Кино • 21 Сәуір, 2017

«Оралман» фестивальға қатысады

248 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұған дейін "Секер", "Жиде" фильмдерімен көпшілікке таныс болған режиссер Сәбит Құрманбековтың "Оралман" фильмі 21-28 сәуір аралығында Иранның Тегеран қаласында өтетін 35-ші Халықаралық Фаджр кинофестивалінің "Шығыс шырайы" бағдарламасына қатысады.

«Оралман» фестивальға қатысады

Атажұртынан кетуге мәжбүр болып, ондаған жылдардан соң Ауғанстаннан туған жеріне қайта оралған қандастарымыз туралы фильм Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Қадам» кино­ком­паниясының қатысуымен Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген. Фильмде Дулыға Ақмолда, Есім Сегізбаев, Ержан Түсіпов, Шынар Асқарова, Баян Қажынабиева сияқты танымал актерлер ойнайды. 

Биыл кинофестивальдің «Шы­ғыс шырайы» секциясына 12 елден 15 толықметражды картина ұсынылған. Айта кетейік, Фаджр кинофестивалінің «Шығыс шырайы» бағдарламасының қазылар алқасының құрамында қазақстандық танымал режиссер Дәрежан Өмір­баев та бар.

Режиссер Сәбит Құрманбеков фильм жайлы өз ойын білдіре келе, көркем туындыдағы оралман бейнесі туралы: «Бұл фестивальден жеңіс күтпеймін. Өйткені, маған жеңіс емес, сол жақтағы қандастарымыздың осы фильмді көргені маңызды. Фильмім арқылы жалпыадамзаттық тақырыпты кө­тергім келді».

С.Құрманбековтің айтуынша, кинотуынды ХХ ғасырдың 30-жылдары қызыл әскер жендеттерінің зорлық-зомбылығынан қашып, Ауғанстанға қоныс аударуға мәжбүр болған  қазақ отбасы туралы. Бас кейіпкер Базарбай қарттың қызы мен ұлы сол жақта дүниеге келеді. Балалары есейіп, отбасын құрады. Ұлы Сапарқұл жергілікті пуштун ұлтынан келіншек алады. Ал қызы ауған жігітіне тұрмысқа шығады.  Сапарқұл соғыс кезінде моджахеттер жағында соғысады. Жылдар өтеді. Базарбайдың отбасы Қазақстанға көшуге рұқсат беретін квота алады. Барлығы жолға жиналады. Таулы қышлақтан шыққан отбасыны ұзақ жол күтеді...

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ



Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024