Фестивальға қатысқан 10 театрдың арасында Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театры да болды. Баянауылдық Жұмат Шанин еліміздің тұңғыш ұлт театрының негізін салды. Шымкенттің қазақ драма театрына 1972 жылы оның есімі берілгенін де білеміз. Фестиваль ұйымдастырушылары да осынау тұғыры биік тұлғаның жерлестеріне лайықты құрмет білдіріпті. Атап өтерлік тағы бір ерекшелік – бұл бәйгеде Шанин шығармаларын сахналаған да жалғыз осы Аймауытов театрының ұжымы болып шықты. Театр ұжымы белгілі режиссер, марқұм Жанат Хаджиев сахналаған Ж.Шаниннің «Арқалық батыр» тарихи драмасын көрсетті. Жалпы, Шаниннің халық жыры негізінде жазылған «Арқалық батыры» өте күрделі қойылым, кезінде Шаниннің өзі Арқалық батырдың рөлін орындағаны белгілі.
Айта кетейік, Арқалық батырдың бейнесін сомдаған Бекболат Оқасов Қасымхан Шанин атындағы арнайы жүлдені, Жұмахан Доспаев «Ұтымды бейне» аталымындағы сыйлықты иеленді. Тарихи драмада өмірлерін өнерге арнаған Сейітжан Тәжібаев, Бейбіт Шәнім, Жұмахан Досбай, Руслан Нығман, Кенжеғазы Қарымсақ, Талжібек Атамбек, Толқын Әбдіррахим сияқты талантты әртістер ойнады. Ал «Театр көктемі-2017» халықаралық фестивалінің бас жүлдесі У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясын сахналаған Астананың Жастар театрына берілді. Аймауытов театрының әртістері Түркістанға барып-қайтуларына қолдау көрсеткен белгілі теміржолшы, театр жанашыры Әби Сарқыншақов ағаларына алғыс айтуда.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР