Бүгін Бейбіт Шүменовтің қандай жарақат алғаны және қаншалықты күрделі екені анықталды. Боксшының менеджері хабарлағандай, Бейбіт спарринг-жаттығу кезінде оң көзінен ауыр жарақат алған.
"Өкінішке орай, Бейбіт алдағы кездесуді өткізе алмайды. Спарринг кезінде оң көзінен қатты жарақат алды. Қолғаптың бас бармағы көзіне тиіп кетіп, зақым келтірді" деді оның промоутері Шыңғыс Шүменов.
Жергілікті дәрігерлер отандасымыздың қарашығына тиген зардапты анықтап, дер кезінде операция жасаған. Алдына-ала болжам бойынша, Бейбіт Шүменовтің бұл операциядан кейін қалпына келуі үшін шамамен 2-3 ай уақыт қажет болады. Қазір ол ауруханада емес, Лас-Вегастағы үйінде емделуде.
Бұл Бейбіттің соңғы 2 жылда жекпе-жек алдында алған үшінші жарақаты. Ол бұған дейін 2015 жылыдың маусым айында Би Дж Флореске қарсы кездесу Бейбіттің жарақат алу себебінен 1 ай кейінге шегерілген еді. Ал, екінші жарақатын Бейбіт дәл сол жылдың соңында, яғни желтоқсан айында әлемнің экс-чемпионы болған польшалық Кшиштоф Влодарчикке қарсы жекпе-жек қарсаңында алып, кездесу өткізілмеген еді. Кеше Шүменовтің үшінші жарақаты туралы БАҚ беттерінде хабарланды.
Бейбіт Шүменовтің ылғи жекпе-жек алдында жарақат алатынын ескерген Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті Виктор Демьяненко боксшыға қазақстандық жас былғары қолғап шеберлеріне промоутер болуды ұсынды.
— Соңғы уақытта Бейбіттің жарақат алуы тым жиілеп кетті. Сондықтан, мен оған басқа кәсіппен айналысуды, оның ішінде, промоутер болуды ұсынамын. Мүмкін, осы кәсіпте Шүменовтің жолы болып қалар. Ол кәсіпқой бокста біраз тәжірибе жинақтады ғой, сондықтан, оған промоутерлік қиынға соға қоймас. Елімізде таланатты жас боксшылар өте көп, соларға промоутерлік жасап, АҚШ-та өздерін көрсетуге мүмкіндік жасаса» дейді В.Демьяненко.
Айта кетейік, Шүменовтің жарақатына байланысты 30 сәуір күні Лас-Вегаста кубалық Юниер Дортикоске қарсы болатын жекпе-жек өтпейтін болды. Шүменов-Дортикос жекпе-жегі осымен екінші рет тоқтатытылғанында айта кеткен жөн. Ең алғаш қос боксшы арасындағы кездесу биыл 11 ақпанда өту керек болатын. Алайда, Caribe Promotions компаниясы жекпе-жекті ұйымдастыру құқығынан айырылып, кездесуді ұйымдастыра алмай қалған еді. Сонан соң, бұл жекпе-жек өткізу құқығын Том Браунның TGB Promotions иеленіп, бірінші ауыр салмақтағы WBA нұсқасы бойынша Әлем чемпионы титулына арналған жекпе-жек 30 сәуірге жоспарланған еді.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»