Қазақстан • 21 Сәуір, 2017

Назарбаев ЭКСПО кезінде көлік кептелісін болдырмауды тапсырды

111 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

​Президент Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО көрмесіне дайындық мәселелерін пысықтауға арналған кеңес барысында Астанадағы көлік кептелісін шешуді тапсырды.

Назарбаев ЭКСПО кезінде көлік кептелісін болдырмауды тапсырды

"Соңғы бес жыл болды, Астананы дамытуға арналған отырыстарда маған қалада ақылды бағдаршамдар орнатылатынын айтып келеді. Қайда ол бағдаршамдар? Біздегі көлік кептелісіне қараңыздар. ЭКСПО кезінде не болады? Адамдар миллиондап келеді. Кім саралады осыны? ЭКСПО маңыздылығын түсінесіңдер ме, біздің беделімізге не болады, меймандар көрмеде емес, көшеде - кептелісте тұрса?! Қазірден бастап, өзге қалалар қандай шаралар қолданатынын зерттеуіміз керек. Токио, Лондон, Еуропа қалаларындағы кептелістер қалай шешімін тауып жатыр. Сондықтан мәселені шешіңдер", - деді Елбасы. 

Мемлекет басшысының айтуынша, тиімді трафик пен тиімді қозғалыс жүйесі басқа қалалармен салыстырғанда, озық болуы тиіс. 

"Ол үшін біз IVECO-ның 380 автобусын сатып алдық. Олардың әрқайсысы 120 миллион теңге тұрады. Қазір оларды жүргізетін адам жоқ екені анықталды. Біліктілігі бар жүргізуші жоқ. Дайындау және оқыту жұмыстарымен ешкім айналыспайды. Бұл осы автобустарды сатып алу келісімшарттарында көрсетілуі тиіс еді. Автобустарға қызмет көрсететін орталықтар жоқ", - деді Н. Назарбаев. 

Өз кезегінде Астана әкімінің орынбасары Сергей Хорошун бұл мәселе назардан тыс қалып кеткендігін мойындады. 

"Расында, жүргізушілер бойынша жұмысты кезінде ескермедік. Қазір ол олқылықты түзетіп жатырмыз. Алғашқы 30 автобус келді, 200 жүргізуші оқытылды. Апта сайын 80 автобустан жеткізіліп отырады. ЭКСПО көрмесіне дейін 380 автобус толық елордада болады", - деді Астана әкімінің орынбасары Сергей Хорошун. 

"Қазір асығып, неше түрлі жүргізушілерді автобусқа отырғызып қоймаңдар, көшеде адам қағып жүрмесін. Осыны қолға ал!", - деді Президент Хорошунға қаратып айтқан сөзінде.

Өз кезегінде Әсет Исекешев Елбасына көлік инфрақұрылымы жайында баяндады. 

«Әуежайдың жаңа терминалы мен теміржол вокзалы уақытылы пайдалануға беріледі. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі барлық қажетті қосымша пойыздарды, әуе рейстерді пысықтады. Үкіметтің қолдауымен автобустар сатып алынды. 110 автобусты халықаралық делегацияларға бөлдік. 167 автобусты шаттл-бастың 7 бағдарына жібереміз, яғни бұл арнайы экспресстер меймандарды ЭКСПО аумағына тасымалдайды. Сонымен қатар «Астана такси» қызметі құрылды», - деді әкім. 

Оның сөзіне қарағанда, ЭКСПО-қалашығы аумағына келетін көліктер тұрақтармен қамтамасыз етіледі.

«Қауіпсіздік бойынша осында арнайы комиссия жұмыс істейді. Қала тарапынан біз ахуалдық орталықты құрдық. Онда қаладағы барлық қызметтер қамтылады. 3 мың бейне камера барлық қажетті орындарды қамтып, аталған орталыққа мәліметтерді береді», - деді Исекешев. 

Мұнымен қоса ол көрме кезіндегі медициналық көмек бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен пысықталғанын жеткізді. ЭКСПО аумағында 7 медициналық пункт жұмыс істейтін болады, ал қала аумағында 13 медициналық мекеме дайындалды.



Соңғы жаңалықтар