Іс-шараға Мәдениет және спорт министрлігінің Архив ісі және құжаттама департаментінің, мемлекеттік архив мекемелерінің өкілдері, «Зерде» ҰХ басшылары, «Тұран» университетінің оқытушылары мен студенттері, Президент Архивінің ұжымы қатысты. Таныстырылым барысында Қазақстандағы мемлекеттік архивтердегі ақпараттық технологияларды әзірлеу мен енгізудің келелі мәселелері талқыланды.
Таныстырылымды кіріспе сөзбен ашқан Президент Архивінің директоры Борис Жапаров жаһандану дәуірінде цифрлы технологияларға көшу, бұл үрдістің маңызды қырына жататындығын атап өтті. «Ел тарихының деректері сақталатын Қазақстан архивтері бұл үрдіске белсенді түрде жұмылдырылып отыр. Цифрлы технологиялар қағазды құжатқа цифрлы көшірме жасау арқылы түпнұсқалығын сақтау мүмкіндігін береді. Бұл бір жағынан, сақтаудың міндеттерін шешіп берсе, ал екінші жағынан, архивтік мұраның жаппай цифр-
лау деректерімен жұмыс жасайтын зерттеушілер санының ұлғаюына мүмкіндік береді. Ақпараттық технологиялардың арқасында құжат ашық әрі қолжетімді күйге енеді», деді ол.
Цифрлы форматтағы ақпараттың жаңа түрі қазіргі таңда қарқынды түрде дамып келеді, сондықтан архивтер электронды архивтердің сақталуын қамтамасыз етуі тиіс. Биылғы жылдың басында қазақстандық архившілер Америка Құрама Штаттарында болып, онда шетелдік әріптестермен цифрлы технологияларға көшу үрдісі бойынша тәжірибе алмасып қайтты.
«Архивтік құжаттарды цифрлау америкалық архившілердің ең басты міндеттерінің бірі болып табылады. Қазақстандық және америкалық архивтердегі қолданылатын жұмыс технологиялары бір сипатта. Сонымен қатар, Президент Архиві құжаттарды цифрлау мен «электронды архивті» құру ырғағы бойынша америкалық архивтерден озық екендігін» Б.Жапаров атап көрсетті.
Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында цифрлы технологияларға көшу туралы нақты тапсырма берді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан заңнамасын жаңа жағдайға бейімдеу керектігін атап өтіп, «Коммуникацияның дамуы мен оптикалық-талшықты инфрақұрылымға жаппай қолжетімділікті де қамтамасыз ету керек. Цифрлы индустрияны дамыту басқа барлық салаларға серпін береді. Сондықтан, Үкімет ІТ саласын дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстауға тиіс» екендігін нақты бағдар етіп қойды.
2014 жылы Президент Архивінде «2015-2018 жылдарға арналған Ақпараттандыру тұжырымдамасы мен бағдарламасы қабылданып, соған сәйкес құжаттарды жаппай цифрлау басталды. Қазіргі таңда Президент Архивінің «Электронды архив» базасына 62 мыңнан астам іс енгізілді. Бұл зерттеушілердің «Архивтік қор» деректер базасына қосылуына және қор, тізімдеме, құжат деңгейіндегі ақпараттар алуына мүмкіндік береді.
Биылғы жылы Архивтің оқу залына онлайн қолжетімділік ұсыну арқылы зерттеушілердің ең түкпірдегі жұмыстарға араласу мүмкіндігі қолданысқа енгізілетін болады. 2021 жылы Архив тағы да 160 мың істі цифрлы форматқа көшіруді жоспарлап отыр.
Іс-шара соңында қатысушылар Президент Архивіндегі цифрлау үдерісінің барысымен танысты.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ