24 Сәуір, 2017

​Ұлтты танып болдық па?

111 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өткен 25 жылдың ішінде дамыған елдердің үлгісінде технологиялық трансфертті жүзеге асырдық. Алыс-жақын мемлекеттермен экономикалық қарым-қатынастарды реттедік. Осы үдерістерді қорытындылаған ғылыми орталықтар Қазақстанда экономиканы нарыққа көшіру үрдісі аяқталды деп отыр. Яғни, ендігі кезекте әлеуметтік-рухани, адами-шығармашылық мұрат­тарды сол экономика арқылы баянды етуді шұғыл қолға алу керек.

​Ұлтты танып болдық па?

Біз енді заң шығару, нормативтік-құқықтық актілерді айқындау қызметінде адамның қабілет-мүмкіндігін, талап-тілегі мен қоғамның адамгершілік ұста­нымдарын, туған халқымыздың ұлттық және мәдени дәстүрлерін, еліміздің тарихи және табиғи ерекшеліктерін ескеруге тиіспіз.

Егер нормативтік-құқықтық құжат­тарда заң техникасы басым бола берсе, заң әзірлеу қызметінде шетелдік ұйымдардың талаптарын талғамсыз қабылдай берсек, экономика адамгершілік сипатын таппаса, рухани толысу жолындағы шаралар тиісті жемісін бермеуі мүмкін. Ұлттық мораль, имандылық қасиеттері, сан ғасырлық мәдени дағдылар, ана тілі арқылы берілетін дәстүрлі ізгіліктер – бәрі заң жүзіндегі қолдауды қажет етеді. Өзара сыйластық, шынайы махаббат, туысқандық, бауырмалдық сезімі секілді адамға тән қасиеттер де солай.

Біз осы уақытқа дейін заңдарды адам мен адамгершілікке бейімдей алдық па? Адамның тұлға емес, биологиялық тіршілік иесі түрінде материалдық қажеттіліктерді ғана іздеушіге, ал халықтың рухани қазы­на көзі ретіндегі қасиетін сұйылтып, техно­краттық топқа айналмауын ойладық па? Ойласақ, солай болмауына қызмет ететін сүбелі заңдар қайда?

Түсініксіз үрдістер жүріп жатыр. Бала­лар көкорай шағынан тестілеу нысанасына айналды. Олар өздерін жауабы бірде дұрыс, бірде бұрыс сауалдардың роботы секілді сезінеді. Ұстазбен жанды, адамгершілік ілтипатқа толы тәлімді байланыс азайып барады. Ал осыған жол ашып қойған заң тұлғаны емес, өзіндік ойлау кеңістігі шектелген, адамдық болмысы механикаландырылған пендені, Чеховша айтсақ, «Құндақтаулы адамды» («Человек в футляре») қалыптастырып жат­қан жоқ па?!

Ұлттық дәстүр мен өмір сүру дағдысы туралы алаңдайтын заңды да таба алмаймыз. «Мәдениет туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Телерадио хабарларын тарату туралы» секілді руха­ни-шығармашылық құндылықтарға арнал­ған заң­дарда олар жайында арнайы айтылмайды. Ұлттық дәстүр және оны қорғау жөнінде бір ауыз сөз жоқ. Мемлекет ішін­­дегі қарым-қатынастарды реттеуге және ұлт пен адамның құқық қорғауға түбе­гейлі арналған кодекс те бұл орайда сараң сөйлейді.

Бәлкім, сондықтан, елімізде бұрын-соңды болмаған сұмдықтар жайлы жиі ести бастадық. Педофилдер, гейлер, нәрестені қоқыс жәшігіне лақтыру, сәбиді сату, суицид... айта берсең, үрейің ұшады.

Психолог мамандар адамдардың оңаша­лану, эгоизм, мейірімсіздік пен арсыз­дық секілді жағымсыз қасиеттерге үйір болып бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. Алдау, арбау, тиын-тебен үшін өлтіре салу тележаңалықтардың тұрақты тақырыбына айналғалы қашан?! Ең қорқыныштысы сол, тізіп шыққан сорақылықтар дағдылы әрекеттерге айналып бара жатқандай.

Ойланайықшы, Халық – Адам – Қоғам – Мемлекет, осы төртеуінің арасында алқаусыз байланыс бар ма? Бар болса, қандай дәрежеде? Осы біз өз ұлтымызды өзіміз танып болдық па? Қазақ ХХІ ғасыр­да қай бағытта жетілді, қай бағытта кетілді? Зерттеп жүрген кім бар?

Әлі есімде, 1991 жылдың сәуірінде Целиноград облыстық партия конференциясы болып, «Тіл және мәдениет» қоғамының төрағасы ретінде бізге сөз берді. Патшалық Ресей, большевиктердің төңкерісі, репрессия мен қолдан ұйымдастырылған аштық, тың игеру жылдарындағы аласапыранның қазақ халқының санасын қалай сандалтып, рухын қалай тонағанын айта келіп, былай деп едім: «Осы қасақана ұйымдастырылған шым-шытырықтардың сол кездегі елдің психологиясына, жалпы ұлттық даму барысына қаншалықты кері әсер еткенін ешкім зерттеген емес, әлі де зерттейтін ниет жоқ. Егер осы іспен жүйелі айналысатын адам табылса, ол ғаламат кереғарлықтардың сырын ашар еді. Сананы, зердені жаңылдырудың біздің советтік дәуірімізде жасалған айла-шарғыларының тұтас бір саласын тарқатып шығарар еді. Мұның өзі келе-келе ұлт тану ғылымының пайда болуына әкеліп соғар еді.

Қарап отырсақ, бәрі де бар: жаратылыс тану, жер тану, шыбын-шіркей тану, топырақ тану... тек ұлттану мен адам тану жоқ. Революциялық сойқан сарындар мен советтік өзгерістердің ұлттың жан-жүрегінде қалдырған ізі туралы біз әлі күнге ештеңе білмейміз».

Содан бері 26 жыл өтті. Ұлтымыз жайлы не білдік? Оған кеңес зобалаңдарының зардабын былай қойғанда, қазақ халқына бәрі тауарға айналған, бәрі сатылатын на­рықтың әсері қандай екенін зерттедік пе?

Біз бүгінде, жаңа заманға өткен тұста қазіргі қолданыстағы заңдарды адам мен ұлттың мүддесі тұрғысынан, адамгершілік пен ұлттық дәстүрлі құндылықтардың тұр­ғысынан сүзіп шығуымыз керек. Оларға ұлттық, адамгершілік сипат беруді қарастырған абзал. Бәлкім, осындай ізгі шара­лармен түбегейлі айналысатын ұлттану ғылымын қалыптастырған жөн шығар. Өзіңді танысаң, заманды да танисың. Елбасы міндет етіп қойған Рухани жаңғыру осыны меңзейді.