Олай дейтінім, мұнда айтылған ой-пікірлер мен болашақ туралы толғамдар бүкіл қоғамымыздың келешекте қай бағытта дамуы қажеттігін анық та нақты көрсете алатын және соны негіздей алатын тұжырымдарға толы. Ал ел болашағына немқұрайлы қарай алмайтын әрбір адамды бұл тұжырымдар мен толғамдар небір терең ойларға жетелейді, қоғамда орын алып жүрген келеңсіз мән-жайлардың түп тамыры тереңдей берсе, егер оларды жоюға тиянақты шаралар қолданылмаса, елді айықпас ауруға шалдықтыруы мүмкін екендігіне көз жеткізеді.
Солардың біразына тоқтала кету жөн шығар.
Алдыңғы буын аға-апаларымыз жақсы біледі, нарық дәуіріне аяқ баса бастаған алғашқы жылдары теледидардан бір жарнама жиі-жиі көрсетілетін. Онда, тілі енді ғана шыққан бүлдіршін бесігін ұстап тұрып, «өскенде мен миллионер боламын!» деп жар салатын. Міне, сол жас сәбилер қазір отыздан асқан соқталдай жігіт болды. Барлығы бірдей миллионер бола алмаса да, көпшілігі тұрмыс-жағдайын жөндеп алып, енді қоғам істеріне де белсене араласа бастады. Ал енді осы азаматтардың барлығының рухани ой-деңгейі өздерінің жасына сәйкес өсті ме? Өскен жоқ! Оны біз күнделікті өмірден көріп жүрміз.
Мүмкін күнде көріп жүрген соң, көзіміз де үйреніп кеткен шығар, дегенмен, мың өліп, мың тірілсе де адамгершілік пен бауырмалдық қасиетін жоғалтпаған, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсете білген, жан дүниесі мейірім мен ізгілікке толы қазақ ұлтының ұлттық коды (мен осы сөзді «ұлттық тектілігі» деп те айтар едім) неге теріс өзгеріп келе жатыр?
Аштық пен жалаңаштықты да, сұрапыл соғыс қасіретін де бастан кешірген, ішер ас пен киер киімге жарымай, небір өмір қиындықтарын көрген алдыңғы буын үлкендеріміз, жоғарыда мен айтқан ізгі қасиеттерді бойында бекем ұстап, тектілігіне шүбә келтірмей, өмірден өтіп жатыр.
Ал енді мұндай қиындықтардан бейхабар, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған мына бейбіт заманда дүниеге келген, тамағы тоқ, көйлегі көк, жақсы мен жаманның айырмашылығын оқып та, тоқып та шартараптан біліп отырған қазіргі буынның бойында ізгі тектілік қасиеттер неге азайып барады?
Осындай рухани азудан арылудың жолы қандай?
Бұл сұрақтарға жауапты мен Елбасының осы еңбегінен тауып отырмын. Соңғы кездері қоғамда көтерілетін мәселелердің басым көпшілігі елдің әлеуметтік жай-күйі, тұрмыс-тіршілігі болып келді. Оның да өз себептері жоқ емес. Ал енді, рухани жағдайымыз туралы, оны жаңғыртудың бағыт-бағдарлары туралы айтқан Елбасының өз толғамдары бүкіл қоғамды дүр сілкіндірді. Жаңа тарихи кезеңде, күллі жер жүзінде орын алып жатқан өзгерістерді терең саралай келе, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына бұл сұрақтардағы өз ұстанымдарын айқындады.
Елбасы толғамдары мен тұжырымдары менің көзқарастарыма да үлкен әсер етті. Солардың ішінде, бұрын біз жиі айта бер-
мейтін ұлттық болмыс, ұлттық сана-сезім және өзім алғаш рет естіген «ұлттық код» деген қасиетті түсініктер қоғам дамуына қалай әсер ете алатындығына жаңа қырынан көз тастадым. Осыны ұғынғандықтан, ұлттық кодты сақтай білуді рухани жаңғырудың ең басты шарты деген Елбасы тұжырымын қоғамның әрбір мүшесінің санасына сіңіруді енді мен біздің ең басты міндеттеріміздің бірі дер едім.
Өткен жылғы демалысымда жол түсіп, бір-екі күн Грозный қаласында болдым. Сонда кездескен әрбір чешен азаматының Қазақ елін, қазақ ұлты мен қазақ халқын қандай жоғары бағалайтынын көріп, керемет әсер алдым. Өз ұлтым үшін сонда бо-
йымды керемет мақтаныш кернеді. Сонау бір зұлмат жылдары чешен ұлтының тағдырында қазақ халқы қандай маңызды рөл атқарғаны тарихтан белгілі.
Не көрмеді өр мінезді бұл халық? Ел аман, жұрт тыныш деп келген кеңес дәуірінің соңғы кезеңіндегі әділетсіз соғыстың өзі чешендерге қаншама қайғы-қасірет әкелді. Қаншама отбасының тағдыры талқан болып, нешеме шаңырақтың төбесі ортасына түсті. Осыған қарамастан, бүкіл Чешенстан бойынша бірде-бір жетім балалар үйі, бірде-бір тастанды қарттар үйі жоқ екендігін сіздер білесіздер ме? Себебі, оларда мұндай түсінік те жоқ, туған сәбиін ақшаға сату, тіпті одан сорақысы көшеге, әжетханаға тастау, немесе ата-анасын далаға қуып жіберу деген нәрсе олардың ойына да кіріп шықпайды. Егер мұндай әрекет байқалса, онда ол өлімнен де жаман масқара екендігі әрбір чешеннің жадында.
Бізде де солай емес пе еді, енді қайда бара жатырмыз?
Егер рухани жаңғыру елдің ұлттық тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайтынын Елбасы дөп басып есімізге салып отырған жоқ па?
Осыдан жиырма-отыз жыл бұрын некеде тұрған отбасының бұзылуы 10-15 пайыздай ғана болатын, қазір елімізде бұл келеңсіз көрсеткіш 40 пайызға жақындады, яғни әрбір екі отбасының біреуінде ерлі-зайыптылар ажырасуға келе жатқан үрдіс байқалуда. Бұл жағдай бала тәрбиесіне қандай теріс әсер ететінін айтудың өзі артық шығар.
Елбасы еңбегінде болашаққа деген сенім туралы баса айтылады. Ал мемлекеттің өзі кішігірім отбасылардан тұратынын ескерсек, болашағы бұлыңғыр шаңырақтардан негізі мықты мемлекет қалыптаса ала ма, осы жай бізді мықты ойландыруы керек.
Рухани жаңғыруды бағдар етіп ұстанғанда біздің қоғамға ең бірінші қажет құндылық – ол тәрбие мәселесі дер едім. Өйткені, қоғамымызды тәрбиесіздік мәселесі де аяқтан шала бастады. Оқу-сызуды білетін, озық ақпараттық технологияны меңгерген, сөйте тұра, тәрбиеден жұрдай, қай жағдайда болса да тек жеке басының пайдасын ең бірінші орынға қоятын жастар көбейді. Осыдан қорқу керек.
Осыны ойлағанда, халқымыздың біртуар ұлы Бауыржан Момышұлының мына сөз-
дері еске түседі: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Екінші – немересіне ертегі айтып беретін ата-әженің азаюы-
нан қорқамын. Үшінші – дәмді-дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді болса да шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды.Үйреніп жатқан бала жоқ. Үйретіп жатқан әке, ана жоқ!».
Елбасы бағдарында бұл мәселе де қамтылған. Кіндік қаны тамған туған жеріне, өскен ауылы мен қаласына деген сүйіспеншіліктен жұрдай, ақша үшін өзге елге кетіп, қолына қару алып, кісі өлтіріп, қанша қазақтың баласы жүр. Өз елінде жүріп-ақ, пайда табу үшін қолдарын қанға былғап жатқандары қаншама.
Бесігін тербеткен анасынан бастап, тәй-тәйінен жақсы өсиеттерін санасына сіңірген әкесінен жалғастырып, өскен ортасынан ұлтының текті қасиеттерін бойына жинап, дұрыс тәрбие алған бала, әрине, мұндай жат қылықтарға жоламай өседі. Сондықтан, тәрбие мәселесі қоғамымызда қайта көтерілуі керек. Тек сонда ғана біз бүгінгі заманның болмысына сай келмейтін батыстық жаңғыру үлгісін айналып өте аламыз және сол жат үлгідегілерден өреміз де, санамыз да биік болады. Нағыз тәрбиенің жарқын үлгілерін төл тарихымыздан, бабаларымыздың өмір салтынан көре алатынымызды Елбасы есімізге салып отыр. Бар мәселе енді өзімізде, нұсқаған бағдарды ұстана алатын өз санамызда.
Ғаламторды тереңірек зерделесеңіз, Елбасының бұл сөздерін ұлтшылдықпен теңестіріп жатқан сәуегей саясатшыларды да көресіз. Осындай теріс пікірлердің туындайтынын сезген де болар, аталған еңбегінде Елбасы: «Рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды», деп көрсеткен. Расында да, ұлтшылдық деген ұғымға біз тек сонау кеңес дәуірі психологиясымен ғана емес, оның түрлі қырын көрсете алатын жаңаша көзқараспен де қарай алуымыз қажет деп ойлаймын. Кезінде ғұлама жазушы Ғабит Мүсірепов бұл туралы: «Бүгін ұлтшылдықпен күрес болып жатыр. Ертең ұлтсыздықпен күресеміз!» деген екен. Сол айтылған ұлтсыздықтың неге әкелетінін қазіргі заман өзі көрсетіп отыр.
Елбасының бұл еңбегінен туындайтын тағы бір мәселе – ол тәрбиені біліммен ұштастыру мәселесі. Біз соңғы кезде білімге неғұрлым көп көңіл бөле отырып, салт-дәстүрлеріміз арқылы бойға сіңірілетін ұлттық тәрбиемен қабыспайтын, жалаң білімнің қоғамға пайдасы шамалы екендігіне тиісті көңіл бөліп те жүрген жоқпыз. Өз елімізде болсын, шетелде болсын, терең білім алып, сол білімін туған елінің жаңғыруына емес, сол өзі уақытша қарны тойған жат елдің мүддесіне жұмсағысы келетін білімдар жастар да аз емес. Сондықтан да болар, Елбасы өз еңбегінде «Туған жерге туыңды тік» деген халық нақылына да тоқталып, отансүйгіштік қасиеттің қыр-сырын жіктейді.
Бір қуантатыны, қазақ халқы үшін «тектілік» деген жай сөз емес, оның негізінде бабаларымыздан бізге мирас болып жеткен адамгершілік қасиеттердің жиынтығы бар, бізде осы қасиеттерді бойына сіңіруге талпынатын жастар да көп. Елбасының аталған тарихи еңбегі замандастарымыз үшін де, еліміздің ертеңгі болашағы – жастар үшін де ізгілікке толы рухани жаңғыруға жетелейтін бағдар болатындығына сенімдімін.
Бектас БЕКНАЗАРОВ,
Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары