Көктемгі еріген суға байланысты апатты жағдайдың алдын алуда кешенді шаралар қабылдануы тиіс. «Ресми ақпаратқа сәйкес еліміздің орталық және солтүстік өңірлерінде су тасқыны 11 сәуірден бастап белең алды. Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының бірқатар елді мекендері мен жолдарын көктемгі еріген су шайып кете жаздады», – деді М.Тағымов.
Ол бес мыңнан астам үй-жай құлаудың алдында тұрғанын, мыңдаған қазақстандықтар осындай қиын жағдайға душар болып отырғанын атап өтті.
«Жергілікті атқарушы билік пен құзырлы мемлекеттік органдар жыл басынан бастап депутаттар алдында тасқын судың алдын-алу шараларына қыруар қаржы бөлуді қорғайды. Алайда, жыл сайын осындай жағдай қайталанып, су тасқыны біз үшін үйреншікті төтенше жағдайға айналды», – деді сенатор.
Ол төтенше жағдай басталғаннан бері Ақмола облысына қарасты Атбасар қаласында 454 үй суға кетіп, 1379 адам көшірілгені, Солтүстік Қазақстан облысында 400-ден астам үйге су астында қалу қатері төнгені, Ақтөбе облысында 500-ден астам тұрғын үй су астында қалғаны туралы мәліметтерді келтірді. Сенатор: «Неліктен осы күнге дейін құзырлы органдардың жауапты қызметкерлері өз кәсіби шеңберлігінің төмендігін табиғи катаклизмдермен жасырып келеді? Олардың жауап беретін күні келе ме? Зардап шеккен тұрғындардың көптеген миллион шығынын кім өтейді? Ел аман, жұрт тынышта бұндай жағдайға жергілікті биліктегі азаматтар қалай жол берген?» – деп сұрады. Ол Премьер-министр Б.Сағынтаевқа отандастарымызды толғандырып отырған мәселе бойынша сауал жолдап, мұндай жағдай қайта орын алмас үшін Үкімет тарапынан қандай шаралар қолға алынатыны туралы ақпарат беруді сұрады.
Отырыс барысында сенаторлар Қазақстан мен Сербия арасындағы үкіметаралық халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімді ратификациялады.
Келісім Қазақстан мен Сербия арасындағы халықаралық автомобиль қатынастарындағы жолаушылар мен жүктердің тасымалын, олардың аумақтары бойынша транзитті, сондай-ақ жоғарыда көрсетілген елдердің аумақтарында тіркелген көлік құралдарымен үшінші елге осындай тасымалдауға жіберілген тасымалдаушыларды реттеуге бағытталған. Құжат Қазақстан мен Сербия арасындағы автомобиль тасымалын жүзеге асыруға, екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға құқықтық негіз жасауға мүмкіндік береді.
Заңнамаға мәдениет мәселелері бойынша түзетулер екі оқылымда қаралып, қабылданды. Құжат Парламент депутаттарының бастамасымен жасалды және Бюджет кодексіне, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, сондай-ақ «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы», «Мәдениет туралы» және басқа да заңдарға түзетулер енгізуді көздейді. Мәселен, жергілікті атқарушы органдардың еліміздің Бюджет кодексінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар мамандарды ғана емес, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды да даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлуге құқығын бекіту ұсынылады. «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заң музей-қорық сияқты жаңа ұғыммен толықтырылады, ол тарихи-мәдени мұра объектілерін және мәдени құндылықтарды сақтау, зерделеу және көпшілікке көрсету үшін құрылған. «Мәдениет туралы» заңда Қазақстан халқының мәдени мұрасына жататын баспасөз басылымдарын сақтау мен көпшілікке таратуды жүзеге асыратын еліміздің Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының мәртебесі белгіленеді; бұқаралық ақпарат құралдары редакциясының Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына баспасөз басылымдарының міндетті тегін даналарын, ал электрондық нысанда – «Орталық» мәртебесі бар кітапханаларға ұсыну бойынша міндеттері бекітіледі. Одан басқа, заңмен мәдениет ұйымдары мен театрлардың қызметіне қатысты қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу, басып шығару және тарату мәселелерін реттеу, сондай-ақ мәдениет саласындағы уәкілетті органның құзыретін нақтылау ұсынылды.
Заңнамаға көлік мәселелері бойынша түзетулер екі оқылымда қаралып, қабылданды.
Заңның негізгі мақсаты – мемлекеттік бақылаудың қолданыстағы жүйесін жетілдіру арқылы судағы, автомобиль, теміржол және қаладағы рельсті көліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
Құжатпен бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Ұлттық заңнама ережелерін Кемелерден болатын ластануды болдырмау жөніндегі, теңізде адам өмірін қорғау жөніндегі халықаралық конвенциялардың және Кемелер мен порт құралдарын қорғау жөніндегі халықаралық кодекстің теңіз ортасын кемелерден болатын ластанудан қорғауды арттыру, теңізде кемелер мен порт құралдарын қорғауды күшейту, сондай-ақ теңіздегі тасымалдаулардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы талаптарына сәйкес келтіру; өздігінен жүрмейтін шағын көлемді кемелерді тіркеуден шығару рәсімін оңайлату арқылы шағын көлемді кемелерді есепке алу мен тіркеудің мемлекеттік жүйесін жетілдіру; көлік саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға қалалық рельсті көлікті қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуді және ондағы қызметті бақылау функциясын бекіту; өз өнімін тасымалдау үшін кірме жолдарды пайдаланатын субъектілердің қызметін ұйымдастырудың тиімді тетігін және Мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге жерлерде адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізуді ұйымдастыру үшін құқықтық негіз жасау көзделіп отыр.
Екінші оқылымда Палата заңнамаға әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі мәселелері бойынша түзетулерді қабылдады.
Құжаттың мақсаты азаматтық авиация және әуе кеңістігін пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру, сондай-ақ оны Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкес келтіру болып табылады. Заң әуе кеңістігін және авиация қызметін пайдалану саласындағы бақылау мен қадағалауды күшейтуге, көрсетілетін қызметтердің сапасын көтеру мен ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жауаптылықты арттыруға бағытталған.
Құжатпен сегіз заңға, оның ішінде Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы, Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерге, «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» және басқа да заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Шетелдік тасымалдаушыларды аккредиттеу, коммерциялық емес ұйымдарды тарту және әуе кемелерін пайдаланушылардың, аэронавигациялық қызмет көрсетушілердің, авиациялық оқу орталықтарының қызметін қадағалау бөлігінде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның құзыреті нақтыланады және толықтырылады. Әуежайлардағы бәсекелестікті дамытуға және әуе кемелеріне жер үстінде қызмет көрсетушілердің қызметін реттеуге бағытталған ережелер қарастырылған. Азаматтық-әскери ынтымақтастық пен әуе кеңістігін тиімді пайдалануды үйлестіру қағидаттары бекітіледі.
Бірқатар ережелер азаматтық авиацияда авиациялық қауіпсіздік бағдарламасын енгізу, медициналық сарапшыларға, аэронавигациялық қызмет көрсетушілерге және лауазымды адамдарға жауаптылықты бекіту, сондай-ақ сертификациялық тексеру кезінде санаттарды енгізу арқылы авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Тергеп-тексеру жөніндегі уәкілдің қызметі реттеледі.
Сонымен қатар авиация қызметкерлерін медициналық куәландыру жүйесін жетілдіру көзделеді, авиациялық медициналық орталықтарды сертификаттаудың жаңа түрі ұсынылады. Шағын авиацияны дамытудағы, ұшқышсыз ұшатын аппараттарды есепке алудағы, арнаулы ұшуға рұқсат алудағы, әуе кемелерін пайдаланушыларға жалға берудегі әкімшілік кедергілерді жоюға қатысты ережелер енгізіледі.
Құжатпен акционерлік қоғам сипатындағы әуе компаниялардың жарғылық капиталына шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдік заңды тұлғалардың қатысу үлесін қырық тоғыз пайызға дейін шектеу ережесі белгіленді.
Отырыс барысында сенаторлардың депутаттық сауалдары жария етілді. Сенатор Мұхтар Алтынбаев авиация қауіпсіздігі туралы; Мұрат Бақтиярұлы киіктерді қорғау үшін кешенді шаралар қабылдау қажеттігі туралы; Нұрлан Қылышбаев Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры мен М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрына жаңа ғимараттар салу туралы, сондай-ақ М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына ұлттық театр мәртебесін беру туралы; Жабал Ерғалиев Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданында Қарасай және Ағынтай батырларға арналған мемориалдық кешенінің жағдайы туралы айтты.