Әлем • 20 Сәуір, 2017

Велосипедпен жүру рак қаупін екі есе азайтады (ғылым жаңалықтары)

340 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

​Бүгінгі шолуда: Велосипедпен жүру рак қаупін екі есе азайтады. Канадада Слимс өзені жоғалып кетті. Ауланы көгалдандыру қылмыс деңгейін төмендетуге әсер етеді. Салқындатылған шай денсаулыққа зиянды болып шықты. Қызылша шырыны мидың қартаюын бәсеңдетеді. АҚШ-та 8,3 млн адам күйзелістің ауыр түріне шалдыққан.

Велосипедпен жүру рак қаупін екі есе азайтады (ғылым жаңалықтары)

Велосипедпен жүру рак пен жүрек аурулары қаупін азайтады 

Ғалымдар велосипедпен жүру рак пен жүрек аурулары қаупін екі есе азайтатынын анықтады. Зерттеу нәтижелері Британ медицина журналында жарияланды, деп жазады ВВС.

Бес жылға созылған зерттеуге 250 мың британдық, олардың ішінде рак диагнозы қойылған 3748, жүрегі ауыратын 1110 адам қатысқан. 5 жыл ішінде олардың 2430-ы қайтыс болған. Зерттеу нәтижесінде велосипедпен жүру өлім қаупін ракпен ауыратындарда 45%-ға, жүрегі ауыратындарда 46%-ға азайтқан. Басқа жағдайда бұл көрсеткіш 41%-ды құрайды.

Зерттеуге қатысушылар велосипедпен аптасына орташа есеппен 48 км жүрген. Бірақ көп жүрген сайын, денсаулық та жақсара берген.

«Бұл зерттеу велосипедтің адам денсаулығына пайдасын көрсетті. Сондықтан веложолдарды көбейту керек», дейді зерттеуші докторлардың бірі Джейсон Гилл.

Ғалымдардың айтуынша, аптасына орташа есеппен 9-10 км жаяу жүру жүрек аурулары қаупін азайтады. Бірақ мамандар жаяу жүргеннен гөрі велосипедтің тиімді екенін айтады.

Cancer Research UK өкілінің айтуынша, велосипедпен жүру арқылы спорт залға бармай-ақ денсаулықты нығайтуға болады. Тек оны күнделікті тұрмыстың бір бөлігіне айналдыру керек. Мысалы, жұмысқа велосипедпен барып келуге болады.

Слимс өзенінің ағысы қарама-қарсы бағытқа ауысқан 

2016 жылы Канада ғалымдары Слимс өзенінің жоғалып кеткенін байқаған. Сол жерге жіберілген ғалымдар өз зерттеулерін жақында Nature Geoscience журналында жариялады. 

Зерттеу жұмыстарына Вашингтон университетінің геологы Такома бастаған Канада, Америка университеттерінің ғалымдары қатысты. Олардың айтуынша, бұрын солтүстіктегі Берингово өзеніне қарай аққан Слимс қазір оңтүстіктегі өзендердің біріне құяды. Бір қызығы, жүздеген жылдарға созылатын бұл құбылыс Канадада небәрі бір көктемнің ішінде болған. 

Зерттеушілердің бірі Дэн Шугар біздің заманымызда мұндай жағдай бірінші рет тіркелгенін айтады. Оған былтыр мамырдың соңында мұздықтардың ери бастауы әсер еткен. 

«Слимс өзені бағытының өзгеруі бүкіл ландшафтқа әсер еткен. Жабайы табиғат пен өзен химиясында да өзгерістер байқалады. Яғни, климаттың өзгеруі біз күтпеген құбылыстарға әкелуі мүмкін», дейді ғалымдар. 

Бір айта кетерлігі, он жыл бұрын Саймон Фрейзер университетінің ғалымы Джон Клаг өңірдің геологиялық құрылымының ерекше екенін айтып, осындай өзгеріс болатынын болжапты. 

Қоғамдық орындарды абаттандыру қылмыс деңгейін төмендетеді 

Америкалық ғалымдар қоғамдық орындарды абаттандыру қылмыс пен тәртіпсіздіктің азаюына ықпал ететінін анықтады. Зерттеу нәтижелері Applied Geograph журналында жарияланды.

Зерттеушілер нысаны ретінде Флинта қаласы таңдалған. Себебі автоөндіріс жабылған соң бұл қалада жұмыс орындары 41 %-ға азайып, қылмыс деңгейі артқан.

Мичиган штаты Университетінің ғалымдары қалада абаттандыру бағдарламасы басталғаннан кейінгі кезеңді бақылаған. Олардың айтуынша, бұл бағдарламаға қатысқан аймақтарда тәртіпсіздік азайып, басқа жерлерде қылмыс көбейген. Зерттеушілер абаттандыру жұмыстары мен қылмыс деңгейі бір-біріне байланысты деген қорытынды жасап, мәліметтерді жергілікті билікке ұсынды.

Ғалымдардың айтуынша, қоғамдық орындарды абаттандыру қаладағы психологиялық және әлеуметтік климатқа әсер етеді. Ондай жерлерде тұрғындар өздерін қауіпсіз сезінеді, әрі ұжымдық жауапкершілік пайда болады. Сонымен қатар ағаш көп отырғызылған аймақтарда күйзеліс пен жүрек-қантамыр аурулары азайып, жұмыссыздық, вандализм, ұрлық деңгейі төмендейді.

Салқын шай холера ауруына шалдықтыруы мүмкін

Салқын шай мен бөтелкеден су ішу холера ауруын жұқтыруға тез әсер етеді. Бұл туралы Пастер институтының эпидемиологтары PLOS Neglected Tropical Diseases журналында жазды.

Ғалымдар Вьетнамда холераның тарауына әсер еткен факторларды анықтау үшін зерттеулер жүргізді. Бұл елде 1979-1996 жылдары 56050 адам осы вирусты жұқтырып, бұл көрсеткіш тек 1997 жылы төмендеген. Ал 2010 жылдары осы ауруға шалдыққандар саны қайта арта бастаған.

Зерттеу барысында мамандар 300 адамның тамақтану режимін бақылаған. Нәтижесінде белгілі болғандай, холераға шалдыққандардың көбі салқын шай мен бөтелкеден су ішкен.

Холера – диарея, ағзаның сусыздануына әкелетін ішек инфекциясы. Оның алдын алу шарасы әлі табылмады. Ал вакцина иммунитетті тек уақытша ғана көтереді. Вирус неден пайда болатыны белгісіз. Дегенмен, холераны жұқтыру қаупі таза ауыз су жоқ жерлерде басымырақ.

Қарттардың ми жұмысына қызылша шырыны пайдалы 

Уэйк-Форест университетінің қызметкерлері қызылша шырыны мен дене жаттығуы қарттардың миына жақсы әсер ететінін анықтады. Олар зерттеу қорытындыларын Gerontology журналында жариялады.

Жастың ұлғаюымен келетін ми өзгерістерінің алдын алу мүмкін емес. Дегенмен, ғалымдар ерте диагностика мен профилактиканың жолдарын іздестіруде.

Зерттеу жұмыстарына қатысқан адамдар алты апта бойы қызылша шырынын ішіп, бір сағаттан кейін 50 минут жаяу жүрген. Ғалымдардың айтуынша, көбінің қан қысымы төмендеп, мидағы қан айналымы жақсарған. Сонымен қатар барлығының физикалық белсенділігі артқан. 

АҚШ-та ауыр дистресске шалдыққандар медициналық көмек сапасына наразы 

Нью-Йорк университетінің ғалымдары америкалықтардың 3,2 %-ы ауыр дистресске шалдыққанын анықтады. Зерттеу нәтижелері Psychiatric Services журналында жарияланды.

АҚШ-тағы ауруларды бақылау және алдын алу орталығы өкілдерінің айтуынша, ауыр дистресс (SPD) - қатты уайым, мазасыздық, әлеуметтік оқшаулық секілді белгілері бар ауру. Мақала авторларының айтуынша, АҚШ-та оған шалдыққандардың саны қазір 8,3 милионнан асады.

Зерттеуге 18-64 жас аралығындағы 207 853 адам қатысты. SPD-пен ауыратындардың көбі медициналық қызметтің төмендігіне, препараттардың жетіспеушілігіне, кәсіби медициналық көмек сапасына шағымданған.

Ғалымдар бұл жағдай өзгермесе, ерте өлім, өз-өзіне қол жұмсау көбейетінін айтып, денсаулық сақтау жүйесін өзгертуді ұсынды.

Дайындаған Гүлнұр Қуанышбекқызы, 

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар