Медицина • 21 Сәуір, 2017

Туыстықты насихаттайтын орталық

197 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

"Әуелі сөз пайда болған" дейді киелі кітап. Демек, адамзат о баста бір тілде сөйлеген. Келе-келе қоныс тепкен жер ыңғайына қарай түр өзгеріп, тіл бөліне бастаған. Жер бетіндегі ұлт атаулыны бір бірімен жақындастыратын да, алыстататын да - тіл. Тілдің түпкі тамыры бір екенін дәлелдеп шыққан күні адамзаттың бір-біріне деген бауырмалдығы артады.

Туыстықты насихаттайтын орталық

Біз бұл ойға «Түркі  және славян тілдерінің біртектілігін насихаттау орталығының» құрылуына орай өткен бас­пасөз мәсли­хатынан кейін келдік. Алматыдағы «Қа­зақстанның орыс қоғамы» мен «Азат» аза­маттық қоз­ғалысының бір­лескен отырысында түркі жұр­ты мен сла­вян халық­тары­ның тілдері бір арнадан бастау алады де­ген пікір айтылды. Бұл та­қы­рыпта Олжас Сү­лейменовтің қыз­ғылықты материалдар ұсы­­нып жүргені белгілі. Осы та­қы­рыпты әрі қа­рай індете зерт­теп, дамытпақ мақсатта Қазақстанның «Азат» аза­мат­тық қозғалысының төр­аға­сы Хасен Қожа-Ахмет 2014 жылы «Орыс тілі көне түркі тілі ме?» еңбегін кітап етіп бас­тырған. Қазақстанның орыс, казак және славян ұйым­дары Үй­лестіру кеңесінің қар­жы­ландыруымен шыққан зерт­теу еңбек тұсауы кесіліп отыр­ған орталықтың негізгі оқы­ту құ­ралы деуге болады. 

Қазақстан казактарының бас атаманы Юрий Захаровтың айтуынша, ұлтаралық татулық пен достықты дамытудың бір жолы осы орталық болмақ. Ата­ман тілдік біртектілікті насихаттайтын орталық түркі және славян халықтарының өз ұлттық тамырларын тереңнен тануына, сол арқылы ынтымақтастықтың артуына үлес қосады деген сенімде.

Ал идея авторы Хасен Қожа-Ахмет «Мемлекеттік тілдің мәр­тебесін көтеру мәселесі көп­тен бері айтылып келе жатыр. Біз бұл мәселеге ғылыми тұр­ғыда келу керек деп шеш­тік. Себебі, қазақ тіліне қа­тысты қаншама қоғамдық ұйымдар құрылды, нәтиже аз. Алдымен, қазақ тілін өзге ұлт­тарға жеңіл әрі тез үйретудің ғылыми әдістемесі жасалуға тиіс. Алдарыңыздағы кітапты шығарудағы бір мақсатымыз сол. Орыс тілінің көне түркі тілімен тамырлас екенін белгілі дәрежеде дәлелдедік. Ендігі міндет  – соны жалпақ жұртқа ұғындыру. Тілдік бірліктердің тамырластығын білген адамға тіл үйрену қиындық туғызбайды, керісінше, қызығушылығын арттыра түседі деп ойлаймын»,  деді.

Насихат орталығы алдағы уақытта түрлі мекемелерде кез­десулер мен дәрістер өт­кізіп, курстар ұйымдастыру сияқ­ты бірнеше сала бойынша жұ­мысын жалғастырмақ. Айта кету керек, дәрістер мен тіл үйретуге арналған курстар тегін жүргізіледі.


Алмас НҮСІП,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ