Сая беретін жапырақты ағаштарды отырғызу жұмыстарының көшбасында Бәйдібек ауданы тұр. Ондағы табиғат жанашырлары бүгінгі таңда бағдарлама аясында 172 мың тұт ағашын, 3050 шырша және 22800 түп гүл көшеттерін отырғызды. Отырар ауданындағы Шілік, Темір, Шәуілдір, Отырар, Қоғам және Талапты ауылдық округтерінде бүгінге дейін 53294 түп жасыл желек отырығызылса, Төле би ауданында 28 мың түптен астам қарағаш, арша және жеміс ағаштары егілген.
Сарыағаш ауданындағы республикалық маңызы бар автожол бойында орналасқан ауылдық округтерде аумағы 11 шақырымды құрайтын сайлы, төбелі жерлерге 20 мың түп декоративті ағаш – шырша, боз арша көшеттері егілді. Шардарада бағдарлама аясындағы көгалдандыру жұмыстары жолға қойылған. Ауданда «Жасыл аймақ» құру жоспары түзіліп, «Шардара-Абай» мен «Шардара-Арыс» тас жолдарының бойында 3300 көшет жайқалып тұр.
Созақтықтар «Шатқал» бағдарламасына сәйкес, 6 мың түп тал егу жоспарланғанын айтса, бүгінде оның 1030 түп декоративті көшеті аудандағы 8 су қоймасының маңына отырғызылған. Және мұнда қазіргі кезде 800 түп раушан гүлі өсіріліп жатыр. Сайрам ауданының табиғат жанашырлары да бағдарламаға қатысудан шет қалған жоқ. Сайрам мен Түлкібас аудандарының шектесер тұсында, яғни Машат асуындағы халықаралық автожолдың бойына 1200 түп түрлі жеміс ағашымен қоса, қылқанжапырақты және қаратал көшеттері отырғызылды.
Мақтаарал ауданында бағдарлама аясында 11 мың түп тал көшеті отырғызылса, қазығұрттықтар 40,8 га жерге 25610 дана көшет егуді жоспарлап, бүгінде 25,8 га жерге 16343 дана көшет отырғызды. Түркістанда да апта сайынғы сенбілік бос өтпейді. Онда бүгінгі таңда 17 мың түп ағаш көшеттері күтіп, бапталуда. Ал Кентаудағы «Көк төбе» учаскесіне қондырылған 552 түп қарағаш келешекте шаһар тұрғындарына сая болар желектердің қатарына кіреді деген жоспар бар. Арыстағы ағайынның да бағдарламаға қосқан үлесі мол. Шаһар тұрғындары қазіргі таңда «Қалау Датқа» тұрғын ауданындағы шатқалға 1100 түп көшет ексе, Арыс-Шымкент тас жолының бойындағы 12 га жер теліміне 5797 көшет отырғызды. Түлкібастағы 15 ауылдық округте «Шатқал» бағдарламасының 6 мың көшеті өсіріліп, бапталуда. Ауылдық округтердегі 34 га жерге түлкібастықтар емен, шырша, қаратал, терек, бозарша, сәмбі ағаштарының көшетін отырғызған. Ал Ордабасылық тұрғындар бүгінге дейін 24165 түп ағаш көшетін егіпті.