21 Сәуір, 2017

«Менің атамның портреті»

387 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы биыл бесінші рет осындай атпен акция өткізіп отыр. Ұлы Отан соғысына қатысқан, ұрыс даласында ерлікпен қаза тапқан майдангерлердің ұрпақтары мамырдың бастапқы күндеріне дейін филиалға аталарының суреттерін әкеліп тапсырады.

«Менің атамның портреті»

− Ескі суреттер болса, оларды өңдеп, көбейтіп, үлкейтіп, портрет жасатамыз. Астына майдангердің аты-жөнін, туған, қаза тапқан жылын көрсетеміз. Осыған кеткен қаржының бар­лығын партия филиалы өзі көтереді, − дейді «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы саяси жұмыстар бө­лімінің меңгерушісі Олжас Дүйсеков. 

Қостанайлықтар тек өмір­ден өткен аталарының ғана емес, қазір арамызда селеудей селдіреп, сыртқа шыға алмай үйде отырып қалған соғыс ардагерлерінің де сурет­терін әкеледі. Қарт майдангер өзін әлі қатарда санайды, шеруге шыққысы, мәңгілік алау қасында Жеңіс күніне жете алмаған қанды көйлек доста­рының рухына бас иіп, гүл шоқтарын қойғысы келеді. Сондықтан олардың пор­­треттерін мерекелік шеру кезін­де партия филиалының волон­терлері немесе әлеуметтік қызметкерлер ұстап шығатын болады.

Жыл сайын акция жаңа­лықтармен, қызықты істермен толығып келеді.

− Осыдан екі жыл бұрын бірнеше адам бір ардагердің суретін әкелді. Сөйтсек, соғыс­та қаза тапқан боздақ әлгі кісілердің барлығына ортақ туыс екен, олар бір қала­да тұрып, бірін-бірі білмеген. Олар акция арқылы туыстарын тауып, арқа-жар­қа болды. Ал биыл бір әжей соғыстан қайтпаған, хабарсыз кеткен ағасының хатын әкелді. Көмек сұрады. Біз әске­ри комиссариаттар, архивтер арқылы әжейдің ағасының Батыс Еуропада жерленгенін анық­тадық, − дейді Олжас Дүйсеков.

Қостанайлық нұротан­дық­тар акция бастал­ғалы бері бір мыңнан аса соғыс арда­герінің портреттерін жасапты. Жеңіс күні мерекелік шеруге қарттар, жастар – барлығы қатысады. Біреу әкесінің, біреу ағасының, нағашысының, атасының, баба­сының пор­треттерін алып шығады. Жеңіс туының жел­бірегеніне 70 жылдан асса да, ерлікке тағзым ес­кір­ген жоқ, аталар рухы ас­қақ­тап, туған елге, туған жерге деген перзенттік сезім әр жү­ректі атша тулатады. Қос­та­найлықтар Жеңіс күнін қа­сиеттеп, қадірлеп қарсы алады.


Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан»


ҚОСТАНАЙ


Соңғы жаңалықтар