Әлем • 21 Сәуір, 2017

Францияда президенттік сайлау алдында лаңкестік болды

269 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бейсенбі күні кешке Париждегі Клисей алаңдарында атыс болды.

Францияда президенттік сайлау алдында лаңкестік болды

Атыс нәтижесінде полицейлердің бірі қаза тапса, тағы екеуі жараланды. Ал шабуыл шасаушы лаңкестің өзі сол жерде жаралы полицей қолынан қаза тапты. Қазақстанда тыйым салынған "ДАИШ" террорлық ұйымы лаңкестік әрекетті өз мойындарына алып отыр. Шабуыл жасаған адам бұрын да радикал-исламист ретінде тәртіп сақшыларының көзіне түскен екен. 

Париж прокуроры Франсуа Моленнің айтуынша, лаңкестің кім екені анықталды. Дегенмен, оның сыбайлыстарының бар-жоғы анықталмайынша, нақты аты-жөні жарияланбайды. 

Тәртіп сақшылары лаңкестің Париждің шетінде тұрған үйіне тінту жасап, террорлық әрекеттің жасалатынын тағы кімдердің білген болуы мүмкін екенін тексеруде.  

ДАИШ-тың таратқан мәлімдемесінде лаңкестің бельгиялық Әбу-Жүсіп екені айтылады. 

Ал франциялық BFMTV телеарнасының ақпаратынша, лаңкес 39 жасар Франция тұрғыны. Шабуыл жасамас бұрын ол Telegram желісі арқылы өзінің ниетін жариялаған. 

Ресми дереккөздің мәліметіне сүйенсек, лаңкестің тастап кеткен көлігінен оның құжаттары табылған. Бірақ нақты мәлімет әзірге берілмейді. 

Арнайы қызметтің таратқан мәліметінше, лаңкес 2005 жылы да екі полицейге шабуыл жасап, үш бап бойынша айыпталған. 

Франция президенті Франсуа Олланд бұл оқиғаның террорлық әрекет екенін айтты. 

Куәгерлер лаңкестің Калашников қаруымен атқанын көрген.  

Бір полицейді өлтіргеннен кейін лаңкес қашуға әрекеттеніп жүріп тағы екі тәртіп сақшысы мен кездейсоқ өтіп бара жатқан бір адамды жаралап, ақырында жараланған полиция қызметкерінің қолынан қаза тапты.  

BBC-дің хабарлауынша, Елисей алаңы лаңкестік әрекеттер ұйымдастырылу мүмкіндігі жоғары жерлердің бірі. Өйткені, бұл жерде бір мезгілде жүздеген қала тұрғындары мен туристер серуендейді. 

Естеріңізге сала кетейік, алдағы жексенбіде Францияда президенттік сайлаудың бірінші кезеңі өтпек. 

Бұл жолғы президенттік сайлауда Франция мемлекет басшылығынан үміткерлердің барлығының сайлауалды бағдарламаларында радикалды ислам қаупінен сақтануға басымдылық берілген. Франс пресс агенттігінің мәліметінше, 2015 жылдан бері Францияда радикалды ислам лаңкестерінің қолынан 238 адам қаза тапқан. Ал соңғы екі жылда бұл елде террорлық әрекеттер тіпті көбейіп кеткен. 


Соңғы жаңалықтар