2011 жылғы 15 наурыз №14-1/113 Астана қаласы
Қазақстан Республикасында арнайы су пайдалануға рұқсат беруге арналған өтініште көрсетілетін мәліметтерді
бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Су кодексінің 37-бабының 6-1) тармақшасына сәйкес, бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында арнайы су пайдалануға рұқсат беруге арналған өтініште көрсетілетін мәліметтер бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Табиғат ресурстарын пайдалану стратегиясы департаменті (Ж.Ы.Омаров) осы бұйрықтың заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Ауыл шаруашылығы вице-министрі М.Ә.Оразаевқа жүктелсін.
Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр А.КҮРІШБАЕВ.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2011 жылғы 15 наурыздағы № 14-1/113 бұйрығымен бекітілген
Арнайы су пайдалануға рұқсат беруге арналған өтініште көрсетілетін мәліметтер
Арнайы су пайдалануға рұқсат беруге арналған өтініште мынадай мәліметтер көрсетіледі:
1) су пайдаланудың түрі (Қазақстан Республикасы Су Кодексінің 66 - бабының 6 - тармағына сәйкес);
2) жер үсті суларын жинап алу және (немесе) пайдалану (сарқынды суларды ағызу, жер асты су көзін) орындарының координаттары көрсетілген ахуалдық схемаcы;
3) су пайдалану мақсаты;
4) су объектісінің атауы, негізгі гидрологиялық және гидрогеологиялық сипаттамалары, су пайдаланудың басқа да шарттары;
5) жер үсті суларын жинап алу және (немесе) пайдалану (ағызылатын сарқынды сулардың, жинап алынатын жер асты суларының) болжанып отырған көлемі (текше метр/ жыл, текше метр /тәулік, литр/секунд);
6) өнім бірлігіне кететін жер үсті, жер асты және сарқынды сулардың үлестік шығыстары;
7) су пайдалануды бастау мен аяқтаудың болжанып отырған мерзімдері;
8) су тұтыну мен су жіберудің теңгерімдік схемасы мен есептемелері;
9) жеке тұлға үшін - аты-жөні, байланыс телефоны;
заңды тұлға үшін - заңды тұлғаның атауы және деректемелері;
10) су пайдаланушының өндірістік қызметіне сипаттама (шығарылатын өнімнің көлемі, қызметкерлердің, қызмет көрсетілетін халықтың саны, қуаты, суарылатын учаскелерінің алаңдары);
11) өтініш берушінің техникалық және технологиялық іс-шараларды, қайта өңдеуді және жұмыстардың қауіпсіздік техникасын қамтамасыз етуді қоса алғанда, жер үсті және жер асты суларын сарқылу мен ластанудан қорғауға, сарқынды суларды қабылдағышқа, қоршаған ортаны қорғауға қатысты ниеті;
12) өтініш берушінің кен орнынан (оның учаскесінің) жер асты суларын жинап алу кезіндегі су пайдалану шарттары туралы ниеті;
13) арнайы су пайдалануға бұрын берілген рұқсаттың деректері (нөмірі, берілген күні, кім берді, қолданылу мерзімі, егер осылар өтініш берушіде бар болса, жер үсті және жер асты суларын жинап алу және (немесе) пайдалану жөніндегі пайдалану, өнеркәсіптік және басқа да сарқынды суларды жер беті су объектілеріне ағызу тәжірибесі);
14) жер үсті және жер асты суларын пайдаланғаны үшін төленетін төлемдерінің болжанып отырған есебі;
15) суды пайдалануды есепке алуға, режимдік байқауларды және зертханалық талдаулар жүргізуге арналған жабдықтарының сипаттамалары;
16) суды ұтымды пайдалануды қамтамасыз ететін іс-шаралар.
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылғы 5 сәуірде Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №6870 болып енгізілді.