Наиль САЛИМОВ,
Солтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:
– Елбасының тікелей бастамашылығымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында жұмыс істейтін достық үйлері тәуелсіздігімізге қалтқысыз қызмет етіп келеді. Егемендігіміздің елең-алаң шағынан бері түрлі саяси-мәдени шараларға белсене араласып, қоғам тұрақтылығын сақтауды, татулықты, бірлікті дәріптеуді, қазақ халқы мен өзге де этностардың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, мәдениетін, тілін насихаттауды басты мұрат тұтады. Осыдан жиырма жыл бұрын этномәдени орталықтардың саны бесеу ғана болса, бүгінде Достық үйінде – 13, аудандарда 106 құрылым жұмыс істейді.
Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңару» бағдарламалық мақаласында туған жерді айрықша қастерлеу, өркендетуге үлес қосу шынайы патриотизмнің маңызды бөлігі екенін ерекше атап көрсетті. Осыған орай «Туған жер», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» бағдарламалары ұсынылып, Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімді қалыптастыруға шақырды. Бұл тұрғыдан сөз қозғайтын болсақ, достық үйлері тарапынан атқарылып жатқан шаралар қызықтылығымен, мазмұндылығымен ерекшеленеді. Олар ұйымдастыратын шараларға жастар үлкен ынта жігермен қатысып жүр. Мектептер жанынан этноклубтар ашылып, белсенді өкілдер тартылды. Колледждер жанынан құрылған «Бейбітшілік және келісім» орталықтары да өміршеңдігін танытты. Үлкен Ел – Үлкен отбасы», «Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» бүкілхалықтық акциялар барысында үш жүзден астам игілікті шаралар атқарылып, бірлік пен ынтымақтастың өнегелі үрдістері кеңінен түсіндірілді.
Ләззат ЖАЛМҰҚАНОВА,
№17 ұлттық өркендеу-мектеп кешенінің директоры:
– Жаһандану үрдісі ерекше белең алып, түсініксіз құбылыстар көбейген тұста өскелең ұрпақ бойына Мемлекет басшысы белгілеп берген «Мәңгілік Ел» қағидаттарын ұялату өте маңызды. Жуырда баспасөзде жарияланып, жұртшылықтың ерекше қызығушылығын тудырған мақалада бұқаралық сана-сезімнің «отбасы, ошақ қасы» аясында қалуы салдарынан туындайтын көкейкесті жайттар ашық айтылып, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ тәрбиелеу жайына баса назар аударылды. Осыдан ширек ғасыр бұрын шаңырақ көтерген білім ұясында тоғыз этностық бөлім жұмыс істеп, екі жүзге жуық бала білім алады. Олардың арасында ана тілін еркін меңгеріп, төл мәдениетімен жете танысқысы келетіндер қатары көп. «Қазақстан – ортақ үйіміз», тағы басқа тақырыптар шеңберінде отаншылдыққа тәрбиелеу тағылымдары үзбей насихатталады. Бұл мәселелер оқу бағдарламасында да жан-жақты қамтылған.
«Қайырымдылық керуені», «Жақсылық жаса!», «Шын жүректен» акцияларынан жиналған 4,5 миллион теңге сырқат балалардың мұқтажына жұмсалды. Достық үйлерінің Аналар кеңесімен бірлесіп өткізген шаралары да қолдауға тұрарлық. Мәселен, «Ақ орамал» акциясына 6500 адам қатысып, 14 елді мекен қамтылды.
Рашбиль ЕВДАЕВ,
«Еврей мәдениеті» облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы
– Достық үйлерінің этносаралық келісімді нығайтудағы рөлі өлшеусіз екенін күнделікті жұмыс тәжірибесінен айқын байқаймыз. Олардың қабырғаларында өтетін іс-шаралар ешкімді де бей-жай қалдырған емес. «Салт-дәстүр» этномәдени фестивальдары, «Алғыс айту» мерекелері адамдардың бір-біріне деген шынайы құрмет сезімін оятып, одан әрі жақындастыра түсті. «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін талқылау барысында ел бірлігін, ынтымағын сақтауға қатысты танымдық ойлар сабақталып, Елбасының ұлт пен ұлыстарды ортақ мақсатқа жетелеудегі жанқиярлық еңбегі ерекше атап көрсетілді.
Біз қайырымдылық акцияларына да қатысып тұрамыз. Тұрмысы төмен, көп балалы отбасыларға, аз қамтылған жандарға бірнеше мәрте қаржылық көмек көрсетілді.
Отан– қастерлі де қасиетті ұғым. Мен Әзербайжанда тусам да, саналы ғұмырым Қазақстанмен тағдырлас. Аға ұрпақтың жақсы дәсүрлерін жас буын жалғастырсын десек, кез келген елдің қуаты – халқының бірлігінде, түсіністік тіні – бір шаңырақ астында топтасуында екенін жете ұғындыра білген абзал. Бүгінгі күні этностық төзімділік, сабырлылық ауадай қажет. Өзара сыйластық пен сенімге құрылған Қазақстанның таңдауы айқын. Достық үйлері бірлік қағидасын берік ұстанымға айналдырған. Ана тілді меңгеру, салт-дәстүрлерді үйрену, мерекелік шараларды ұйымдастыру барысында этномәдени бірлестіктерге үнемі қолдау көрсетіп, ұйытқы болып келеді. Бұдан былай да этносаралық қатынастарды топтастырушылық рөлі артпаса, кемімек емес.
Иә, ынтымағы жарасқан елдің болашағы қашанда жарқын. «Бақыт бағалай білгеннің ғана басында тұрады» деп текке айтылмаса керек. Өңірдегі достық үйлері мен олардың белсенді қатысушылары да Елбасының «Тұрақтылық – біздің татулығымыз берік болуы үшін табан тірейтін тұғырымыз» деген сөздерін басты бағдар еткен.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы