30 Сәуір, 2011

Берекесін өздері тапқан отбасы

408 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Бұл ауылдың ортасынан бұ­лақ кесіп өтеді. Жер астынан буырқанып шығып, бусанып аға­тын бұлақтың аты – Қа­рабұлақ. Ауыл да осылай аталады. Ауылда 40 мыңнан астам адам тұрса, соның 38 мыңнан астамы өзбек этносы. Бірақ, бөтенбіз деп жүрген ешкімі жоқ. Алда-жалда Ташкент бара қалса, ондағы ағайындар: “О, қазақылар келіп қалды”, дер екен. Қазақ емеспіз деп бұлар айтпайды. Бір жыл бұрын осы ауылға “Жұмысшы” өндірістік коопе­ративінің төрағасы Әлімжан Ны­шанқұлов әкім болып тағайын­далған. Азамат жігіт. Қарабұ­лақтың ең үлкен проблемасы – жер. Көрші Түлкібас ауданынан арендаға жер алып, халыққа нәпақа тауып берген жігітке қандай мақтау айтсаң да сыяды. Ауыл әкімі әтештен бұрын оянады. Шопырына да маза жоқ. Мойны қылқиып, басы кеудесіне түсіп, шала ұйқы болып таңғы алтыда есік алдында тұрады. Екеуі ауылды шыр айналып, ша­руашылықтарды аралап шығады. Бәрін көреді, байқайды. Кеңсеге келген соң ой елегінен өткізіп, шешілмеген түйіндерді тарқа­та­ды. Сондықтан да бұл ауылда жұмыссыз жоқ. Ойға, қырға шапқыш әкімнің шаруашылығын да көрдік. Қырда қора-қопсысы бар. Мал бор­да­қы­лайды. Ірі қара және жылқы. Тоқты-торымдары да бар. Базардан толайыммен сатып әкеліп, уақыты жеткен соң етке жығады. Қайда сатамын деп қиналмайды, алушысы дайын. Сонау Алма­тыда, Астанада, Қызылордада... Ірі қара мен жылқы байлаған қораның ортасындағы ен алаң­қайдан тереңдігі үш-төрт метр қазан шұңқыр қазған. Мәймілдеп малаққа толып тұрады. Әдетте, сыртқа шығарылып, бақшалыққа көң, тыңайтқыш есебінде төгілуі керек еді. Әлімжан ойымызды оқыды. – Калифорниялық шуал­шын­ды жіберіп, тыңайтқыш алмақ­шы­мын, – дейді ол. Арғы тегі америкалық осы шуалшыныңыз малақтың нағыз жебірі екен. Қап-қап етіп төгесіз, тесік тауып арасына кіріп кетеді. Екі езуінен май ағып, қазы мен қарта шай­нағандай кіріседі білем. Бойынан шығаратыны – тыңайтқыш. Тың­айтқыш болғанда да химиялық қоспа емес, тазасы. Мәселен, жер жарықтық түрен түспесе үс­тіндегі шөбі шіріп, бір ғасырда әлденеше миллиметр тыңайтқыш түзеді екен. Сондай құрамды осы шуал­шындар береді екен. Кішкене қалташаларға салып сатуға шы­ғарсаңыз, гүл өсіретіндер жа­па-тармағай сатып алар. Нышанқұловтар – көп ағай­ынды. Әкесі Райымқұл ақсақал ертең алакөз болып жүрмеңдер деп өзі пайға алған үлесін ұл­да­рына теңдей бөліп беріпті. Бірақ, бизнестері бірге. Біз барғанда Зафаржан інісі 5 гектар жерінде келіншегі, бала-шағасымен бірге шабық шауып жүр екен. За­фардың КамАЗ-ы бар, тапсырыс алып, сыртқа көкөніс тасымал­дайды. Жұбайы мұғалім. Қолы қалт етсе бақша ішінде. Мұрат, Шухрат ағайындарының да өз жерлері бар. Әрқайсысының жеріне кірер тұста жеке су өлшегіш, электр өлшегіш орнатылған. Тұтынғанын төлейді. Сен элек­трді көп жақтың, сен суды мөлшерден көп алдың жоқ, есептеулі. Құда да, құдағи да тыныш. Ауылдағы аурухананың бас дәрігері Өткіржан Нышанқұлов өз жерінде жекеменшік клиника салып жатыр. Несие алған. Ағай­ындары ақша салады. Мұнда да талас жоқ. Кім көп қаржы бөлді. Табыстан соған сай үлес алады. Болмағанда бала-шағасын, жек­жаттарын жұмысқа қояды. Сол­түстік үшін жұмысқа кіргізу үшін пара беру деген мүмкін құлаққа сыймайтын оқиға шығар. Адам­дары құрттай құжынап жатқан оңтүстікте жұмысқа бас сұғу парамен шешілетіндігін бесіктегі балаға дейін біледі. Бас дәрігер бас шайқар, мектеп директоры өтірік деп шыбжыңдар. Бірақ, алдымызға арыз айтып келген талай азаматтардың айтатыны осы. Сондықтан, жеке клиникаға маман кіргізу де табысты үлес саналады. Бұл ағайынды отбасыларда да, осы ауыл тұрғындарында да үйде бос ақша деген болмайды. Айналымда жүреді. Көктемнен күзге дейін – көкөніс. Қоңыр күзден көктем етегі түрілгенше – мал бордақылау. Жарғақ құлағы жастыққа сирек тиетін әкім үлкен ауылға өзі жақсы үлгі  болып отыр. – Диқандар Елбасыға разы,– дейді. – Жері бар. Тұқымнан бастап тыңайтқышқа, жанар-жағар майға дейін субсидия береді. Өзің үшін, отбасыңды асырау үшін еңбек етесің, тапқаныңа тағы қаржы қосып береді. Ауыл адамына басқа не керек. Кешегі сайлауда ауылымыздың бар адамы Елбасын қолдап дауыс берді. Себебі түсінікті. Қазақстан – біздің Отанымыз, болаша­ғымыз. Басқа жақтан бақыт іздейтін біз емеспіз. Тағдырымыз досқа құшағы ашық қазақ жұртымен бірге. Әлімжан осылай ақтарылған. Біз де осы ауылға жиі қайырыл­ғымыз келеді. Қазақтан ұлы достық көрген өзбек ағайынның істегенін біздің жұрт та үйренсе, ешкімге жалтақтамай жерден өз несібесін теріп жесе деген ниет қой. “Қолы қимылдағанның ауы­зы қимылдайды”. Көп халыққа ортақ осы мәтелдің мәнін өзбек ұлты жақсы біледі. Оған пеш түбінде отырып саясат айтпа, оның досы – кетпен. Ал, кетпен ұстағанның қор болып жүргені жоқ. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы.