Президент • 21 Сәуір, 2017

Еліміз бен Елбасы беделінің көрінісі

94 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Пагуош ғалым­дар қозғалысының Бас хатшысы Котта Рамусино Паолоны қабылдады. Кез­десу барысында 2017 жылы Қазақстанда Пагуош кон­ференциясын өткізу мәсе­лелері қаралды, деп хабарлады Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Сена­тының баспасөз қызметі.

Еліміз бен Елбасы беделінің көрінісі

Сенат Төрағасы Қазақстан тара­пы бұл маңызды шараны жоғ­ары деңгейде ұйымдастыруға ниет­теніп отырғанын хабарлады. 1957 жылы құрылған Пагуош қозға­лысы жаһандық ауқымда бейбіт­шілікті, қарусыздану мен ғылыми ынтымақтастықты жақтайтын ғалымдарды, саяси және қоғам қайраткерлерін біріктіреді.

Бұл қозғалыс қарусыздану және қауіпсіздік саласындағы: Ядролық қаруды ауада, ғарыш кеңістігінде және су астында сынауға тыйым салу туралы шарт, Зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін шектеу туралы шарт, Биологиялық және химиялық қару түрлеріне тыйым салу туралы конвенция, Еуропадағы жай қару-жарақтар туралы шарт және басқа да көптарапты келісімдерді әзірлеу мен қабылдауда маңызды рөл атқарды. Ұйым 1995 жылы бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ие болды.

Қ.Тоқаевтың айтуынша, Қазақ­стан Пагуош қозғалысының идея­лары мен құндылықтарын жақ­тай­ды, қарусыздану мен қауіп­сіздік саласындағы халықаралық келісім­дерді әзірлеу мен қабыл­даудағы рөлін жоғары бағалайды. Қозғалыс мүшелерінің Астанада осындай кездесу өткізуге ниет білдіруі біздің еліміздің және Семей ядролық полигонын жауып, әлемдегі төр­тінші орындағы ядролық қару­дан бас тартқан әрі адамзатты ядролық қауіптен құтқару ісіне зор үлес қосқан Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық беде­лінің көрінісі болып табылады.