Биылғы жылдың басында Президенттің ел халқына арнаған Үндеуі мен Жолдауы үлкен қызығушылық тудырған болатын. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі, Елбасының Жолдауы жұртшылық тарапынан қызу талқыланды. Менің пайымдауымша, бүгінде Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты көлемді бағдарламалық мақаласы да қоғамның үлкен қызығушылығын тудырып, пікірталастарға арқау болуда.
Осы мәселеге қатысты өз ұстанымды білдіре отырып, Президентіміз көтерген бірегей бастама алдағы уақытта бәсекеге қабілетті жаңа буынның қалыптасуына ықпалын тигізеді деп санаймын.
Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан жастардың жан-жақты дамуына толық жағдай жасалып отыр деп айта аламын. Жастар болашақта елді биік белестерге бастап, еліміздің халықаралық аренадағы орнын нығайта беретіні сөзсіз.
Президенттің бастамасын қолдай отырып, Қазақстандағы неміс жастарының атынан мемлекеттік тілдің латын әліпбиіне көшуін қолдайтынымызды айтқым келеді. Менің пікірімше, бұл өзгеріс шетелдіктердің мемлекеттік тілімізді үйренуге деген құлшынысын арттырады, себебі латын әліпбиі арқылы оларға қазақ тілін түсіну оңай болады. Қазіргі жастар ағылшын, неміс, француз және басқа да шет тілдерін еркін меңгергенін ескерсек, қазіргі кирилл әліпбиінен латын әліпбиіне өту қиындық тудырмайды. Жастар алға қойылған жаһандық міндеттерді іске асыруға атсалысуы тиіс деп санаймын.
Артур БАРТЕЛЬ,
Қазақстандағы Неміс жастары одағының төрағасы