Парламент • 21 Сәуір, 2017

Мәдени құндылықтарға қатысты заң жетілдірілуде

280 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен палатаның жалпы отырысы өтіп, онда сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарады.

Мәдени құндылықтарға қатысты заң жетілдірілуде

Инвестициялар және даму ми­нистрі Жеңіс Қасымбек таныс­тырған заң жобасын сена­торлар бірауыздан мақұлдады. Себебі, халықаралық бағыттарда жүк тасымалдаумен айналысатын қазақстандық тасымалдаушылар үшін тиімділігі жоғары бұл құжат Сербия аумағын транзит­тік мақсатта пайдалана отырып, Болгария мен Грекия және Хор­ватияға кедергісіз өтуді қам­тамасыз етеді.

«Аталған келісімді рати­фикациялау бюджет қаражатын жұмсауды қажет етпейді. Өткен жылы Қазақстан мен Сербия арасындағы автомобильмен жүк тасымалдау көлемі 15 пайызға ұлғайып, 5 400 тоннаны құрады. Сондай-ақ, бұл келісіммен екі ел арасындағы автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру үшін ұлттық норма орнатылып, тасымал түрлері мен бланкілерді алмасу бойынша квота белгілеу тәртібі де реттелген. Бұдан бы­лай екіжақты және транзиттік тасы­малдар рұқсатсыз негізде жүзеге асырылатын болады», – дедi Ж.Қасымбек.

Сенат отырысында, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне мәдениет мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы екiншi оқылымда талқыланып, қабыл­данды. Мәжіліс мақұлдаған бұл құжатқа енгiзiлген өзгерiстерде ауылдық жерлердегi мәдениет ошақтарының негiзсiз жа­былуы­на жол бермеу тетiгi қарас­тырылған.

«Бұл заң жобасы мәдениет және тарихи-мәдени мұра сала­сында орын алып отырған бiр­қатар проблемаларды шешуге бағытталған. Бiрiншi − 2015 жылы мәдениет саласындағы бiлiм беру ұйымдары Мәдениет және спорт министрлiгiнiң қа­ра­мағына берiлген болатын. Бiрақ, бұл заңда мамандарды даярлауға мемлекеттiк бi­лiм беру тапсырмасын бөлу және орналастыру, мәде­ниет са­ла­сындағы бiлiм беру ұйым­дарының қызметiн үйлес­тi­рудi осы министрлiктiң құзы­ре­тiне беру сияқты бiр­қатар мәселелер ескерiлмей қал­ған. Біз заң жобасындағы осын­­дай кемшіліктерді жоюға тырыс­тық», – дедi негізгі баян­да­ма жасаған Мәжiлiс депутаты Майра Айсина.

Депутаттың айтуынша, атал­ған құжаттың осал тұстары сал­дарынан 2013-2015 жылдары елімізде 40 мәдениет ошағы, оның iшiнде 2 театр, 1 музей және 37 кiтапхана жабылған.

«Біз бұл мәселені шешу үшiн мәдениет ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату мәселелерiн уәкiлеттi орган­мен мiндеттi түрде келiсудi көздедiк. Мұндай қадам мәде­ниет ошақтарының негiзсiз жа­былуын болғызбаумен қатар, министр­лiктiң тұтас Қазақстан бойынша мәдениет ұйымдарына қатысты болып жатқан жағдай­лар­ға нақты мониторинг жүр­гiзуiне, жағдайды толық бай­қауына және тиiсiнше шара қабылдауына мүмкiндiк бередi», – деді М.Айсина.

Сенаторлар талқысына, сонымен қатар, «Қазақстан Рес­­пуб­ликасының кейбір заң­н­а­малық актілеріне көлік мә­се­лелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы ұсыныл­ды. Екі оқы­лымда қаралып, қабыл­дан­ған заңның негізгі мақсаты – мемлекеттік бақылаудың қолданыстағы жүйесін жетілдіру арқылы судағы, автомобиль, темір жол және қаладағы рельсті көліктің қауіпсіздігін қамта­масыз ету.

Құжатпен бірқатар заңна­ма­лық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Ұлт­тық заңнама ережелерін Кеме­лер­ден болатын ластануды бол­дырмау жөніндегі, теңізде адам өмірін қорғау жөніндегі халық­аралық конвенциялардың және Кемелер мен порт құралдарын қорғау жөніндегі халықаралық кодекстің теңіз ортасын кеме­лерден болатын ластанудан қор­ғауды арттыру, теңізде кемелер мен порт құралдарын қорғауды күшейту, сондай-ақ теңіздегі тасымалдаулардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы талаптарына сәйкес келтіру; өздігінен жүрмейтін шағын көлемді кемелерді тіркеуден шы­ғару рәсімін оңайлату ар­қылы шағын көлемді кеме­лерді есепке алу мен тіркеудің мемлекеттік жүйесін жетілдіру; көлік саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға қалалық рельсті көлікті қауіпсіз пайда­лануды қамтамасыз етуді және ондағы қызметті бақылау функ­циясын бекіту; өз өнімін тасы­малдау үшін кірме жолдарды пайдаланатын субъектілердің қызметін ұйымдастырудың тиімді тетігін және Мемлекет­тік шекара арқылы адамдар­ды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізуді ұйым­дас­тыру үшін құқықтық негіз жасау көзделіп отыр.

Сонымен қатар, палата «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасына түзетулерді екінші оқылымда қабылдады.

Құжаттың мақсаты − азамат­тық авиация және әуе кеңістігін пайдалану саласындағы Қазақ­стан Республикасының заң­намасын жетілдіру, сондай-ақ, оны Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкес келтіру. Заң әуе кеңістігін және авиа­ция қызметін пайдалану саласын­дағы бақылау мен қадаға­лау­ды күшейтуге, көрсетілетін қыз­мет­тердің сапасын көтеру мен ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жауаптылықты арттыруға бағытталған.

Құжатпен сегіз заңға, оның ішінде Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлем­дер туралы, Халық денсау­лығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерге, «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» және басқа да заңдарға өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізіл­ді. Сондай-ақ, шетелдік тасымал­даушыларды аккредиттеу, коммерциялық емес ұйымдар­ды тарту және әуе кемелерін пай­даланушылардың, аэро­навигациялық қызмет көрсету­шілердің, авиациялық оқу орта­лықтарының қызметін қада­ға­лау бөлігінде азаматтық авиа­ция саласындағы уәкілетті орган­ның құзыреті нақтыланады және толықтырылады. Әуежай­лардағы бәсекелестікті дамыту­ға және әуе кемелеріне жер үс­тін­де қызмет көрсету­ші­лер­дің қыз­метін реттеуге бағыт­­тал­ған ережелер қарас­тырыл­ған. Аза­маттық-әскери ынтымақт­ас­тық пен әуе кеңісті­гін тиім­ді пайдалануды үйлестіру қағи­дат­тары бекітіледі.

Сондай-ақ, авиация қызмет­керлерін медициналық куә­лан­дыру жүйесін жетілдіру көз­­деледі, авиациялық меди­цина­лық орталықтарды серти­фикат­таудың жаңа түрі ұсы­нылады. Шағын авиацияны дамытуға, ұшқышсыз ұшатын аппараттарды есепке алуға, арнаулы ұшуға рұқсат алуға, әуе кемелерін пай­дал­анушыларға жалға беруде әкімшілік кедер­гілерді жоюға қатысты ережелер енгізіледі.

Құжатпен акционерлік қоғам сипатындағы авиакомпа­ния­лардың жарғылық капиталына шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдік заң­ды тұлғалардың қатысу үлесін 49 пайызға дейін шектеу ережесі белгіленген.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар