2016 жыл қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін жемісті жыл болды. Жыл қорытындысы бойынша, саладағы шағын және орта бизнестің салық төленгенге дейінгі таза кірісі 84,6 млрд теңгені құрады.
2015 жылы шағын және орта бизнестің пайда таппақ түгілі, 25,2 млрд теңге шығынға ұшырағанын айта кетейік.
Өткен жылғы шағын және орта бизнестің ауыл шаруашылығындағы табысы 2012-2015 жылдар аралығындағы кірісті қоса есептегендегіден де көп болды. Бұл уақыт аралығында бизнеске жалпы көлемі 66,1 млрд теңге кіріс кірген еді.
Өткен жылы ұлттық экономиканы алға сүйреген салалардың бірі ауыл шаруашылығы екені анық. Республикалық ІЖӨ 1,3% болғанда, ауыл шаруашылығының өсімі 5,5% болған еді.
Жолдауда айтылған міндеттемеге сай, Қазақстан Еуразия кеңістігінің «нан себетіне» айналуы тиіс. Ол үшін ауыл шаруашылық саласы шикізат өндіруші болып қана шектелмей, өңдеу өнеркәсібін де дамытып, дайын өнім экспортына қарқын беруі керек.
Осы орайда, ведомстволар пен әкімдіктерге субсидия беру тәртібін қайта қарау, ауыл шаруашылығын субсидиялау жүйесінен сақтандыру жүйесіне ауысу, алдағы бес жылда 500 мың ауыл шаруашылық кооперативін құру, өнімді өңдеу деңгейін арттыру, сақтау, тасымал мен сатудың тиімді жүйесін құру, еңбек өнімділігін арттыру мен өндірістік шығындарды азайту, жерді пайдалану тиімділігін арттыру секілді міндеттемелер жүктелген.