Дарияның айтуынша, бұл байқауға еліміздегі телеарналарда және газеттер мен сайттарда жұмыс істейтін журналистер қатысып, өздерінің 300-ден аса жұмыстарын ұсыныпты.
− Біздің шаһарда «Қайырымдылық» қоры, «Екібастұз» балалар қоғамдық қоры және «Екібастұздың болашағы үшін» секілді бірқатар қоғамдық бірлестіктер жұмыс істейді. Мен осы ұйымдар тарапынан атқарылып жатқан қайырымдылық шаралар, олардың тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандарға жасаған көмегі және ауыр науқасқа тап болған балаларға көрсеткен қолдаулары туралы жаздым. Сондай-ақ, қатерлі дертке ұшыраған екі балаға қамқорлық шарасы ретінде қайырымдылық концерті ұйымдастырылып, жиналған қаржыға олардың шетелде емделіп жатқанын мақалаға арқау еттім, − дейді әріптесіміз.
Ал, байқау қорытындысында бас жүлдені (Парижге сапар) астаналық журналист Ренат Ташқынбаев жеңіп алыпты. Дарияға екі адамға арналған Гонконгке саяхат жасауға 7 күндік тегін жолдама берілді.
Жүлдегер журналист бұл күндері қалалық «Отарқа» газеті редакторының орынбасары болып қызмет етеді. Аталмыш басылым жақында ғана 25 жылдық мерейтойын атап өтті. Біз әріптесімізге сәт-сапар тілеп, адамгершілік, жылылық пен жақсылық тақырыбын арқау еткен мақалалары көбейе берсін дегіміз келеді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР