Аймақтар • 28 Сәуір, 2017

Жауынгерлер үздік нәтиже көрсетті

345 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Семейдегі «Шығыс» жалпы әскери полигонында Қа­зақстан Ұлттық ұланының «Шығыс» өңірлік қол­бас­шылығы мен Қорғаныс министрлігінің «Шы­­ғыс» өңірлік қолбасшылығының ұжымдары бір­лескен түрде далалық оқу-жаттығу жиындарын өткізді.

Жауынгерлер үздік нәтиже көрсетті

Жиынға Семей, Павлодар, Өскемен, Курчатов қала­ларын­дағы әскери бөлімдердің жауынгерлері қатысты. Олар радиациялық, химиялық, биологиялық қорғаныс мәселелері бойынша сынға түсті.

– Әрине, далада жаттығу жұмыстарын өткізу оңай болмады, – дейді Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбас­шы­лығы баспасөз қызметінің жетекшісі Бағдат Амангелді.  – Ауа райы тосын мінез танытса да жауынгерлер талап үдесінен шыға білді. Оқу бағдарламасы толық орындалды деп айта аламыз. Далада әскери қызметкерлер әскери техника мен қару-жарақтарды, жеке құрамды түрлі радиациялық, химиялық, биологиялық қалдықтардан тазартты. Және осындай қауіпті заттардың қай жерде бар екендігін де анықтай алды.

Полигондағы жаттығу жұмыстары аяқталған соң, қорытынды есептері тапсырылды. Сондай-ақ, Қорғаныс министрлігі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығындағы радиа­циялық, химиялық, биологиялық (РХБ) қорға­нысы қыз­метінің басшысы, полковник Қайрат Тұрғынбеков пен Ұлттық ұланның «Шығыс» аймақтық қол­бас­шы­лы­ғындағы РХБ қорғанысы қызметінің же­тек­шісі, подпол­ковник Абай Қасенов оқу-жаттығу жұ­мыс­тарының нәтижесі бойынша эстафета өткізді.

– Мен бірінші рет РХБ қорғанысы дегеннің не екендігін тәжірибе барысында көрдім, себебі осындай далалық полигон жұмыстарына тұңғыш рет қатысуым, – дейді Ұлттық ұланның «Шығыс» аймақтық қолбасшылығының 6679 әскери бөліміндегі РХБ қорғанысы қызметінде дозиметрші-маман, қатардағы жауынгер Мирас Қалиев. – Алдағы уақытта осы Ұлттық ұлан мен өңірлік қолбасшылық бірігіп, түрлі апатты жағдай орын алған жерлер болса, сондай қауіпті аймақтардағы радиа­ция­лық, химиялық, биологиялық зиянды заттарды қауіп­сіз­дендіріп, тазартуға мүмкіндіктері бар деп ойлаймын.

– Біздің осындай жұмыстарымыз мамандарымыздың кәсібилігін арттыруға көмектеседі деп ойлаймыз, – дейді Ұлттық ұланның «Шығыс» аймақтық қол­бас­­шылығындағы РХБ қорғанысы қызметінің жетек­шісі, подполковник Абай Қасенов. Полигондағы жатты­ғу­лар­дың нәтижесінде Ұлт­­тық ұланның «Шығыс» өңірлік қол­басшылығы бірінші орынды жеңіп алды.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА

СЕМЕЙ


Соңғы жаңалықтар