«Кезінде орыс көпестерінен қалған қарағай үй өткен ғасырдың басында НКВД ұйымының ғимараты болған. Биыл Шыңғыстайдағы Әбдікерім мектебіне 100 жыл толатындықтан, соның бос жатқан орнына осы ғимаратты апарып қою жөнінде шешім қабылданған еді. Көне шай осы ғимараттың шатырынан шықты. Шай кесектерінің ұзындығы – 24, ені – 18,5, қалыңдығы – 1,4 сантиметрді құрайды. Шай бетінде «В.Высоцкий», «Чыстый Цейлонский» деген жазулар, компанияның кеме түріндегі сауда белгісі және арабша таңба бедерленген. Сонымен қатар, шатырдан бірнеше орам бұл табылды. Бір таңғаларлығы, барлығы сол қалпында сақталған», дейді журналист.
Ескі ғимаратты бұзу кезінде құрылысшылар сондағы бір бөлменің қабырғасынан «Шабдан 1928» деп кирилл қарпімен бедерленген және арабша жазылған жазбаларды байқапты.
Аудандық мәслихат хатшысы Дүйсен Бралинов бұл бөлменің кезінде қапас болғанын, ал Шабданның Әбдікерім болыстың ұлы екендігін, 1928 жылы әкесі екеуі Қытай асқанға дейін ол осы жерде уақытша қамақта отыруы әбден мүмкін екендігін айтады.
Қазіргі уақытта Шыңғыстай ауылында кезінде Әбдікерім болыс салдырған мектеп ғимараты қайта қалпына келтіріліп жатқан көрінеді. Бұл жерде мұражай ашылады деп жоспарланып отыр. Шатырдан табылған жәдігерлер осы мұражайға қойылатын болады.
Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы