкіндік жасалған еді. Сол үрдісті қазіргі қала басшылығы да жалғастырып отыр. Туындыларын сатқаны үшін суретшілер салық төлемейді, қылқалам шеберлерінің өнер ортасы іспетті бұл алаңқай.
Адамды ә дегеннен баурап алатын суреттеріне қызығып тұрып «Арбаттың» «тұрғыны» Гаухарды әңгімеге тарттық.
«Құдайға тәубе, табысымыз жаман емес. Сурет өнері көп елдерде өте жоғары бағаланады. Елімізде де суретшілерге айтарлықтай көңіл бөлінеді, дегенмен, қылқалам иелерінің бәріне бірдей қолдау көрсетіле бермейді. Жеке көрмеңді өткізу үшін қыруар қаржы қажет. Күнделікті бала-шағамыздың шай-пұлын тауып отырған біздер үшін бұл қиын шаруа. Сондықтан туындыларымызды осында әкеліп саудалауға мәжбүрміз», дейді Гауһар Нұрбекова.
Жұмыс барысы көз алдында өрбіп, өзінің бейнесін әп-сәтте айнытпай салып беретіндіктен болар, жаз бен күз айларында әрі-бері өткен халықтың портрет салдыруға қызығушылығы басым көрінеді.
– Студенттік күнімде ұлтымның атын ұранға айналдыратын әлемге әйгілі суретші болсам деген арманым бар еді. Ол арманымнан алыстап қалсам да, өзім сүйген киелі өнердің шетінде жүрмін. Ұлым да сурет салады. Мен жете алмаған шыңға сол жетсе екен деп тілеймін, – дейді ол. Гауһар Нұрбекованың бұл сөзінен бір нәзік үміттің сәулесін көрдік. Бір ғана Бақыт пен Гауһар емес, осында салған суретін саудалап тұрған өнер иелерімен әңгімелескенімізде, олардың көпшілігі жоғары білімді кәсіби суретшілер екенін білдік. Өнер иелерінің арманын «Арбат» аялап тұр деп айтуға болады.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ