Өңірдегі этнос өкілдерінің қаржылай демеуімен бой көтерген биіктігі 7,5 метр болатын монумент еңселі ғимаратпен бірге алдағы уақытта елді берекелі бірлікке ұйыстыратын маңызды іс-шаралар өтетін патриоттық алаңша ретінде ел игілігіне жұмыс істейтін болады. Бірлікті қалайтын қазақ елінің бауырмалдығын, қонақжайлығын, мейірімділігі мен досқа адалдығын бағалай білген, кезінде жүргізілген солақай саясаттың салдарынан ата-бабалары Қазақстанға күштеп қоныстандырылған этностардың өсіп-өнген ұрпақтары әрдайым Елбасы саясатын қолдап, ынтымақ-бірлікке сызат түспеуіне мүдделілік танытып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратының алдынан бой көтерген «Қазақ еліне мың алғыс!» монументінің бой көтеруі де өңіріміздегі түрлі ұлт пен ұлыстың Қазақ еліне деген кіршіксіз ризалығы мен ақеділ шынайы алғысының символдық көрінісі іспетті.
Монументтің ашылу салтанатында Мемлекет басшысы көп ұлтты мемлекетіміздегі ұлттар мен ұлыстар татулығы Тәуелсіз Қазақстанның басты байлықтарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, Елбасы жөндеуден өтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірдегі нысаны ретінде ішкі құрылымы толықтай өзгертілген ғимаратты аралап көрді. Облыстық бюджет қаржысы есебінен жөнделген 3 қабатты нысанда «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері мен өңірдегі этномәдени бірлестіктердің кеңселері, 800 орынға арналған көрермен залы бар. Сонымен бірге, мұнда түрлі үйірмелер мен жексенбілік мектептердің жұмыс істеуіне жағдай жасалған. Оңтүстік жұртшылығын берекелі бірлік пен ырысты ынтымаққа үндейтін іс-шаралар мен форумдар, кездесулер мен семинарлар осында өткізілетін болады. Өңірде 20 облыстық этномәдени бірлестік жұмыс істейді, олардың аудандар мен қалаларда 51 филиалы мен 17 жастар қанаты, 11 жексенбілік мектебі бар.
Салтанатты рәсімнен соң Мемлекет басшысының назарына этномәдени бірлестіктер өкілдерінің орындауындағы «Бірлігіміз жарасқан» деп аталатын музыкалық композиция ұсынылды.
Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жол» экономикалық саясаты мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспары ел дамуына оң ықпалын тигізіп келеді. Бұл орайда, Елбасы жыл басында Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында тек 2014-2016 жылдар аралығында экономиканы қолдауға қосымша 1,7 триллион теңге жұмсалғанын атап өткен болатын. «Мұның барлығы экономикалық өсімді және бизнесті қолдауға, 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді», делінген Жолдауда.
Елбасы тыныс-тіршілігімен танысқан Шымкенттегі алюминий профильдерін әзірлейтін «Gold Aluminum» ЖШС де осындай игі бағдарламалардың, инвестициялық саясаттың нәтижесінде өнімін көбейтіп, өрісін кеңейтуде. 2014 жылы индустрияландыру картасы аясында іске қосылған зауытта 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Елбасы ақпараттық стэндтер мен экспозициялық үлгілерді көріп, кәсіпорынның жұмыс жоспарлары жөнінде мәлімет алды.
«Жеке өндіріс ашып, импортталатын тауарлардың орнын басу – еліміздің экономикалық дамуының қазіргі кезеңіндегі маңызды міндеттің бірі», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ, Елбасы компания қызметкерлерімен әңгімелесіп, жұмыстарына табыс тіледі және кәсіби жетістіктерге жетуіне ниеттестігін білдірді.
Түрік инвесторларының қатысуымен құрылған «Gold Aluminum» ЖШС өткен жылы 750 тонна алюминий профильдерін шығарып, оның 20 пайызын Ресей, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанға экспорттаған. Бүгінде компания қазақ-түрік индустриялық аймағында екінші зауыттың құрылысын жүргізуде. Жоба құны – 2,6 млрд теңге. Болашақта зауытта 50 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Қазіргі таңда Қазақстан нарығындағы алюминий профильдерінің көлемі 50 мың тонна болса, оның 25 мың тоннасы Қытай мен Ресейден, Өзбекстан мен Түркиядан импортталады екен. Аталған кәсіпорын импорт үлесін азайту мақсатында бәсекеге қабілетті өнім түрлерін көбейтпек.
Ауыл шаруашылығы саласы – Оңтүстік Қазақстан облысы экономикасының негізгі бағыты. Яғни, бұл сала бойынша ауыз толтырып айтарлық жұмыстар мен қолға алынған бастамалар көп. Осы орайда, Мемлекет басшысына Сайрам ауданындағы «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС-нің дала қосында облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері баяндалып, ауылшаруашылық өнімдерінің көрмесі ұсынылды.
«Бұдан 10-15 жыл бұрын өзіміз осындай алуан түрлі өнім өндіреміз деп ойлап па едік? Ал бүгін ол шындыққа айналды», – деді Елбасы көрмеге қойылған отандық өнімдерді аралау барысында. «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында ел Президенті аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керектігін, еліміздегі агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор екендігін айтты. Оңтүстік Қазақстан облысына келген сапарының бірінде «Шағын және орта кәсіпті өркендетуді Оңтүстіктен үйрену керек», деп үлкен сенім білдірген еді. Тумысынан еңбекке бейім, ырыздығын маңдай терімен тауып жүрген облыс диқандары мен шаруалары расында агрошаруашылығында үлкен табыстарға қол жеткізіп келеді.
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев баяндама жасап, ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерге тоқталды. Мәселен, қаңтар-наурыз айларына ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 64,4 млрд теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7,9 млрд теңгеге артты. Тек, жылыжайлардың өзі 1 142 гектарға жетіп, республикадағы үлесі 80 пайызды бағындыруы мұндағы жұмыстардың қарқынды жүріп жатқандығын байқатады.
«Сіздің тапсырмаларыңызға қатысты арнайы сараптама жүргізіп, проблемаларды шешудің жолдарын анықтаудамыз. Біздің облысымызда бұл мәселелерді шешудің басты жолдары – өңіріміздегі халықтың орналасу тығыздығын ескере отырып, адами капиталдың сапасын арттыру; ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту мүмкіндіктерін толығынан пайдалану; туризм саласын дамытып, қосымша жұмыс орындарын ашу. Бюджет қаржысын тиімді пайдалануға және қосымша кіріс көздерін анықтауға қатысты тиісті шаралар, сонымен қатар, мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетігін қолдану жұмыстары жүргізіледі. Жұмыссыздық деңгейін төмендету, кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 21 192 адамға әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді. Жалпы 3 330 жұмыс орны құрылды», – деді облыс әкімі. Сондай-ақ, Ж.Түймебаев егістікті әртараптандыру, тамшылатып суару және мал шаруашылығындағы көрсеткіштер бойынша деректер келтірді.
Облыс әкімдігінің күш салуының, жұмысты дұрыс ұйымдастыруының арқасында ауыл шаруашылығы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы республикада көш бастап келеді.
Мемлекет басшысы аталған бау шаруашылығында өңірдің зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, жақында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жайында пікірлесті. Елбасы кездесуде өңірдің бірегей тарихына және мәдени ерекшелігіне тоқталды. «Оңтүстік Қазақстан – қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өлке. Бұл – абыздар мен әулиелердің қасиеті дарыған, Қожа Ахмет Ясауи мен әл-Фарабидің ізі қалған, көне мәдени мұраға бай киелі жер. Қазір бұл өңірде бүкіл ел халқының 16%-ы тұрады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті оңтүстік өңірдің тарихын тұтас Қазақстанның тарихы деуге болатынын атап өтті. «Оңтүстік Қазақстан облысының өзінде 800-ден астам тарихи-мәдени ескерткіш бар. Әлемге әйгілі жәдігерлеріміздің көпшілігі осында. Түркістан, Отырар, Сайрам, Сауран қалалары, Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан баб кесенелері – біздің мақтанышымыз. Осындағы әрбір төбе мен қырқаның, өзен мен көлдің аттары – тұнып тұрған тарих. Мәртөбе, Күлтөбе және Ордабасы – халқымыздың сақталуына әсер еткен қазақтың бірлігі мен тұтастығының қасиетті символы. Біз осының бәрін ұрпақтың санасына сіңіруіміз керек. Жастарды патриотизмге, отаншылдыққа, туған жерді сүюге баулу қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев елде үштілділікті толыққанды енгізудің өзектілігіне тағы да тоқталып, әліпбиді ауыстыруға қатысты күмәнді сейілтті. «Ағылшын тілін оқытуды жандандыру қажет, ол іскерлік ортаның барлық саласында қолданылатын болады. Бұл – заман талабы, тек бізге байланысты емес», – деді Елбасы. Әлемдегі сән-салтанаты келіскен, экономикалық қиындықтардан мойны босаған, халқының әлеуеті жоғары 30 елдің қатарына қосылу – біздің мемлекетіміздің стратегиялық басты бағыты. Осыны айтқан облыстың зиялы қауымы Мемлекет басшысының «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніміз құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», деген салиқалы пікірі тұрғысында өз ойларын айтты.
Мысалы, жазушы Мархабат Байғұт Елбасы мақаласындағы прагматизмге тоқталып, қанағат, ұстамдылық мәселесі өте орынды көтерілгенін, Оңтүстікте ысырапшылдықтың барын білдірді. Ал кәсіпкер Серікжан Сейітжанов еліміздің ширек ғасырда жеткен жетістіктерін Елбасы еңбегімен байланыстырды. Кәсіпкер 2010 жылы «Стандарт» цемент зауытын ашқанын, енді алдағы уақытта еуропалық талаптарға жауап бере алатын мұнай өнімдерін шығаратын «Стандарт нефтехим» зауытын салатынын жеткізді. Сондай-ақ, кездесуде сөз алғандар ата-бабадан мирас болып қалған ізгі қасиеттерді, ұлттық рухты, ұлттық болмысты қайта түлету туралы ойларымен бөлісті. «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің өзегіне айналатындығына сенімдерін білдірді. Ал ол өз кезегінде Отанды шексіз сүю деген шынайы сезіммен қабысады.
Кездесуді қорытындылаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев облыс бюджетінің бестен бірі ғана өзіндік табыс, қалған 80 пайызы дотация екенін еске салды. Облыстың ауыл шаруашылығында жаңалық көптігін, енгізіліп жатқан жылыжай, тамшылатып суару әдістерін ұлғайта түсу қажеттігін атап өткен Елбасы бизнеске әрдайым қолдау көрсетуді тапсырды.
Осындай емен-жарқын сырласудан соң Мемлекет басшысы «DALA-FRUIT.KZ» серіктестігінде атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған серіктестікте бастапқыда 83 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, компания жұмысын бастаған үш жылда оның саны 277 адамға жеткен. «Агробизнес-2020» және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары арқылы жеңілдетілген несиенің есебінен 400 млн теңге алған серіктестік басшылығы жұмысты дұрыс жолға қойып, бүгінгі таңда қазынаға 607 млн теңге салық, жұмысшыларға 705 млн теңге айлық төлеп отыр. Жалпы көлемі 106,5 гектар болатын «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС-нің бауына 215 мың түптен астам жеміс ағаштары егілген. Мұнда алманың «Гренни», «Смит», «Фуджи», «Голден-делишес», «Гала», «Айдеред», алхоры мен шиенің «Стенлей» атты шетелдік сұрыптарын кездестіруге болады. Яғни, мұндағы 1 гектар жерге шамамен 2 500 түп ағаш көшеті қондырылған. Заманауи техникамен жабдықталған бау тамшылатып суару жүйесі арқылы нәр алады.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көбеюіне байланысты серіктестік жиналған өнімді ұзақ уақыт сақтауды қолға алды. Биыл осы мақсатта ауа температурасын реттеу жүйесі бар 15 мың тонналық жаңа қойма іске қосылды. Онда ауа реттегіш тоңазытқыштар, жемістерді сұрыптау мен жүк көліктерінің бірнеше түрлері бар. Шетелдік озық технологиялармен жұмыс істейтін қойма жемістердің сапасы мен табиғилығын ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік береді. Сөз орайы келгенде айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысында интенсивті бау шаруашылығын қарқынды дамыту жұмыстары қолға жақсы алынған. Облыста жеміс-жидек ағаштары алқаптарының көлемі 19,5 мың гектар болса, оның 2 мың гектары интенсивті бауларға жатады. Өңір шаруалары осы жылы аймақта 1,5 мың гектар жерге интенсивті бау тәсілімен көшеттер отырғызып, осындай баулардың жалпы көлемін 3,5 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отыр. Бүгінгі күні интенсивті баулармен өңірде 15 агроқұрылым айналысады.
Бақтияр Тайжан,
Ғалымжан Елшібай,
«Егемен Қазақстан».
Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды.