Осынау мәдени шараға С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драма театрының труппасы да тыңғылықты дайындықпен барып, «Қасірет» психолологиялық драмасын сахналады. Қойылымды қазылар алқасы жоғары бағалап, «Ең үздік режиссерлік шешім» аталымына лайық деп тапты. Аталмыш спектакльдің премьерасын қызылжарлық көрермендер өте жылы қабылдаған еді. Енді міне, батыс өңірінде де ыстық ықыласқа, жылы ілтипатқа бөленді.
Жас режиссер Фархад Молдағали белгілі жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Нашақор туралы новелла» туындысының желісімен сахналаған спектакльдің негізгі идеясы – жастарды ғасырдың басты індетінен жирендіру, оның әр отбасына әкелетін қасірет-қайғысын ұғындыру. Көрерменді ойландыратын қойылымда уақыт кеңістігі, кейіпкерлердің мінез ерекшелігі, шығармадағы мәтін мен сахнадағы іс-әрекет әдемі үйлесім тапқан.
17 жылдық тарихы бар жас театрдың тың жетістіктері бұған дейін де халықаралық деңгейде атап өтілген болатын. Жеңісті жолдар жалғасы тоқталмақ емес.
Балжан БЕКМАҒАМБЕТОВА,
С.Мұқанов атындағы қазақ музыкалық драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі
Солтүстік Қазақстан облысы