Қазақстан • 21 Сәуір, 2017

Елбасы Әсет Исекешевке сын айтты

157 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

​Президент Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы құрылысы жаңа біткен нысандардың жанында тау болып үйілген қоқыстардың жиналмай жатқанына кейістік танытты.

Елбасы Әсет Исекешевке сын айтты

"Кейбір құрылыс компаниялары салынған үйлердің жанынан құрылыс қоқыстарын да шығармайды. Қала толған қоқыс. Мұндай бұрын тіпті Әділбек Рыскелдіұлы кезінде де болған емес" деді Президент ЭКСПО көрмесіне дайындық мәселелерін пысықтауға арналған отырыста. 

Астана әкімі Әсет Исекешев қыстан соң, осындай қоқыстар көптеп анықталып жататындығын растады. 

"Қазір заңнаманы өзгерту жөнінде ұсыныспен шығып жатырмыз. Себебі бұл бүгінде еш заңмен реттелмейді" деп жауап берді Ә. Исекешев. 

"Ол (құрылыс компаниясы - ред.) міндетті қоқыс жинауға. Тұрғын үй салды ма, маңайына жолдар салып, ағаш отырғызуы керек. Ал олар онымен айналыспақ түгілі, қоқысты да жинамайды. Себебі, біз талап етпейміз. Айыппұл салып, соттау керек" деді Президент. 

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жаңадан салынып жатқан үйлердің сырт келбетін өзгертуді тапсырды. 


«Біздің кейбір үйлеріміздің қасбетіне қараңыздар. Президенттің көз алдында тұрған үйлердің қасбеті, адам жүретін жолдарда тақтайшалар түсіп қалған, бұзылып, жұпыны тартқан. Үй иелері бұны ретке келтірмейді, себебі ешкім талап етіп жатқан жоқ. Бізде қыс ұзақ, қыста қалада жасыл-желек болмайды, елорданы тек әдемі нысандар көркейтіп тұрады. Меніңше көк, сары, ақ түстер біздің қаламызға жақсы жарасады. Осыны біреу қадағалап отыруы тиіс. Оңтүстіккореялықтар биік-биік үйлер салып жатыр. Сұп-сұр суық ғимарат. Тұрғын үй емес, Ішкі істер министрлігіне арналған мекемелер сияқты. Тым құрығанда ақ үйлер болуы керек. Не қиындық бар мұнда?! Қазір бар ма ол құрылыс компаниясы, оңтүстіккореялық инвесторды тұрғызыңыздаршы. Біз Сіздерді шақырттық, жақсы үйлер салып жатырсыздар, сол үшін алғыс айтамыз, бірақ неге сол үйлердің қасбеті басқа тұрғын үйлерге қарағанда тым нашар?», - деп сұрады Елбасы HighWhill тұрғын үй кешенін меңзеп. «Құрметті Президент мырза, Сіз айтқан сыныңызды ескере отырып, біз барлық өзгерістерді енгізуге дайынбыз» деді өз кезегінде оңтүстіккореялық инвестор. 

Президенттің сөзінше, бұл жұмысты о баста қадағалап отырғанда, мұндай проблемалар туындамас еді. «Мен Ақордадан күнде барлығын көріп тұратынымды ескер. ЭКСПО қарсаңында жағдайды түзетесіңдер деп ойлаймын. Жалпы жақсы салып жатырсыздар, бұны түзетуге болады» деп атап өтті Елбасы.



Соңғы жаңалықтар