«Бұл күнде Қазақстанның құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары өздерінің 20 жылдығын атап өтуде. Осы уақыт ішінде құқықтық статистикалық қызметтің кәсіби қоғамдастықта беделді артып, мемлекеттік басқару жүйесінде лайықты орын алды және елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіпке қатысты объективті ақпараттың ордасына айналып үлгерді», деді Ж.Асанов.
Оның айтуынша, қазіргі кездегі құқықтық ақпарат және қадағалау қызметі бұл өзара байланысты құрамдас салалар болып табылады. Тіпті, бірінсіз екіншісінің қызметі алға басуы мүмкін емес көрінеді.
«Айталық, қадағалау шегі жүйелік деректердің негізінде белгіленетіндіктен, біз онсыз адасып қаламыз. Ал ҚСАЕК-те атқарылған жұмыстар, оған қоса енгізіліп жатқан талдаудың заманауи әдістері қадағалаудың нәтижелі болуына мүмкіндік береді. Осылайша, жүйелі мәселелерді анықтап, түйінді дер кезінде тарқататын боламыз», деді Бас прокурор.
Ал өз кезегінде сөз алған Бағдат Мусин әріптестерін Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының 20 жылдық мерейтойымен құттықтады.
«Осы жылдар ішінде комитет үлкен істер атқарды. Бүгінгі таңда комитеттің жүйелері құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың жұмыс құралы болып отыр. Жақсы деректер базалары және түрлі платформалар бар, олардың негізінде біз одан әрі дамып, жаңа идеялар мен жобаларды жүзеге асырмақпыз», деді Б.Мусин.
Жиынды қорытындылаған сала мамандары пікір алмасып, кеңесе келе, комитет қызметін заман талабына сай жетілдіре түсу үшін үш негізгі міндетті белгіледі. Оның алғашқысы – «құқық қорғау жүйесінің процестерін және мемлекеттік органдарды цифрландыру» тетігі болса, оның аясында электронды рәсімдерді енгізу арқылы қағазбастылықты жою көзделуде. Мұндай қадам мәліметтердің бұрыстығын азайтып, істерді тергеу жеделдігін арттырады және сәйкесінше сыбайлас жемқорлық қаупін төмендетеді. Екінші міндет – «ақпарат құндылығын арттыру». Бұл әрекет процестерді алгоритмдендіру, талдау жұмысын автоматтандырып, ішкі және сыртқы деректердің байланысы болып табылатын Талдау орталығын құруға және сол арқылы криминогендік болжамдар беруге мүмкіндіктер береді. Соңғысы – «біз халыққа жақындап келеміз» жобасы болды. Оның аясында Құқықтық қызметтер орталығын құру және «Тиімді шағымдар қоғамына» жобасын жүзеге асыру көзделуде. Оның басты мақсаты – азаматтардың мәселелерін шешу және олардың өтініштерін нәтижелі қарау.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»