30 Сәуір, 2011

Тағылым

576 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Өткен күнде белгі жоқ жейді. Олай болса, осыдан жарты ғасыр бұрынғы басыңнан өткен кейбір дүниелер неге ұмытыл­майды? Иә, ол кезде күш-қуа­тымыз тау қопарардай көріне­ін, арман-мүддеміз асқақ, биік болатын. Жас болатынбыз. Сондықтан да шығар. Шалғайда жатқан елді мекенге анда-санда бас тіреген облыстық, республикалық дең­гейдегі журналист, жазарман қауымға қызыға қарайтынбыз. Айтқан әңгімелерін ұйып тың­дап, сөз саптасына, мінез-құл­қына, жүріс-тұ­рысына көңіл бөлетінбіз. Еліктейтінбіз, солар сияқты бас­пасөз бетінен жиі көрін­гіміз келіп, хабар-ошар жа­за­тынбыз. Сөй­тіп, бірте-бірте жергілікті газет­тердің штаттан тыс тілшісіне айналып, оның тұрақты автор­лары­ның қатарына қосылдық. Біздің ақпарат кеңістігінен көрінуіміз осылай басталған. Баспасөз саласына пәленбай жыл өмірін арнап, ыстық-суы­ғы­на көніп, бұл кәсіптің жақ­сылық-жамандығын, ауыртпа­лығын бөлісе білген, от-көрі­гін­де пісіп-шыңдалған кәсіпқой журналистердің қайсысынан болса да тағылым алып, игі шарапатын көргеніміз шын. Дей тұрсақ та, бұлардың ішінен екі адамды Әсекең – жазушы-жур­налист, майдангер Әскен Нәбиев – пен белгілі журналист Орекең – Орақ Смағұлов – ағаларымды ерекше атап өткім келеді. Ақмола облысының сонау теріскейіндегі Ақсу руднигінде қоныс тепкен «Советская» деп ата­ла­тын көшеде негізінен Ке­рей­дің Күрсары тармағынан өр­битін бір-бірімен аталас, туыс-жекжаттар орналасқандықтан қа­зақтар оны «Бәйсүгір» ауылы дей­тін. Әсекеңнің әкесінің, аға­ларының үй-іштерімен көрші тұр­дық. Сондықтан болар, жазу­шы ағамыз Ақсуға бірде редакция тапсырмасымен, кейде жеке шаруасымен келе қалса: «Ғазиз ағайға сәлем берейін», деп біздің үйге үнемі кіріп шығатын. Әрине, мәселе ағайыншыл, туыс­шылдықта ғана емес. Ме­нің газетке шыққан бірлі-жарым хабар-ошарымды байқап: «Редакциямен байланысыңды үзбе, жазып тұр, көмек керек болса айт, ұялма», деп қолдап, қол­паш­тап, ақыл-кеңесін беріп жа­та­тын. Бірде ол газет тарату нау­қанымен келгенде жанын­дағы жолдасын: «Социалистік Қазақ­стан» газетінен. Орақбай Сма­ғұлов» – деп таныстырды. Еліміздің бас газеті – «Социалистік Қазақстанның» Ақмола облысындағы арнаулы өкілі ретінде осы жауапты қызметті мін­сіз атқарған ағамыздың әр­түрлі тақырыпқа жазған сүбелі материалдарынан оқушылар құ­лағдар еді. Оның орынды, дә­лелді жазған кейбір сын мақа­лалары өлкелік, облыстық партия комитеттерінің бюро мәжі­ліс­терінде талқыланып, тиісті қорытынды жасалып, жұртшы­лықты елең еткізіп жататын. Міне, осындай майталман га­зет қызметкерінің біздің жақта іссапарда жүргенде онымен бірнеше кездесудің реті түскен. Мұның өзі мен сияқты журналист боламын, газетке барамын деп талпынып жүрген адам үшін үлкен мектеп болғанын жасыра алмаймын. Орекеңнің керек-ау деген кісілермен кездесіп, қалай әңгіме-сұхбат құрғанына куә болдық. Тиісті құжаттар мен деректерді мүмкіндігінше молырақ жинап, мұны қалай пайдалануға бола­тын­дығын сұрыптап, қалай анық­тайтындығын байқадық. Толып жатқан әртүрлі ақпаратқа дұрыс бағасын бере білуі, сосын мұның бәрін қорытып, қалай бір жүйеге түсіретіндігін кейін газеттен оқыдық. Журналист аға­мыздың қимыл-әрекетіне үңіліп, қажетті деген көп нәрсені көңілге түйдік, сабақ алдық. Осыған орай кәсіпқой жазарман мен жергілікті тілшінің ара қатынасы туралы бір мысал келтірудің реті келіп тұр. Ақсу руднигі комсомол ұйы­мы­ның секретарьлығына қатары­нан екі дүркін сайланбастан бұ­рын бес жыл кен карьерінде электрші болып істегендіктен кә­сіп­орындағы жұмыс барысынан хабарым бар болатын. Қоғамдық тілші ретінде өндіріс ошағында қол жеткен табыстарды, еңбек озаттарының өнегелі істерімен қатар орын алған кемшіліктерді де газетке жазып тұратынмын. Бірде техника қауіпсіздігі ере­же­лері­нің қатаң сақталма­ған­дығынан және басшы инженер-техник қызметкерлерінің оралым­сыздығынан карьерде техногендік апатқа жол берілді, техникалық құрал-жабдықтар кен орнындағы забойда су астында қалды, шаруа­шылық көп шығынға батты. Өн­дірісте қалыптасқан осындай тө­тен­ше жағдай туралы Орекеңмен ақылдасып едім, Ақмоладан әдейі келді. Болған жағдайды көзімен көрді, мамандармен, басшылар­мен кездесті. Мәселенің мәнісіне үңілді. Сөйтіп, менің «Жауапкершілік қайда?» деген материа­лым­ның «Социалистік Қазақстан» газетінде (31.08.1963) жарық көруі­не мұрындық болды. Жолымбет өнеркәсіп-өндіріс­тік партия комитетінің секретары С. Красностановтың редакцияға жіберген жауабында: А.Кәкенов жазған сын мақаланы арнайы тал­қыладық, автор «кен карьерінің жұмысында елеулі кемшіліктер орын алып отырғандығын дұрыс көрсеткен. Тексеруде газетте көр­сетілген фактілер анықтал­ды», деп жазды. Секретарь жолдас мұндай берекесіздікке жол берген басшылардың аты-жөнін түстеп, әкімшілік жазаға ұшырағандығын айта келіп, «орын алған кемшіліктерді алдағы уақытта болдырмау үшін нақты шаралар белгіленді», – деп хабарлады («Социалистік Қазақстан», 28.11.1963). * * * Тың игеру науқанын қарқын­ды жүргізейік деген желеумен елі­міздің батыс өңірлерінен Са­ры­арқа жеріне адам көші эшелон-эшелонмен толассыз ағылды. Ауыл шаруашылық кешенінің, өнеркәсіп өндірісінің, құрылыс учаскелерінің, басқару аппарат­тары­ның тұтқалы орындарына орталық жіберген кадрлар жай­ғасып, жергілікті мамандар қыз­метінен ығыстырылып, шеттетіліп жатты. Мұндай империялық саясаттың ел ішіндегі әлеуметтік жағдайдың шиеленісе түсуіне әсер еткендігі сөзсіз. Айталық, сол кезде пәтер бөлу мәселесі ушығып, әділетсіздік белең ала бастайды. Жаңадан ашылған кәсіпорындар мен мекемелерге ауылдан келген қазақтар жұмысқа орналасады, қаладан үй аламыз деп үміттенеді. Бірақ жайлы қонысқа қолы жетпеген олар бала-шағаларын шұбыр­тып, қымбатқа пәтер жалдайды немесе қала шетіндегі лашық­тарда тұрып, күн кешеді. Қалада жаңа үйлер салынып жатса да оларға мұндай жақсылықтың ауылы көріне қоймайды. Міне, осыған байланысты Орақбай аға Смағұлов енді Ақмоладағы кезек бойынша үй беру мен бөлудің нақты жағ­дайын жан-жақты зерттеп, «Ақ­моладағы талапай» деген фельетон жазады. «Социалистік Қа­зақ­станның» сыны қоғамда то­сыннан жарыл­ған бомба сияқ­ты әсер етеді. Жұрт бір-бірі­нен естіп, фельетон шыққан газет нөмірін дүңгіршектен іздеп жүріп са­тып алады. Мұ­ны естіп-сезген әртүрлі мекемелер мен ұйымдар материалды қолма-қол аудартып, оның маз­мұны Қазақстанның солтүстік бес облысына жайғасқан өлке аумағына тез тарайды. Фельетон партия, совет ұйымдарының жиналыстарында арнайы талқыға түсіп, кезекпен үй бөлу тәртібін бұзған лауа­зым­ды шенеуніктерге сөгіс жа­рияланып, орынсыз зардап шеккен жазықсыз жандардың бірсы­пырасы өздеріне тиісті пәтер­лерін иемденеді. Осыған орай қоғамдағы ең өткір әлеуметтік мәселеге жанашырлық білдіріп, оны баспасөзде жариялап, ақи­қат туын асқақтата білген журналист Орақбай Смағұловтың өзі де, оны байтақ елге хабар­лаған «Социалистік Қазақстан» газетінің де абырой-беделі ел ішінде аспандай түскені сөзсіз. Оны айтасыз, бұл фельетон­ның жаңғырығы шет елге жеткен. Олай дейтініміз, Рейтер мен Би-би-си агенттігі осы материал жөнінде ақпар таратып, хабар­дың редакциялық аңдатпасында оның авторы «Социалистік Қа­зақ­стан» газетінің меншікті тілшісі, белгілі қазақ журналисі» деп жазған. Орекең мұны білмейді. Солай бола тұрса да бір күні мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жергілікті басқар­ма­сына шақырылады. – Смағұлов жолдас, фелье­тонды бізге қарсы шет елдердің Рейтер мен Би-би-си сияқты агенттіктеріне неге бердіңіз? Қандай мақсатпен? Бұған кім көмектесті? Мұны өз еркіңізбен істедіңіз бе, әлде біреу мәжүбір­леді ме? Кім-кімдермен байла­ныс жасадыңыз?.. Орекеңнің өңі түгіл, түсіне енбейтін сұрақтар. Журналист ағамыз бұдан бейхабар болса, не айтушы еді? Кейін бұған тергеушінің өзі­нің де көзі жеткен. * * * Қазақстанның құрметті журналисі Орақбай Смағұлов аға­мыз барлық ғұмырын қазақ бас­пасөзіне арнады. 1950 жылдың 1 ақпанында «Социалистік Қа­зақ­стан» газетінің табалды­ры­ғын имене аттаған ол осы қара шаңырақта тапжылмастан таба­ны күректей жиырма бес жыл істеді. Еңбек жолын әдеби қызметкірліктен бастап меншікті тілші, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды, редколлегия мүшесі болды. Содан соң 1975 жылдан зейнетке шық­қанға дейін «Қазақстан коммунисі» (қазіргі «Ақиқат») жур­налында бөлім басқарды. Зейнеткер бола жүріп, ҚазМУ-де біраз уақыт дәріс берді. Қазір Орақбай ағамыз ара­мыз­да жоқ. Солай болса да, қазақ баспасөзін өркендетуге елеулі үлес қосқан майталман жур­налистің асыл бейнесін кейінгі ұрпағы ұмытпайды, әрда­йым есінде сақтайды деп ой­лаймыз. Амантай КӘКЕН. Астана.